Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы 10 жасар баланың өлімі: Куәгерлерлер мен жауаптылар болған оқиға жайлы айтты

Астанада футбол ойнап жүрген 10 жасар мектеп оқушысының үстіне қақпа құлап, қаза тапты. Куәгерлер мен министрлік болған оқиғаға байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Куәгерлердің айтуынша, баланың басына металл қақпа құлап, салдарынан ол оқиға орнында жан тапсырған.

Қайғылы оқиға елордадағы №10 мектептің футбол алаңында болған. Куәгерлердің айтуынша балалар футбол ойнап жүрген кезінде ол қақпашы болған. Бір кезде темір қақпа ұлдың үстіне құлаған.

“Ол алдымен қақпаға асылып ойнап тұрып жерге құлап қалды. Кейін үстіне қақпа құлады. Сол кезде адамдар жедел жәрдем мен полицияны шақырды. Оны шүберекпен жауып, айналасы қоршалды. Көп адам жиналды. Мен бұл ескі қақпадан қорқамын”, – деді куәгер Никита Мороз.

Білім басқармасы футбол алаңының соңғы рет 2019 жылы өзгертілгенін түсіндірді. Содан бері жөндеу көрмеген. Ол 2011 жылы салынған. Мамандардың айтуынша, жазда мектеп аумағында ойын ойнауға тыйым салынады.

“Мүмкін құрылымның, яғни қақпаның техникалық тозуы болған шығар. Дәл қазір бұған түсініктеме бере алмаймыз. Меніңше балалар қоршаудан секіріп, бірдеңені бұзбас үшін мектеп басшылығы осылай ойнасын деп ашып қойған болуы мүмкін. Бізде оқу мерзімі аяқталғаннан кейін тексеріс жүргізіледі. Бүгінде қалада 156 орта білім беру нысаны бар. Біз тексерістерді қазірдің өзінде жасап жатырмыз”, – деді Астана қаласы білім басқармасының басшысының орынбасары Нариман Елманов.

Оқу-ағарту министрлігі қайғылы оқиғадан соң барлық спорт алаңдарын тексеретінін айтты.

“Барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен белгілі бір қосымша комиссия ұйымдастыру туралы тапсырма берілді. Тек министрлік емес, барлық мамандар мектеп ішіндегі қауіпсіздікті тексеріп жатырмыз. Енді мектеп аумағын да толықтай толықтыру қажет”,- деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. 

Мәдениет және спорт министрлігі де жыл соңына дейін футбол алаңдарын түгендеуге уәде берді. Ал, Астана полиция департаментінде қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тексерулердің қорытындысы бойынша болған оқиғаға кімнің жауапты екені нақтыланады.

Қазір төтенше жағдай орнына кіреберіс жабық. Мектеп әкімшілігі түсініктеме беруден бас тартып отыр. Олар тергеудің нәтижесін күтіп отыр.

Талқылау