Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында ұлттық жоба шеңберінде 7238 адам жұмысқа орналастырылды

Қарағанды облысында жастар саясатын іске асыруға 14 жастар ресурстық орталығының қызметі ықпал етеді. Осы жылдың 7 айында облыс бойынша 193 799 адамды қамтитын 2386 іс-шара өткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мәліметінше, балалар үйінің түлектері үшін жастар ресурстық орталығы психологтары мен заңгерлері консультациялар мен әдістемелік көмек көрсетеді. Осы жылдың 7 айы ішінде 187 заңгерлік және 234 психологиялық консультациялар өткізілді. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша – 3295, кәсіпкерлік мәселелері бойынша – 503, басқалары-1832 консультация жүргізілді. 

Сондай-ақ, жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,4%–ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайыздық тармаққа төмен (2022 жылғы 2 тоқсанында-4,3%). Республикалық көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа төмен (ҚР – 3,6%).

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жастар арасынан 11 141 адам өтініш білдірді, оның ішінде 7238 адам жұмысқа орналастырылды, жастар практикасына 294 адам жіберілді. 

Оның ішінде:

  •  "Алғашқы жұмыс орны" жобасына 183 адам жіберілді.;
  • "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына 11 адам.;
  • "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1805 адам жіберілді; 
  • әлеуметтік жұмыс орындарына-139 адам.;
  • қоғамдық жұмыстар-1239 адам.;
  • бос жұмыс орындарына  – 5372 адам орналастырылды. 

“Бұнымен қоса "Saran" индустриялық аймағының кәсіпорындарына ("KamaTyresKZ" ЖШС, "QazTehno" ЖШС) белсенді жұмысқа орналастыру жүргізілуде. Жұмыс берушілердің жоғары оқу орындары мен колледждердің соңғы курс студенттерімен тиісті мамандықтар бойынша кездесулері ұйымдастырылды. Саран қаласында орналасқан   кәсіпорындар туралы ақпараттық бейнероликтер түсірілді. Осы жылдың 17 мамырында Білім басқармасымен бірлесіп облыстың техникалық жоғары оқу орындары мен колледждерінің түлектерімен 500 адамды қамтыған кездесу өткізілді.  Сондай-ақ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп Саран қаласындағы кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылды”, – делінген басқарма мәліметінде.

Сонымен қоса жазғы демалыс кезінде "Жасыл ел" жобасы аясында 2980 адам қамтылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдер жұмыс жасақтарына қабылдау басымдығына ие. 

Қарағанды, Балқаш және Теміртау қалаларында студенттік құрылыс және педагогикалық жасақтарын құру жоспарлануда.
Жыл сайын жастардың бизнес жобаларын қолдауға мақсатты гранттар бөлінеді. Мәселен, 645,6 млн теңге сомасына 143 микрокредит, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы жастар үшін 53 грант берілді. 

Сондай-ақ, облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға гранттары бөлінеді. Бір гранттың сомасы 2 млн.теңгені құрайды, жалпы саны 50 грант (100 млн. теңге). Осыған ұқсас жобалар облыстың барлық қалалары мен аудандарында іске асырылуда. 2023 жылы гранттардың жоспарланған бюджеті 258,0 млн. теңгені құрайды (облыс – 100 млн., қалалар мен аудандар – 158,0 млн.)

Тағы да бір ерекше атап өтерлік жаңалық - облысымызда республика көлемінде алғашқы болып Жастар ресурстық орталықтары мамандарының жалақысы 70%-ға өсірілді. Демек, 2023 жылдың басынан бастап аталған мамандар (171 адам) жоғарылатылған жалақы алатын болады. 

Бүгінгі таңда көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие алған мамандардың жалпы санынан жастардың үлесі артып 92,1%-ды құрады. Бұл 35 жасқа дейінгі 139 маман (151 маманнан). 

Жастардың проблемалары мен қажеттіліктеріне негізделген іс-әрекеттің атаулы және өзекті болуына ерекше назар аударылады. Осыған байланысты, ұйымдаспаған жастармен жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту бағытында жұмыс істеу тұжырымдамасы әзірленді. Облыстың ұйымдастырылмаған жастарының жекелендірілген тізімін өзектендіру жүргізілуде.

Жалпы, аталған іс-шаралар өңірдегі жастар жұмыссыздығының деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.

“Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің тағы бір шарасы – студенттік жатақханаларды салу және қайта құру. 2025 жылға дейін облыс бойынша 1732 төсек-орынға арналған 9 жатақхана пайдалануға беріледі. Қарағанды облысында 2019 жылдан бері 582 төсек орынға арналған 6 жатақхана пайдалануға берілді. 

Бүгінгі таңда Қарағанды медицина университетінде 400 төсек-орындық жаңа жатақхананың құрылысы аяқталды. Аталған мәселе университеттегі жатақханадағы орындарға мұқтаждықты шешеді. Сонымен қатар, колледж ғимаратын ЖОО студенттеріне арналған 250 төсек-орындық жатақхана ретінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – дейді басқармадан. 

Сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, мемлекеттік тапсырыс механизмі аясында 500 төсек-орынға арналған жатақхана салуды жоспарлап отыр. 

Талқылау