Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмір бойы ішкі істер органдарында жұмыс істеген Ахметжанов неге әкім болды – Саясаттанушылар кадрлық ауыс-түйіс туралы пікір білдірді

Соңғы күндері Қазақстан үкіметінде айтарлықтай кадрлық өзгерістер болды. Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа министрліктер құрып,  президент әкімшілігінің құрылымын ауыстырды. Бүгін бұрынғы екі министр Марат Ахметжанов пен Ербол Қарашөкеев әкім болып тағайындалған еді. Әсіресе өмір бойы күштік құрылымдарда қызмет еткен Марат Ахметжановтың Ақмола облысына басшы болып тағайындалғаны көпшіліктің ашуын тудырды. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі кадрлық ауыс-түйіс жайында саясаттанушылардың пікірін сұрап көрді. 

Айта кетсек, бүгін кадрлық ауыс-түйіс жалғасын тауып, Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Бірер күн бұрын Ішкі істер министрі лауазымынан босатылған Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев енді Жамбыл облысын басқарады. Әлеуметтік желі қолданушылары Марат Ахметжановтың әкім болуына наразылықтарын білдірді. Ол бұған дейін бас прокурор орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, ішкі істер министрі қызметтерін атқарған.

“Мен бұл жерде қандай логика барын түсіне алмаймын. Бұрынғы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл аймақ қандай да бір бере салатын жүлде ме? Ішкі істер министрі – бұл Ішкі істер министрі, шаруашылық меңгерушісі емес, қауіпсіздік қызметкері. Ал аймақ полк немесе армия емес, бұл жерде тұрғындар тұрады. Олар тәжірибе жасайтын құрал ма? Ақмола облысы әкім мен шериф бірдей болатындай қылмыс әлемінің ортасы ма еді?” – деп жазды журналист Денис Кривошеев. 

Журналистің сөзін саясаттанушы Дос Көшім де қолдап отыр. Оның ойынша, бүтіндей бір облысты басқаратын адамның ең алдымен әлеуметтік, экономикалық бағытта жұмыс тәжірибесі болуы керек. 

“Президент бір жиында әрбір адам өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі керек деп өте тамаша сын айтқан еді. Осы сынынан кейін бұндай тағайындаулар болуының өзі ыңғайсыз. Өйткені міндетті түрде облыс басқаратын адамдар экономикалық, әлеуметтік бағытта жұмыс істеуі керек. Кезіндегі Сапарбаев, қазіргі Ноғаев сияқты басқаратын жерінің әлеуметтік мәселелерін жақсы білетін маман болғаны жөн. Ал бізде билікке барған адамдар биліктің кез келген қызметіне, лауазымына жіберіле береді. Себебі, ол – орындаушы. Өзі еш нәрсе ойлап таппайды, бағдарлама жасамайды. Маман есебінде белгілі бір мәселені жақсартудың жолдарын іздемейді. Олар мемлекеттік биліктің бағытын ұстанса болды. Өзінен жоғары тұрған лауазымды қызметтегі адамдардың айтқанынан шықпайды. Мені ойландыратын ең басты дүние – белгілі бір қызметке барған шенеуніктердің: “Кешіріңіз, мен бұл бағытта жұмыс істеген жоқпын. Күштік құрылымның адаммымын. Ол жаққа бара алмаймын”, – деп айтпауы. Бұл – қорқынышты дүние. Адам өзі білмейтін жаққа барып жұмыс істеуге дайынмын дегені – сол облысқа үлкен мәселе тудырары сөзсіз”, – дейді саясаттанушы. 

“Ахметжановтың әкім болып тағайындалуына таңғалудың қажеті жоқ”

Ал оның әріптесі Ғазиз Әбішев кадрлық тағайындауларды дұрыс не бұрыс деп айту қиын дейді. Саяси салада тағайындаулар біреудің нанымына тәуелді болмайтын саяси шешімдерге байланысты жүзеге асырылады.

