"Арыз жазуға мәжбүрміз": Ақтөбе олбысының тұрғындары құрылысы тоқтап тұрған газға байланысты жылусыз қаламыз деп үрейленуде
Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты Еңбекші ауылының тұрғындары 2 жылдан бері газдың қосылуын күтіп шаршаған. Ауылға құбыр тарту жұмыстары былтыр басталғанымен, кейін жұмыс тоқтап қалған. Енді ауыл тұрғындары алдағы қыста көгілдір отынсыз қаламыз ба деп қауіптенуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауылда 100-ден астам тұрғын үй, мектеп, балабақша, медпункт пен клуб бар. Тұрғындардың айтуынша, жауапты органдардың өкілдері тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша ауқымды жұмыстарды ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтауға уәде берген. Сондықтан көптеген ауыл тұрғындары үйлеріндегі пештерді алып тастаған.
“Газ, су құбырларын тартумен айналысатын мердігерлер жоқ. Бір айға жуық уақыт нысандарда мүлдем жұмыс болған жоқ. Сондықтан газ бен суды тезірек қосу үшін арыз жазуға мәжбүрміз. Бізге басқа ештеңе керек емес”, – деді ауыл тұрғыны Сайын Боранқұлов.
Газ құбыры құрылысының тоқтап қалуына байланысты көршілес Алтықарасу ауылының тұрғындары да көгілдір отынсыз қалуы мүмкін. Еңбекшіде де орталықтандырылған су құбыры тартылады деп күтілуде. Су құбырлары да былтыр тартыла бастағанымен, жұмыс аяқталмай қалған.
Шенеуніктердің айтуынша, екі нысан да өтіп жатыр. Сондықтан Еңбекші ауылы биыл газ бен сумен қамтылады.
“Құрылыс-монтаждау жұмыстарын шарттық міндеттемелерге сәйкес ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі күні жеткізуші газ құбырының 5 шақырымын тарту жұмыстары жүргізіліп, жер-жерлерде газ тарату желілерін салу жұмыстары басталды”, – деді "Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" ММ басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.