Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазғанда мыс тотияйыны қалай өндіріледі?

Ежелден металлургияның мекені саналатын Жезқазған өңірі пайдалы қазбаларға өте бай. Табиғатта сирек кездесетін металл түрлерін өңдеу мен одан сапалы өнім шығаруда мыс алыбы саналатын "Қазақмыс" корпорациясының Жезқазған аймағындағы құрылымдары табысты еңбек етіп келеді.

Міне, сондай кешеннің бірі – "Қазақмыс Смэлтинг " ЖШС-на қарасты Жезқазған мыс қорыту зауыты.  Металл балқымасын алу үшін мұнда бірнеше цехтардың жұмысы жолға қойылған. 
Ондағы өнімдер алыс және жақын шетелдер мен еліміздің ішкі нарығында  сұранысқа ие.  Балқыту, шихта дайындау, күкірт қышқылы мен мысты электролиздеу сынды төрт бірдей ірі құрылымнан тұратын зауытта  мыс тотияйыны да өндіріледі.

Бүгінгі таңда, аталмыш өнім түрін еліміздегі ірі ауыл шаруашылығымен шұғылданатын нысандар тапсырыспен алуда. Нұрсұлтан Оспанов басшылық жасайтын мысты электролиздеу цехында мыс тотияйыны телімі бар. Жақында, аталған телімнің жұмысын көзбен көріп, оны өндірудің жолдарымен танысып қайтқан болатынбыз.

Цех басшысы Нұрсұлтан Оспановтың айтуынша мыс тотияынының жазғы мезгілде 100 тоннасы, қыс мезгілінде 80 тоннасы өндіріліп, нарыққа шығарылады.

“Зауытта бірнеше элементтердің түрлерін мыс құрамынан айырып алу үдерісі жүреді. Мыс тотияйынын алудың да өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Бірнеше кезеңде жүзеге асатын үдеріс барысында, біз өнімнің сапасына ерекше мән береміз. Сапа бақылауынан өткен өнім түрі ғана тапсырыс берушіге жөнелтіледі”, – дейді цех басшысы.

Мысты электролиздеу цехының басшысымен сұхбаттасқаннан кейін, мыс тотияйыны телімінің шебері Гүлбақыт Қойшығаринаны әңгімеге тарттық.

Сөз етіп отырған телімде, 2012 жылдан бері еңбек ететін Гүлбақыт Қойшығарина мыс тотияйынын алу жолдарын бізге былайша түсіндірді.

“Техникалық регламент бойынша мыс тотияйынын алу жолы бізге электролиттің келуінен басталады. Оның құрамында  литрына  40-60 грам мыс қоспасы, 1350-180 грам күкірт қышқылы, 10-20 грам мышьяк сынды элементтер болады. Бұл өнімдер мысты электролиздеу цехынан алынады. Мыс тотияынын өндіру әуелі, электролиттік пеште қайнатылып, тұнбасын айырудан бастау алады. Қоспа, жаз мезгілінде 8-10 сағатта, қыста 4-6 сағатта 90-120 градуста қайнатылады.  Қайнатылған өнім арнайы кристализатор деген аппаратта суытылып, одан кейін, "Нучт-фильтр" деген апаратта сүзіліп алынады. Суытылғаннан кейін қоюын бір бөлек, сұйығын бір бөлек алу процесі жүзеге асады.  

Ұнтақ түрінде өндірілетіндіктен, біз өнімді барабанды пеште кептіреміз. Содан кейін,  өнімнің сапасына талдау жасалады. Талдаудан өткен соң,  өнім  арнайы қаптарға салынып, дайын өнімдер цехына жөнелтіледі. Ол жерде техникалық бақылау бөлімінің мамандары стандарт бойынша бақылау жүргізеді. Автоматтандырылған жүйеде мыс тотияйынын алу  осылай жүзеге асады. Біз, өз тұтынушыларымыздың дер кезінде сапалы өніммен қамтылуына  ықпал етіп отырмыз”, – дейді Гүлбақыт Қойшығарина. 

Бізді зауыт басқармасының ғимаратынан күтіп алып, жол көрсеткен мыс тотияйыны телімінің сулы ертінділерді электролиздеушісі Азамат Тобағабылов атшаптырым аумақты алып жатқан телімнің өнім өндіру алаңына алып барды.  Оның бұл телімде жұмыс жасағанына – 10 жыл. Мыс тотияйынының алыну үдерісін жаңылмай атай алатын маманның тәжірибесінен көп жағдайға қанықтық. 

Телім шебері Гүлбақыт Қойшығарина түсіндіріп берген қайнату, сүзу, кептіру сынды үдерістерді атқаратын аппараттардың тілін жақсы меңгерген Азамат Тобағабылов:

“Мыс тотияйынын алу өзге өнімдер тәрізді  белгілі бір мерзімде жүзеге асады.Ол үшін телімде арнайы аппараттар қойылған. Әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметтері бар. Элементтер қосылғаннан кейін, олар арнайы пеште қайнатылып, суытылады, кептіріледі. Ұнтақ дайын болғанға дейін сапасы бірнеше мәрте сараланады. Біздің бұл өнімді қазіргі таңда "Казцинк", "Масалев", "Оазис", "Глиссад" сынды ірі кәсіпорындар ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланады. Дайын өнімдер партия легімен жөнелтіледі. Бір партияда 5 тонна мыс тотияйыны тапсырыс берушіге жіберіледі. Бұрындары жоғарғы сападағы мыс тотияйыны да осы телімде дайындалған. Ол тек медициналық бағытта пайдаланылған. Кейіннен жоғарғы сұрыптағы тотияйын өндіру тоқтатылған”, – дейді Азамат Тобағабылов.

Мыс тотияйыны телімінде Бәкір Дүйсековтің бригадасы өндірістік үдерісті жіті бақылап, сапалы өнім шығаруға атсалысып отыр. Оның бригадасында 20 адам бар. Сулы ертінділерді электролиздеушілер мен аппаратшы-гидрометаллургтар мыс тотияйынын алуда шеберліктерімен көзге түсті.

Бәкір Дүйсековтің осы телімде еңбек еткеніне 29 жыл толыпты. Білікті бригадир өнім алудың жолдарын кейінгі буынға жалықпай үйретіп келеді.

“Мыс тотияйынын алу үдерісінде ең әуелі техникалық қауіпсіздік талаптары қатаң ескеріледі. Қауіпсіз еңбек жағдайы қалыптасқан кезде ғана сапалы өнім шығатынын бригаданың жігіттері жақсы бағамдай біледі.  Ауысым басталғаннан мыс тотияйынын дайындауға аса мұқияттылықпен кірісеміз. Әрбір кезеңде атқарылған жұмыс өнімнің сапалы шығуының кепілі” – , дейді Бәкір Дүйсеков.

Сарыарқаның сайын даласында жарты ғасырдан аса мыс балқытқан Жезқазған мыс қорыту зауытында сұранысқа ие мыс тотияйыны білікті де тәжірибелі мамандардың іскерлігінің арқасында өз тұтынушыларына жол тартуда.

Ізденіс пен шыдамдылықты ту еткен мыс тотияйынын өндірушілер  біз барғанда кезекті өнімнің партиясын нарыққа шығаруға дайындық үстінде екен. Ұйымшыл ұжымның берекелі  тірлігіне сәттілік тілеп қайттық. 

Талқылау