“Ахметжанов бойынша таңғалудың қажеті жоқ. 10 жыл бұрын дәл сол сияқты Қайрат Қожамжаровты қаржы полициясының төрағасы қызметін атқарып жүрген жерінен Ақмола облысының әкімі етіп тағайындаған. Сондай-ақ Жақсыбеков пен екі Ахметов Қорғаныс министрлері болған. Бұл жерде ешқандай да соқыр сенім жоқ.  Өз басым Ахметжанов бір нәрсені бүлдіреді деп ойламаймын. Елорданың айналасын одан әрі көркейтіп, шаруашылық тәжірибе жинайды деп үміттенемін. Ал Қарашөкеев құрғақшылықтан аман қалған шаруалардың жағдайын түзетуге тырасатыны сөзсіз”, – дейді ол. 

Сондай-ақ ол кадрлық ауыс-түйіс туралы не ойлайтынын айта кетті. 

“Менің ойымша, кадрлық ауыс-түйіс революциялық емес, техникалық өзгеріс. Жаңа министрліктер құру –  орта мерзімді жағдайға байланысты пайда болған техникалық мәселе. Бұл жағдайлар елдің дамуына қатты әсер етпейді. Экономиканың дамуы – үкімет басшыларына және олардың бағдарламаларды жүзеге асыру қабілетіне байланысты”, – дейді саясаттанушы. 

“Жас министрлер бұрынғы министрлерден айырмашылығы жоғын көрсетті”

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев кадрлық ауыс-түйістерді қаншалықты сынағанымызбен, кімді әкім, кімді министр қылып тағайындайтынын заң бойынша тек президент шешетінін еске салды. 

“Министрді – әкім, әкімді министр етіп тағайындау кадр тапшылығы мәселесі барын көрсетеді. Футболда қосалқы құрам болады ғой. Бізде ондай құрам жоқ. Тіпті кеше болған министрді бір-екі жылдан кейін қайтып орнына әкеп қоя саламыз. Мәселен, Балаева бұған дейін ақпарат министрі болған. Орнына қайтып келді. Сол сияқты Светлана Жақыпова да бұған дейін еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі болған. Енді министр болып отыр”, – дейді ол. 

Оның сөзінше, жаңа кадр дайындау адамдарды саяси сахнаға шығару керек. Ол үшін жаңа партиялар құрылуы керек.

“Бізде жүйе сондай.  Жастарды әкелу керек деп жатамыз. Бізге екі жас министр келді. Қолдарынан келгендерін көрсетуге мүмкіндік болды. Мысалы, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов көзбояушылық әрекеттері арқылы бұрынғы министрлерден еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті. Ал экология министрі болған Зульфия Сүлейменоваға барлық ауыртпашылық жүктеліп, ол да өзін дұрыс көрсетпеді. Сол үшін дарынды, талантты азаматтарға жол ашылуы керек. Ол үшін саяси сайыс керек. Ал бізде ондай қалыптаспаған”, – дейді ол.

“Президент олардың бір орында ұзақ отырғанын қаламайды”

Сонымен қатар политолог Бурихан Нұрмұхамедов қазір кадр тағайындауда жаңа тәсіл жүзеге асырылып жатыр деп ойлайды. 

“Кадр саясатының мақсаты – жылдам түрде ауыстыру. Президент олардың бір жерде ұзақ отырмай, өз жұмысын басқа салада көрсетуін қалап отыр деп ойлаймын. Қазір негізінен жұмыс істеп жатқан адамдар бір-бірін ауыстырып жатыр. Меніңше, олар – аса бір қателік жібермеген мамандар. Сондай-ақ қазір президент орта жастағы адамдарды билікке тиімді деп санайды. Себебі, олардың көбі 50-ден асқан адамдар. Облыстардағы тәжірибесін, біліктілігін министрліктерде көрсетсін деген ойы да бар шығар. Бір жағынан, Украина мен Ресейдің жағдайын көріп отырмыз. Соған орай қорғаныс саласында қызмет ететін басшыларды да ұстап отырған болар деген де ой келеді”, – дейді ол. 

Талқылау