Батыс Қазақстан облысына тұрғын үйлер ерекше құрылыс материалымен салынады
Батыс Қазақстан облысына тұрғын үйлер ерекше құрылыс материалымен салынады. Өңірде биыл шағын кәсіпкерлікпен айналысуға 138 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың сөзінше, жоба 2020 жылы мақұлданған.
“2020 жылдан бастап бағдарлама талаптарына сәйкес бір шағын кәсіпкерлік субъектісі үшін мемлекеттік грант сомасы 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы жылы жобаға мемлекеттік гранттар беру үшін 138 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 39 миллион теңгені жас кәсіпкерлерді қолдауға бағыттап отырмыз.
Мемлекеттік гранттарды алуға 2020 жылы жалпы сомасы – 1 миллиард 24,2 млн теңгеге 236 өтінім берілді. Оның ішінде 247 миллион теңгеге 58 кәсіпкер мемлекеттен қолдау алды. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер үшін мемлекеттік гранттар алуға жалпы сомасы 617,7 миллион теңгеге 140 өтінім берілді. Оның ішінде 89 миллион теңгеге 22 жас кәсіпкер мемлекеттен қолдау алған”, – дейді Нұржан Өтепбаев.
Сөзінше, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2020 жылы жаңа бизнес идеяларға арналған мемлекеттік гранттар құралы бойынша Орал қаласында 5 миллион теңге сомасына арболит блоктарын өндіру жөніндегі жоба қолдау тапты.
“Бұл жоба басқа жақта әлі қайталанбаған және сәтті жүзеге асырылды”, – дейді ол.
Гранттық қаражатқа кәсіпкер Мирас Рамазанов арболит блоктарын шығаратын жабдықты сатып алып, 2021 жылы өндірісті іске қосты. Жоба аясында 2 және одан да көп жаңа жұмыс орындары құрылды.
“Dream House Construction Group “ компаниясының директоры Мирас Рамазановтың айтуынша, 2021 жылдан бастап кәсіп ашқан.
“Арболит блок дегеніміз – 90 % ағаштан, 10% M-500 маркалы цементімен және сульфат алюминиймен жасалады. Сульфат алюминийдің адамға ешқандай зияны жоқ. Тамақ өнеркәсібінде қолданатын химиялық зат. Ағашты бірінші сульфат алюминий қосу арқылы залалсыздандырамыз. Ағашта қант болатыны белгілі. Сол үшін де құрт құмысқалар онымен қоректенгіш. Сол себепті шыбын-шіркей, құрт-құмысқалар үйір болмас үшін сульфат алюминийдің ерітіндісімен залалсыздандырып, цемент қосу арқылы нығыздап, шығарамыз. Бұл материал өте жылы. Температураны жақсы ұстайды. Үйдің іші тымырсық болмайды, ауасы кең болады. Құрт-құмырсқа, жәндік, тышқан жоламайды, көгермейді , ылғалды бойына ұстамайды. Ешқашан опырылмайды. Дыбыс изоляциясы жақсы сақталады. Үш қабатқа дейін үй салуға болады. Қазіргі таңда бұл материалмен 50 шақты үй салынды. Бүгінде Орал қаласында, Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында және Ақтөбе қаласы мен Қызылорда облысында сатылды. БҚО-дағы Қаратөбе ауданында мешіт салынды. Cалынған құрылыстар бойынша ешқандай шағым естіп жатқан жоқпыз”, – дейді Мирас Рамазанов.
Оның айтуынша, ауданы 10х10 метр тұрғын үй құрылысына 800 арболит блогы (шағын үйлерге 500-600 блок) керек.
“Бұл өнімнің артықшылығы неде десек, ол әдеттегі кірпіштен екі есе жеңіл, қалағанда түзу болып шығады. Үйдің қалыңдығы 30 сантиметр болатын арболиттің қабырғасы 120 сантиметрлік кірпіш қабырға секілді жылуды рәсуа етпей сақтайды. Қазіргі кезде жеке үй құрылысында кеңінен пайдаланылып жүрген газ блок материалының бағасына қарағанда сәл-пәл қымбаттау. Өйткені газ блоктан салынған жаңа үйдің іргетасы жерге шөккен кезде, газ блок морт сынуы, жарылуы ықтимал. Ал арболит блогы мығым, жарылмайды әрі отқа жанбайды”, – дейді ол.