"Жолаушыларды да, немерелерін де тасиды": Семейде 72 жастағы зейнеткер тігіншілігін тастап, таксист болуды ұйғарды
72 жастағы семейлік зейнеткер Бибігүл Оспанова жерлестерін қажетті жерлеріне тасып, таксист қызметін атқарады. Зейнеткер бұған дейін істеген тігіншілігін тастап, рульде отыруды құп көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бибігүл бұған дейін ауылда трактор комбайнын жүргізген. Алайда қалаға көшкен соң 40 жылдай тігінші болып еңбек еткен. Дегенмен демікпемен ауырғандықтан уақыт өте оған қоғамдық көлікпен жүру қиындаған екен.
"57 жасымда темір тұлпарды тізгіндеуге тура келді. Себебі саяжайымдағы жеміс-жидекті қоғамдық көлікпен тасу қиындық тудырды, әрі демікпем бар еді. Ақыры қиынға соғып кеткен соң, үш ай бойы жүргізушінің оқуын оқыдым. Сөйтіп, жүргізуші куәлігін алдым. Артынан көлік сатып алдым. Көлік тізгіндеуде қиындықтар жоқ емес. Қыста тайғақтарда байқап жүруге тура келеді, кейде жолда бұзылып қалатын кездері болады. Бұзылмас үшін саймандарын, майын ауыстырып отырамын", – деді Бибігүл Оспанова.
Қала тұрғындары таксист әжені құрметтейді. Бибігүл жол ережесін қатаң сақтайтынын жеткізді. Ол тіпті "Сергектің" камерасына түспеген, зейнеткерді полицейлер мазаламайтын да көрінеді.
Қазір үш баладан алты немере сүйіп отырған Бибігүл Оспанова бос уақытында жолаушыларды ғана емес, немерелерін де тасып жүретінін айтады.