Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тілі не үшін керек": Тараздық татар ұлтының өкілі желіде қазақ тілін білмейтіндерді сынап жүр

31 жастағы Диана Кабирова TikTok желісінде қоғамдық орындарда қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан қазақстандықтардың видеосын жариялап, біраз адамды сынап жүрген татар ұлтының өкілі. Тараз қаласында туылған ару еліміздегі кейбір қазақ тілін қажет тұтпай жүргендерге заң тұрғысынан да, өмірлік те мысалдар келтіріп, маңыздылығын ұғындыруды жөн санайтынын айтады. Мемлекеттік тілмен қатар тағы үш тілді меңгерген Диана Stan.kz ақпарат агенттігіне қазақ тілін, мәдениеті мен тарихын неліктен көп алдында дәріптеп жүргенін айтып берді. 

Диана тарихы тереңде жатқан қала Таразда туылғанын мақтан етеді. Ұлты татар болса да кейбір қазақы дәстүрлерді ұстанатын отбасында ол отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиеленген екен. Бауырсақ, бешбармақ, құрт тағамдары да оның сүйікті мәзіріне айналған. Кішкентайынан өнерге деген махаббаты оны қазақ тіліне деген қызығушылық пен құрметке жетелеген екен. 

“Отбасымның тәрбиесі отанға деген сүйіспеншілікке баулыды. Әкемнің өзі қазақ тілінде кейбір қазақтардан да жақсы сөйлейді. Сол себептен шығар мектеп кезінде қазақ тілінде олипиадаларға түрлі жарыстарға қатысуға дайын тұратынмын. Одан бөлек қазақтар өте әуеншіл халық қой. Бала кезімнен қазақша әндер ұнағандықтан, тіл үйренуге деген құлшынысым арта түсті. Әндерді түсініп, өзім шырқағым келді”,- деді Диана.

Диана кейін мектеп бітіріп, өзге қалаға кеткенінде мемлекеттік тілді ұмыта бастағанын айтады. Бұған себеп қай қалаға барса да оған қазақ тілінде сөйлеуге қажеттілік туындамаған екен.

“Егер он шақты жылдай бір тілде сөйлемесең оны ұмыта бастайсың. Қазақстанда тұрып қазақ тілін ұмыта бастадым. Әлемде басқа ешбір елде мемлекеттік тілді оңай ұмыту деген болмайтын шығар. Осылайша бірде Ақтау қаласында такси ұстап тұрғанымда қазақ жігіті тоқтады. Бәрімізге белгілі бұл қаланың тұрғындары өте патриот. Көлікке мінген соң әңгімелесу кезінде ол маған қазақша сөйледі. Ал мен оған орысша жауап беріп отырдым. Кейін ол “сен қазақша түсінесің ғой неге қазақша сөйлемейсің” деп сұрады. Ол ұлтымның татар екенін біліп, түркі тілдес халықтар болғандықтан тілді білмегенім ұят екенін мәдени түрде жеткізді. Бұл сөзді естігенде қатты қысылдым”, – деп есіне алды ару. 

Осы оқиғадан соң Диана тілді меңгеруді қайта қолға алған. Ару жалпы қазір қазақ тілін елімізде өз азаматтарымызға қарағанда шетелдіктер үйренуге талпынатынын айтады.

“Мені кейде татар ұлтының өкілі ретінде мына сауал толғандырады. Қазақстанда өзге ұлттар арасында тек орыстар тұрмайды ғой. Мұнда 150-ден астам өзге ұлт өкілдері бар. Олардың да өз ана тілдері бар. Алайда ешкім өз ана тілін мемлекеттік тілмен тең дәрежеде болсын деп талап етпейді ғой. Мемлекет те бізге қай тілде сөйлейтінімізге ешқандай шектеу қоймайды. Бірақ неге кейбір осы елдің азаматтары қазақ тілін білмей, құрметтемей жатып, орыс тілін мемлекеттік тілмен теңестіреді”, – деп қосты бойжеткен. 

@news_from_di_kz #казахстан #украина #россия ❌FAKE❌ #fakecountry #stopthewar #🇰🇿🇺🇦 ♬ original sound - Di

Диана қазір TikTok желісі арқылы кейбір азаматтарға сабақ болар жайттарды көрсетіп, сынап жүр. Жарты жыл бұрын желіде блог жүргізе бастаған оның 67 мыңнан астам жазылушысы, 2,5 миллионан аса қаралымдары бар. Ол басында жазылған кейбір пікірлердің көңіліне тигенін жасырмайды. 

“Қазір блогымды Қазақстан туралы ойлары бірқалыпты азаматтарға және мұндағы реттілік пен заңды біле бермейтін жандарға арнаймын. Көптеген адамдар бізде заң мен өздерінің құқықтарын білмей жатады. Кейбір қоғам белсенділері дәмхана, мейрамханаларға, дүкендерге барып, даяршылардан, қызметкерлерден қазақ тілінде жауап беруін талап етсе, мұны көбісі арандатушылық пен араздық тудыру деп түсініп жатады. Жоқ бұл жай ғана заң бойынша өз құқығымыздың қорғалуын талап ету”, – деп қосты Диана.

Диана жұбайы Онурмен Тараз қаласында танысқан. Түрік жігітпен алғашында ағылшын тілінде сөйлесіпті. Бүгінде ару ағылшын, орыс, түрік, татар тілдерін меңгерген.

“Ұлтым тартар болса да біз кейбір қазақы ырым тыйымдарды ұстанып тұрамыз. Не дегенмен түркі тілдес халықтардың дәстүрлері де ұқсас қой. Мәселен отбасымызбен бейіт жанынан өтіп бара жатсақ міндетті түрде бетімізді сипап өтеміз. Одан бөлек қазақтың ұлттық тағамдарын ұнатамыз. Жұбайым да мұнда жұмысында қызметкерлермен барынша оларға қолайлы тілде сөйлесуге тырысады. Қазақстанды жақсы көреді”, – деді ол.

Диана Қазақстандағы қазіргі толқынның өте мықты екенін алға тартты. Айтуынша жас мемлекет осындай толқынмен алдағы уақытта дами түседі.

@news_from_di_kz Replying to @SV@ #казахстан #украина #россия ❌FAKE❌ #fakecountry #stopthewar #🇰🇿🇺🇦 ♬ original sound - Di

“Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс көпшіліктің көзін ашты деп ойлаймын. Бізге ресейліктердің ағыны келе бастаған кезде үлкен қауіп пен қорқыныш болды. Алайда соған қарап еліміздегі азаматтар ұлттық құндылықтарды одан әрі дәріптеуге құлшына түсті. Қазір бізде жастардың бәрі кем дегенде үш-төрт тілді меңгерген өте мықты. Бастысы бірлігіміз берік болып, бірге жетілсек өзге елдер біздің қандай мықты ел екенімізді көріп ешқашан сынбайтынымызды түсінеді”, – деп қорытты ару.

Талқылау