Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеншілер маскүнем емес: Сәтбаев қаласындағы блогер жұмысшылардың бос уақытында немен айналысатынын көрсетті

Кеншілер айлығын ішімдікке жұмсайды ма? Бұл сауал көпшілік көкейінде "Обожаю" бағдарламасының жүргізушісі Асхат Ниязовтың өздерін кеншімін деп таныстырған мас адамдармен сұхбатынан соң туындады. Осыдан кейін блогер Дәулет Прлепесов Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын кеншілердің шын мәнінде бос уақытын қалай өткізетінін ашып көрсетті. Кадрларда ауыр жұмыс иелерінің бос уақытын алкогольге емес, денсаулық пен қоғамдық жұмыстарға арнайтыны көрсетілген.

Блогердің видеосы журналист Асхат Ниязовқа жауап ретінде түсірілген. Себебі ол өз бағдарламасында жалған ақпарат беріп, кеншілердің атына кір келтірген белгісіз мас адамдардан сұхбат алған. Ал сол оқиғаға байланысты көрермендер арасында жергілікті кеншілердің жұмыстан тыс уақыттарын қалай өткізетіні туралы қате түсінік қалыптасқан.

"Kazakhmys Maintenance Services" ЖШС №65 шахтасының жөндеушісі, қала белсендісі, футбол жанкүйері және блогер Дәулет Прлепесов өз қаласындағы кеншілердің көпшілігі ауыр ауысымнан кейін алкогольдің көмегімен күйзелістен арылтады деген мифті жоюға тырысты.

"Мен Асхатпен келіспеймін. Өз бағдарламасында ол үш ер адамнан сұхбат алды. Біріншіден, олардың барлығы мас, екіншіден, олардың шахтаға қатысы жоқ. Сол видеодан кейін көпшілік Сәтбаевтағы барлық кеншілерді жалақыларын ішуге жұмсайды деп ойлады. Бірақ олай емес. Біздің кеншілер спортпен, шығармашылықпен айналысады және қаланың мәдени өміріне араласады", - деді видео авторы.

Блогер жұмысшылар арасында тіпті кәсіби спортшылар, әзілкештер, волонтерлар, музыканттар, түрлі қалалық іс-шаралардың жүргізушілері бар екенін алға тартты. Бейнероликте олардың біреуі ән айтып, біреуі футбол ойнап, енді бірі мұқтаж жандарға көмектескені де бейнеленген.

"Мәселен, шахтаның инженері Жомарт Бейсен Мұхаммед-Рахым жұмыстан тыс уақытында музыка жазады. Батыс-Жезқазған кенішінің конвейер учаскесінің электр монтері Самат Жапаров кеншілер командасымен еліміздің әр өңіріндегі турнирлерге саяхаттап, әуесқой футбол ойнайды. Анненск кенішінің конвейер учаскесінің электр монтері Арұлан Құрманалиев греплингпен кәсіби түрде айналысады және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Анненск кенішіндегі учаске бастығының орынбасары Асылхан Талыпов әзілкеш ретінде танылып, командасымен бірге "Жайдарман" ойынында жақсы нәтиже көрсетуде. Ал Оңтүстік-Жезқазған кенішінің кеншісі Ертай Қожахмет мұқтаж жандарға қол ұшын береді" - деді блогер  Дәулет Прлепесов.

Блогер шығарылымда кеншілердің ар-намысына тиетін және мүлдем басқаша қырынан көрсеткенін айтады. Сол үшін өз блогында еңбек адамдарының абыройын қорғап, шын мәніндегі өмірін көрсеткен.

"Иә, Қазақстанның өзге қалаларындағыдай проблемалар Сәтбаевта да бар. Дегенмен  мен олардың барлығы жақын арада шешімін табатынына  сенімдімін", - деп қосты ол. 

Бейнероликте кеншілердің әрқайсысы өз өнерлерін көрсетеді. Біреуі ән айтады, біреуі футбол ойнайды, енді бірі мұқтаж жандарға көмектеседі .

Видео астындағы пікір жазушылар "Бауырым, сен үздіксің!", "Жарайсың", "Жарайсың, бәрін дұрыс көрсеттің",- деп авторды қолдап, алғыс білдірген.