"Жұқтырған адам көз жұмды": Алматыда АИТВ табылған үш науқасқа ауру қалай берілгені белгілі болды
Денсаулық сақтау вице-миристрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Алматы ауруханасында АИТВ жұқтырған үш адамның тексеріс нәтижелерінің қорытындысы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетсек, Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада ем алып жатқан үш науқас АИТВ жұқтырып алған еді.
Айжан Есмағамбетова аталған науқастардың үшеуі де жансақтау бөлімінде жатқанын осы кезде ауру жұқтырғанын айтты.
"Ол жерде тағы бір науқас жатқан. Пациент АИТВ-қа сынама тапсырған кезде теріс нәтиже шыққан. Ал орталық клиникалық ауруханаға түскеннен кейін тағы бір сынама алынды, сол кезде күдік туғызатын нәтиже шықты. Бұл кезде вирус инкубациялық кезеңнен өтіп жатқан еді. Тағы екі аптадан кейін сынама алуыны керек болған. Бірақ науқас негізгі ауруынан көз жұмды. Сол себепті қосымша сынама алынбай қалды”, – деді бас санитар дәрігер.
Оның айтуынша, көз жұмған науқас пен АИТВ жұқтырғанғандардың вирусы бірдей болып шыққан.
“Комиссия мүшелері жансақтау бөлімінде инвазивті шаралар кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмады деген қорытындыға келді. Олар нақты қандай шара кезінде үш адамның АИТВ жұқтырғанын айта алмай отыр. Өйткені бейнежазба жоқ”, –дейді ол.
Сондай-ақ Есмағамбетова АИТВ жұқтырған үш адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері емес. Атап айтқанда, жеке деректер туралы, медицина қызметкерінің құпиясы туралы заңы бар екенін ескере отырып, бұл сұраққа жауап бермеуге болар еді", – деді бас санитар.
Бұған дейін Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында жатқан 3 науқастан адамның иммундық тапшылық вирусы анықталғанын жазған едік.