"Шығарған үкімімізге шағым түгілі, күмән болмайды": Астаналық судья сот жұмысы қалай жүзеге асатынын айтты
Қазақстандықтар әрқашан сот жұмысын мұқият қадағалап отырады. Соңғы жылдары сот жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алды. Соған қарамастан халық кейбір сот шешімдеріне наразылықтарын білдіріп жатады. Stan.kz тілшісі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы ел арасында әділетсіз деп танылған кейбір сот шешімдерін түсіндіріп, жалпы сот жүйесінің жұмысы туралы түсіндіріп, қызметіндегі қиындықтары туралы айтып берді.
– Осы жылдың 27 наурызында мемлекет басшысы Конституциялық заңға және сот жүйесін реформалау туралы Заңға қол қойды. Бұл соттардың жұмысына қаншалықты әсер етті?
– Өзгерістер мен толықтырулар "ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына және сот жүйесі мен процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі ілеспе заңға енгізілді.
Заңдар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын орындауға және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сенат алаңында пысықталған Жоғарғы Сот ұсыныстарын іске асыруға бағытталған.
Новеллалар мыналарға қатысты болады:
- ауданаралық соттар құру;
- қысым тетіктерін алып тастау (судьяларға қатысты арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларға санкцияны Бас прокурор ғана беретін болады);
- аудандық соттар төрағаларының сайлауын енгізу;
- Жоғарғы Сот судьяларын балама негізде сайлауды енгізу;
- Жоғарғы Сот Кеңесіне шекті жасты ұзарту, судьялардың өкілеттігін тоқтата тұру және тоқтату жөніндегі өкілеттіктерді беру;
Сот төрелігі академиясын Жоғарғы Сот Кеңесінің қарамағына беру.
Сондай-ақ, апелляция енді істі бірінші сатыға қайтармай мәні бойынша шешім шығаратыны (АПК және ҚПК), ювеналды соттардың соттылығын кеңейту (отбасылық сот) туралы сөз болып отыр.
Көрсетілген новеллалар бастамасы ретінде Мемлекет басшысының 2023 жылғы 15 мамырдағы №216 Жарлығымен Астана мен Шымкент қалаларындағы азаматтық және қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттары біріктірілді. Астана бойынша: Алматы, Есіл, Сарыарқа және "Байқоңыр" аудандық соттары азаматтық істер бойынша ауданаралық сот болып (Г. Әлиев көшесі, 6-үй), ал Алматы, Сарыарқа, Есіл және "Байқоңыр" аудандары бойынша №2 соттар қылмыстық істер бойынша ауданаралық сот болып біріктірілді (Кенесары көшесі, 3-үй).
– Судья ретінде шешім қабылдау үшін қандай талаптар мен факторларға мән бересіз?
– Заңға сәйкес үкім – Конституциясының 77-бабының 3-тармағында және Қылмыстық-процестік кодексінің 2-тарауында көрсетілген сот төрелігі қағидаттарын сақтай отырып, сотталушының кінәлілігі немесе кінәсіздігі және оған қатысты қылмыстық жазаны қолдану немесе қолданбау мәселесі бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысында қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасының атынан шығарған шешімі.
Үкім, егер ол оның сотқа қарастылығы қағидалары сақталып, тараптарға дәлелдемелерді тең негізде зерттеуге мүмкіндік беру қамтамасыз етіле отырып, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатының негізінде сот талқылауын жүргізу туралы қылмыстық-процестік заңның талаптарына сәйкес, құқық нормалары дұрыс қолданыла отырып соттың заңды құрамымен шығарылса, заңды болып табылатынын ескерген жөн.
Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, объективті және жан-жақты зерттеліп, талданған әрі тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, сот түйіндері уәжделген үкім негізінде болады.
– Көп жағдайларда аймақтық немесе облыстық соттар айыптау үкімдерін шығарып жатса, Жоғарғы сот ақтау туралы үкім шығарып жатады. Бұл сонда төменгі соттың үкімге бей-жай қарайтынын білдіре ма?
– Жоғарғы Сот азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы, ол заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды және сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер береді.
Жоғарғы Сот аталған Конституциялық өкілеттіктерді іске асыра отырып сот ісін жүргізуді жүзеге асыру кезінде заңды біркелкі түсіндіруді және қолдануды қамтамасыз етеді.
Соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолданудың бірыңғай жолдарымен сипатталатын сот практикасының біркелкілігіне сот практикасының мәселелерін түсіндіретін Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын қабылдау арқылы ғана емес, сонымен бірге төмен тұрған соттардың сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың нәтижесінде де қол жетеді. Осы ретте Жоғарғы Соттың сот актілерінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған қызметінің сот практикасын қалыптастыру үшін айқындаушы маңызы бар.
