Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұздай судан бас тартып, жабық киіну": Маман аптап ыстықтан қалай қорғану керек екенін айтты

Ғаламда ауа температурасының қалыптан тыс көтерілуі байқалады. Әлемдік сарапшылар соңғы кезде аптап ыстықтың тек күндіз ғана емес, түнде де басымдылығын айтып, дабыл қағуда. Ал мұның салдары дүние жүзіндегі табиғи апаттардан бөлек, адам денсаулығына да айрықша зиянын тигізуде. Әсіресе Күн сәулесінен күйік алып, қан қысымы көтеріліп, аурулары асқынғандар саны артқан. Осы ретте еліміздің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің жетекшісі Фарида Байзахова Stan.kz ақпарат агенттігіне аптап ыстықта әлсіздік пен түрлі аурулардан қорғану тәсілдерімен бөлісті. Маман жаз мезгілінде мұздай судан бас тартып, жабық киініп жүрудің қаншалықты дұрыс екенін ашып айтты.

Мұздай су ішу қауіпті

Фарида Байзахованың айтуынша, аптап ыстық әсіресе балаларға, егде жастағы адамдарға, созылмалы аурулары бар жандарға қатты әсер етуде.

“Жүрек қантамырлары, тыныс алу, бүйрек аурулары бар жандарға жаз өте қолайсыз мезгіл.  Әсіресе күн ысыған кезеңде аса бір қажеттілік туындамаса сыртқа шықпаған дұрыс. Көлеңкеде көбірек болып, физикалық күш түсіретін істерден аулақ болған жөн. Ал енді сыртқа шығуға мәжбүр болған жағдайда табиғи матадан тігілген ашық түсті киім, күннен қорғайтын бас киім мен көзілдірік кию қажет. Сонымен қатар өзіңізбен бірге бөтелкемен әрдайым су алып жүріңіз. Тағы бір айта кететін жайт, ыстық күнде мұздай су ішуге болмайды. Көпшілік шөлді басып салқындаймын деген оймен мұздай суды ішіп жатады. Алайда бұл дене температурасының қалыпсыздығы мен тамақ ауруы, жедел респираторлық ауруларды асқындырады. Сондықтан орташа температурадағы су ғана ішуді ұсынамыз”, – деді маман. 

Фарида Байзахова созылмалы аурулары бар адамдарға аптап ыстық кезінде өздеріне ерешке күтім жасауға мән беруін ескертеді. Айтуынша, олар тамақтанудан бастап, физикалық қозғалыстарына дейін мұқият қадағалауы керек. 

Газдалған сусын, сыра шөлді баспайды

Маман күн ыстық кезде қуырылған аса ауыр тағамдарды тұтынбауға кеңес берді. Сөзінше, оның орнына көкөніс, жеміс-жидектер сияқты жеңіл тамақтанған дұрыс. Сонымен қатар сусындарға да мұқият болуды тапсырды.

“Күн ыстықта сыра арқылы шөл басамыз дейтіндер де аз емес. Сыра мен газдалған сусындар ыстық күнде денсаулыққа одан әрі зиянын тигізеді. Жаз жеміс-жидектер мезгілі болғандықтан, зиянды сусындардан бас тартып, оның орнына табиғи құнарлы шырындарды тұтынған пайдалы. Ал шөлді қандырудың ең тиімді тәсілі – орташа температурадағы су ішу. Тамақтануға келер болсақ, қатты ыстықта адамдардың тәбеті қашуы мүмкін. Сол себепті әлсіздік пен жайсыздықты жою үшін ас мәзіріне ерекше назар салған жөн. Мәселен қуырылған, ауыр тағамдардан, тез дайындалатын көше тамақтарынан мүлде бас тартқан дұрыс. Орнына әрине, құнарлы көкөністер, жеміс-жидектерді тұтыну пайдалы”, – деп қосты Фарида Байзахова.

Макияж, бояулар терінің күю қаупін арттырады

Фарида Байзахова күнге шыққан кезде бет терісі өте сезімтал болатынын айта кетті. Сондықтан оған ерекше көңіл аударған дұрыс. Маман әсіресе ашық өңді, ақ адамдарға күн сәулесі тез әсер ететінін ескертті.

“Макияж, бояулар күнге күю қауіпін арттырады. Сол себепті күннен қорғайтын крем қолданып жүрген дұрыс. Соңғы кезде күйік шалып, дәрігерлерге жүгінгендердің саны артқан. Оларда түрлі инфекциялар мен күйік дәрежелері асқынған. Сондай жайсыздықтан сақ болу үшін жағажайларға барарда әрқашан уақытқа қараған жөн. Мәселен, көпшілік сағат 12:00-ден кейін 16:00, 17:00 шамасында күн төбеде тұрғанда суға шомылып, сергиміз деп жатады. Дегенмен бұл –  үлкен қателік. Суға шомылуға ең тиімді уақыт 17:00-ден кейінгі кез”, – деді маман. 

Фарида Байзахова шомылып шыққан соң бірден табиғи матадан тігілген жабық киімдер киюге кеңес берді.

“Судан шыққаннан кейін көпшілік салқындап тұрмын деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл кезде денеде күйік шалу ықтималдығы артады. Сондықтан бұл қателікті жасамай міндетті түрде бас киім киіп, күннен қорғайтын кремдер жағу қажет. Көлеңкеде болып, денені барынша жабық киіммен қорғаған дұрыс”, – деп қосты ол.

Маман жаз айында денені құрғатпай салқын душ қабылдау жайлылық сыйлайтынын айта кетті. Ал аптап ыстық салдарынан алллергиялық немесе басқа да аурулардың түрлері асқынған жағдайда дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес берді.

Талқылау