"Ұлт-араздық қақтығысты қоздыру деді": Алматылық журналист "Немо" дельфинарийінде қазақ тілінде қойылым жоқ екеніне шамданды
Қазақстандық журналист Жазира Байдалы Алматыдағы Немо дельфинарийінде қазақ тілінде бағдарламаның жоқ екенін айтып, шамданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық журналист дельфинарийде қазақ тілінде ақпарат ала алмағанына наразы. Айтуынша, 2 қыркүйек күні ол бір топ адаммен дельфинарийге барған кезде қойылым орыс тілінде өткен. Әрі барлығы орысша өтетінін алдын ала ескертпеген.
“11 адам болып "Немо" дельфинарийіне бардық. Қойылымның басында 10 минут бойы сахна артынан орысша мәтін оқылды. Сосын екі итбалықпен тренер ортаға шыққан кезде де дыбыстық сүйемелдеме орысша болды. 20-25 минуттан кейін сыртқа шығып, бағдарламаның неге орыс тілінде екенін сұрадым. Билетімді көрсетіп, ақшаны қайтаруды талап еттім”, – деді Жазира Байдалы Stan.kz тілшісіне.
Басшылық ақшаны қайтармаған. Кейін 2GIS қосымшасында тұрғын сауалын қайта қойып, шағымын айтқан. Бұған компания қазақ тілі орыс тілімен бірдей деңгейде екенін және мұндай сауал ұлт-араздық қақтығыс тудыратынын мәлімдеді.
“Қойылым қазақ тілін пайдалана отырып, орыс тілінде өтеді”, – деп жауап берді “Немо” бұл пікірлерге.
Stan.kz сауалына компания пікірді кейінірек беретінін және бұл сұрақтармен адвокаттар жұмыс істеп жатқанын айтты.