Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындар бітелгеніне шағымданған: Қарағандыда көпқабатты үйдің кәріз құбырынан бірнеше мысықтың өлексесі табылды

Қарағандыда полицейлер көпқабатты үйдің кәріз құбырынан бірнеше мысықтың өлексесін тапқан соң "жануарларға қатыгездікпен қарау, олардың денесін қорлау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аzattyq басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қарағандыдағы үйлердің бірінде кәріз құбыры бітеліп, тұрғындар шағымданған. Шақыру бойынша келген сервистік компанияның мамандары кәріз құбырын тазалау кезінде екі жануардың мәйітін тапты. Болжам бойынша үй тұрғындарының бірі пәтердегі әжетханаға өлексесін ағызып жіберген. 

"Қазір оқиғаның мән-жайы мен кінәлі тұлғаны анықтау үшін қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазақстан заңнамасы бойынша, жануарларды жарақаттап, оларға қатыгездік көрсету 120 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға және 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасына тартылады.

Сондай-ақ, жануарлар құқығын қорғаушылар биліктен жануарларға жауапкершілікпен қарау тақырыбында оқу орындарында таныстыру бағдарламаларын өткізуді талап етті.

Полиция бұл істің тіркелгенін 19 шілдеде хабарлады.

Талқылау