Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаржылық қолдау, алаңдарды жаңарту, әлемдік тәжірибе": Қазақстан футбол федерациясына ФИФА және УЕФА-мен ынтымақтастық қалай әсер етуде

Қай салада болмасын тәжрибе алмасып, өзге мемлекеттермен ынтымақтастықта болу еліміз үшін үлкен маңызға ие. Осы тұста Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) әлемдегі ең ірі футбол ұйымдары – ФИФА және УЕФА-мен тығыз ынтымақтастық орнатудың нәтижелі пайдасын көруде. ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов бұл қарым-қатынастың саланы дамытуда тәжірибе жинақтауда және қаржылық қолдау көрсетудегі маңыздылығын атап өтті.

Президенттің айтуынша ФИФА және УЕФА-мен ынтымақтастық Қазақстан футболының табысты дамуына керемет әсер етеді. Атап айтқанда тәжірибе алмасудан бөлек, қаржылық қолдау жағынан да жаңа мүмкіндіктерге жол ашылған.

70 футбол алаңын жаңартуға қаржы бөлінді

“Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары инфрақұрылымды, бұқаралық футболды дамыту және футбол қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қамтиды. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру тұрақты бірлескен жұмыс пен барлық тараптардың қажеттіліктерін түсінуді талап етеді. ФИФА және УЕФА-мен бірлескен жұмысымыз Қазақстан футболына оның тұрақты дамуы мен халықаралық аренада табысқа жетуін қамтамасыз ете отырып, әлемнің үздік тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік береді”,– деді ол.

Әділет Барменқұловтың айтуынша ФИФА мен УЕФА жүзеге асырып жатқан Forward және HatTrick бағдарламалары аясында Қазақстандағы 70 футбол алаңын жаңартуға қаржы бөлінген. Енді Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Талдықорған және Ақтау қалаларында бұл жобаны жүзеге асыру бірінші болып қолға алынбақ.

“Стратегиямызды және Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, біз еліміздің өңірлеріндегі футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасын әзірледік. Мұнда органикалық құм қосылған заманауи жасанды көгал орнату қарастырылған. Бірақ, ең бастысы, мұндағы мақсатымыз тек техникалық жөндеу ғана емес, жастар мен бұқаралық футболды одан әрі дамыту және насихаттау мүмкіндігін қарастыру. Бұл біздің Қазақстан футболының болашағына қосқан үлесіміз”, – деді ол.

“Қыздарды футболға тартуды көздейтін жобалар іске қосылды”

ҚФФ басшысы футбол саласындағы жүзеге асырылып жатқан негізгі бастамаларға да тоқтала кетті. 

“Бұқаралық футбол – біздің спортымыздың жүрегі мен жаны. УЕФА және басқа серіктестермен бірлесе отырып, біз бірқатар бастамаларды қолға алып отырмыз. Биыл еліміздің 20 облысында екі мыңнан астам жас қатысушыларды қамтыған "Менің ойыным" атты қыздар фестивалін сәтті өткіздік. Одан бөлек, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне футбол төрешісі мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар УЕФА және Disney-мен серіктестікте қыздарды футболға тартуды көздейтін Playmakers жобасы іске қосылды”, – деді сала басшысы.

Одан бөлек, әртүрлі сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін финалдық турнирлер  ұйымдастырылып, жобаға 60-тан астам команда мен 800 жас ойыншы қатысқан. ҚФФ биыл УЕФА-мен бірлесіп еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар үйіндегі мыңнан астам баланы қамтыған фестивальдер өткізіп, еліміздің 10 облысындағы 32 балалар үйінен 1154 баланы қамтыған. Ал Алматыда УЕФА қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін футболды дамытуға арналған семинарлар өткізілген. Әділет Барменқұловтың айтуынша, бұл жоба футболды барлығына қолжетімді ету үшін де мүмкіндік сыйлайды.

2022-2023 жылдар аралығында ҚФФ тәжірибе алмасу және футбол қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында еуропалық ұлттық қауымдастықтармен белсенді қарым-қатынас орнатқан. 

“2022 жылы УЕФА алғаш рет ҚФФ-ға UEFA STEP білім беру курсын ұйымдастыруды тапсырды. Осы курс аясында Орталық Азия елдерінен мамандарды шақырдық. Бұл Бішкекте түркітілдес елдер бірлестіктері басшыларының кездесуімен жалғасып, ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Бапкерлік білім бойынша біз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біз тегін негізде UEFA С категориясы бойынша 150 маманды оқыттық. 24 жаттықтырушы UEFA В санаты бойынша білім алды, тағы 18 жаттықтырушы UEFA PRO категориясы бойынша оқытылды”, – деп қосты ол. 

“Әлемдік футбол аренасына белсенді түрде ұмтылудамыз”

Әділет Барменқұлов ФИФА президенті Джанни Инфантиноның Қазақстанға сапары еліміздің футболының әлемдік деңгейде танытқанын алға тартты . Сапар барысында Джанни Инфантино Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, онда ФИФА-мен ынтымақтастықтың негізгі аспектілері мен Қазақстандағы футболды дамыту перспективаларын талқылаған.

“Соңғы жетістіктерге қарағанда, ҚФФ мен ФИФА мен УЕФА арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. 2022 жылы УЕФА Алматыда сәтті өткен 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 2022/23 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің матчтарын өткізуді Қазақстанға сеніп тапсырды. Біз әлемдік футбол аренасында өз позициямызды нығайтуға белсенді түрде ұмтылудамыз. 2026/27 жылғы 19 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатын Алматы мен Шымкентте өткізуге өтінім берілді. Бұл сұрақтың жауабы ағымдағы жылдың қыркүйек айында белгілі болады деп күтілуде”, – деді Барменқұлов.

Сондай-ақ елімізде матчтарды ұйымдастыруда және жарыс ережелерін сақтауда жауапты ұлттық делегаттар институтын дамытуға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда УЕФА ұсынған испаниялық маман Хуан Антонио Мариннің басшылығымен сот жүйесінде біраз жетістіктер бар. Төрешілеріміз бен делегаттарымыз да халықаралық матчтарға белсене қатысып, өз жұмыстарына жоғары баға алып жүр.

“Табысты ынтымақтастықтың тағы бір жарқын көрінісі –  өкілдеріміздің УЕФА-ның әртүрлі комитеттеріне енуі. Қазақстандық мамандар ұлттық қауымдастықтар, футзал және жағажай футболы комитетінің, Fair Play және әлеуметтік жауапкершілік, стадион қауіпсіздігі комитетінің, ойыншылардың мәртебесі жөніндегі комитеттің, трансфер және матч агенттерінің мүшелері болып табылады. Тағы бір айта кететін жайт, күні кеше ҚФФ бірінші вице-президенті Олжас Абраев УЕФА Суперкубогы үшін "Манчестер Сити" мен "Севилья" арасындағы ойынның УЕФА делегаты болып тағайындалды”, –деп қосты ол.

Әділет Барменқұлов халықаралық ұйымдардың Қазақстанға артқан сенімі еліміздің еуропалық футбол деңгейінде шешім қабылдауына белсенді қатысуға мүмкіндік беретінін бас айтты. 

Талқылау