Алматыда он жастағы баланың аяғына 20 сантиметрлік темір кіріп кетті
Алматыда баланың аяғын темір істік тесіп кетті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала қоршаудан асып түспек болғанда аяғы 20 сантиметрлік істікке ілініп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығының хирургтері балаға шұғыл ота жасады. Істік темір баланың оң жамбасын жарақаттаған. Ата-анасының айтуынша, жасөспірім көрші ауланың қоршауынан өтпек болғанда, істік аяғына кіріп кетіп, басымен төмен қарай ілініп қалған.
"Қабылдау бөлімінде хирург, травматолог және анестезиолог шұғыл тексеріп, емханаға жатқызылды. Ота жасау тактикасы анықталды. Хирургтардың алдында аяқтан бөгде денені алып тастау ғана емес, сонымен қатар маңызды тамырларды зақымданудан қорғау міндеті тұрды. Олар өте мұқият әрекет етіп, істікті алып шықты. Біз міндетімізді орындадық деп санаймыз. Отадан кейінгі бірінші тәулікте науқас өзін жақсы сезінеді. Жағдайы қанағаттанарлық. Жақын арада бала мектепке барады деп ойлаймын", – деді Алматы қалалық балаларға арналған жедел медициналық көмек орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.
Дәрігер баланың көп ұзамай мектепке өз бетімен бара алатынын айтты.