Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында тау шыңынан құлап кеткен турист үш күннен бері іздестіріліп жатыр

Түркістан облысында құтқарушылар таудан құлаған ер адамды үш күннен бері іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

3 шілдеде теңіз деңгейінен 4236 метр биіктікте орналасқан Сайрам шыңына үш адамнан құралған топ шыққан. Тау басынан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, 56 жастағы турист ер адам мұзға тайып, еңіспен құлаған. Содан бері оны іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі құтқару және іздестіру жұмыстары ауа райы қолайсыздығының салдарынан қиындағанын жеткізді. Шамамен 70 градус бұрышта тік еңісі бар жолдарда жаңбыр мен қар үдіксіз жаууда.

“5 шілдеде ауа райының қолайсыздығына байланысты жаяу да, әуе кемелерін тарту арқылы да іздестіру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Дегенмен "Қасқасу" кемпингінде ІІБ, жергілікті атқарушы органдар мен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Шымкент қаласының альпинизм және спорт туризмі федерациясының жеке құрамы ұйымдастырылды. 6 шілде күні таңғы сағат 6.30-да ТЖД Жедел-құтқару жасағының сегіз құтқарушысы мен Альпинизм федерациясының төрт альпинисті іздеуге шықты”, -деді ведомство.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, белгіленген штабтан оқиға орнына дейінгі жалпы қашықтық 15 шақырымды құрайды. Барлау жұмыстары тау шатқалдарының тік орналасуына және табиғи кедергілердің көп болуына байланысты қиын. Құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтармен, спутниктік телефондармен, радиобайланыспен және үш күндік азық-түлікпен қамтамасыз етілген.

Талқылау