Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасы банк баспана кезегінде тұрған Семей тұрғындарынан 11 қыркүйектен бастап өтініш қабылдайды

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген ипотеканың басым бөлігі "Отбасы банк" арқылы беріледі. Қаржы құрылымы бұл қызметін жақында бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында да іске асыруын жалғастармақ. Құжатқа сай, мемлекеттік бағдарламалардың қатысушылары жылжымайтын мүлік құрылысы аяқталған, белгілі бір аймақтағы нақты тұрғын үйді таңдайтын болады. Мәселен, Абай облысының тұрғындары үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегінен бастап otbasybank.kz порталы арқылы "2-10-20" және "5-10-20" бағдарламаларына өтініш жолдай алады. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

Әкімдікте кезекте тұрған азаматтар Отбасы банкке өтініш жолдауы керек. Осылайша жеңілдетілген шарттармен заем алып, баспаның кілтіне ие бола алады. 

"Отбасы банк" АҚ Абай облыстық филиалы Бизнесті дамыту бөлімінің маманы Арман Жұмагелдіұлының сөзінше, 2020-2022 жылдары қабылданған "Бақытты отбасы" мемлекеттік бағдарламасы бүгінде күшін жойған. Есесіне оның орнына Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған. 
Азаматтарға 10% басталатын алғашқы жарна болған жағдайда, несиелер жылдық 2% және 5% мөлшерлемемен (ЖТСМ 2% және 5,2% бастап сәйкесінше) беріледі. Заемды 20 жылға дейін рәсімдеуге болады.

Семей қалалық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақмарал Нұрланқызы мемлекеттік тұрғын үй қорынан Семей қаласы бойынша 14 мыңға жуық отбасы баспана кезегінде тұрғанын айтады.  

"Үй кезегінде тұрғандардың 1273-і – I және II топтағы ерекше қажеттілігі бар жандар. Ал мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылары саны 553, жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған балалар – 1798. Сондай-ақ 1500-ге жуық көп балалы отбасы бар", - дейді маман. 

Тұжырымдама аясында бағдарламаға қатыса алатын азаматтар: әкімдік кезегінде тұрған көп балалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар.

Баспана кезегінде тұрған, бірақ бұл санатқа жатпайтын азаматтар үшін де қуанышты жаңалық бар. Олар 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) мөлшерлемемен несие алуға өтініш бере алады.

Өтініштер биыл 11 қыркүйектен бастап, Отбасы банкінің otbasybank.kz порталында қабылданады. Ал төлем қабілеттілігін растау үшін соңғы 6 айдағы зейнетақы жарналары жарамды. 

Сонымен қатар заем алу барысында барлық санаттар үшін кіріске шектеу қойылмайды. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1-нен, яғни 2%-дық мөлшерлеме бойынша несие алу үшін 125 757 теңге және 3,7-ден, яғни 5%-дық мөлшерлеме бойынша несие үшін 150 098 теңге аспауы керек деген талап болған. Кірісі бұл сомадан шамалы ғана асып кеткеннің өзінде, бұл отбасылар үй алу мүмкіндігінен қағылатын. 

Айта кету керек, жеке кәсіпкерлер үшін өткен жылдың декларациясын ұсыну мүмкіндігі де қарастырылған. Егер өтініш беру кезінде кезекте тұрған азамат жұмыссыз болса, онда қосалқы қарыз алушы ретінде жұбайын немесе басқа жұмыс істейтін тұлғаларды көрсетуіне болады.
 Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтың кірісі жетпей қалса не табыс көзі болмаса, онда ол қосымша қарыз алушы ретінде: ата-анасын, асырап алған ата-анасын, асырап алған балаларын, бір ата-анадан туған және бір ата-анадан тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілерін, сондай-ақ атасы, әжесі, немерелерін тартуына болады. Қосалқы қарыз алушыға келесі талаптар қойылады: 

  • несие тарихының жақсы болуы;
  • тұрақты айлық кірісінің болуы.

Осы ретте Арман Жұмагелдіұлы үй алушының табыс мөлшерлемесі туралы анықтама талап етілмейтінін атап өтті.

Осылайша облыс бойынша баспана кезегінде тұрған 70 отбасы пәтер кілтіне ие болады. Әлеуметтік тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 200 000 теңгеден аспайды. Пәтерлер Абай арена және Назарбаев зияткерлік мектебі орналасқан Қарағайлы ауданынан және соған жақын орналасқан тұрғын үйлерден берілмек.

Айта кетейік, соңғы төрт жылда Семейде "Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" бағдарламалары бойынша Отбасы банкінің қолдауымен 470 отбасы қоныс тойын тойлады. 

Талқылау