Осыған байланысты төменгі сатыдағы соттармен шығарылған сот актілері бей жай қаралғандықты көрсетпейді, көп жағдайда ол сот практикасына енгізілген өзгерістерге байланысты болады.
– Әлеуметтік желілерде халық соттардың шығарған үкімдеріне кейде наразылықтарын айтып жатады. Бұған не себеп? Сот жүйесін тұтастай реформалау керек деп ойламайсыз ба?
– Әлеуметтік желілердегі халық соттардың шығарылған үкімдеріне наразылықтарын айтып жатады, оларды бізде еліміздің бір азаматы ретінде естиміз, оқимыз.
Алайда әрбір іс бойынша екі тарап бар, ол қылмыстық іс бойынша сотталушы жағы және жәбірленуші жағы. Сот шешім шығарғанда бір тарап шешіммен келіспеуі мүмкін және өз пікірін бір жақты әлеуметтік желіде білдіреді.
Осыған байланысты біз, яғни сот тарапы сот отырыстарына журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдерін қатысуға шектеу қоймаймыз. Резонансты істер бойынша баспасөз хабарламаларын жариялаймыз. Себебі халық неге ондай шешім қабылданғаны туралы білуі керек.
– Қазақстанда жыныстық азғындыққа (домогательство) қатысты шағымдар көп айтылады. Дегенмен оған қатысты заңда белгілі бір тарау жоқ екені белгілі. Сіздің тәжірибеңізде бұндай іс болды ма? Жалпы осындай жағдайға тап болғандар сотқа шағымдана ала ма? Азғындаушыға қандай жаза тағайындалады?
– Иә, адамның жыныстық азғындық (домогательство) және алдау тәсілі арқылы не өзге ұқсас тәсілмен жәбірленушілерді жыныстық акт немесе өзге сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасауға күш қолданбаған не оны қолданамын деп қорқытпаған, жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланбаған әрекеттері ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарында көзделген қылмыстарды жасауға оқталу ретінде қаралмайды. Сондай-ақ адамның жыныстық азғындығы (домогательство) бойынша Қылмыстық Кодексте бұған арналған бап көрсетілмеген.
Алайда бұл жерде зорлауға немесе өзге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерге оқталуды басқа қылмыстардан ажырату кезінде кінәлі жәбірленушілердің еркінен тыс жыныстық акт немесе өзге сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау мақсатында әрекет жасады ма және күш қолдану осы мақсатқа жетудің тәсілі болды ма, анықталуы керек. Осындай мән-жайлар болмаса, бұл қылмысқа жатпайды.
– Сонымен қатар қазір адам өлтірсе аффект жағдайында жасады деп қылмыскердің жазасын жеңілдететін жағдайлар көбейіп кетті. Мәселен, Алматылық адвокат Айман Асанованы бұрынғы күйеуі 18 жерінен пышақтап өлтірген болатын. Ал сот қылмыс аффект жағдайында жасады деп бар жоғы бір жарым жыл ғана жаза тағайындады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Жан күйзелісі жағдайы (аффект) кінәлінің жан күйзелісін тудырған себепке байланысты өзін-өзі ұстау және әрекет ету қабілетіне билік ететін қысқа мерзімді, интенсивті көңіл-күйді білдіреді.
Кінәлінің жан күйзелісі жағдайында болды ма және қанша уақыт болды деген мәселені анықтау үшін психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу қажет.
Жан күйзелісі жағдайында адам өлтіру немесе денсаулыққа қасақана зиян келтіру тіпті ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінде “Адам өлтіру” және 106-бабының 2-бөлігінде “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” көрсетілген саралау белгілері бар болған жағдайда да ҚК-нің 101-бабы “Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру” немесе 111-бабы “Аффект жағдайында денсаулыққа зиян келтiру” бойынша саралануға жатады.
Ал сұрақта көрсетілген Айман Асанованы бұрынғы күйеуі пышақтап өлтіргені туралы соттың шешімі қаншалықты дұрыстығын ол сол жергілікті соттың апелляциялық сатысы құзыретінде, әлеуметтік желі арқылы менің естуімше Алматы қалалық сотымен үкім бұзылып, қайтадан қаралуға жіберілген. Бұл жерде шешімді жалғыз судьямен емес, алқаби құрамында қарлғандығын ескерген жөн.
– Өзіңіз шығарған сот үкіміне өкінген сәттеріңіз болды ма?
– Үкім шығарған кезде судья заң талаптарын сақтай отырып, жиналған және тікелей сот отырысында толық, объективті және жан-жақты зерттеліп, талданған әрі тиісті баға берілген дәлелдемелерге негіздеп, түйіндері уәжделген шешім шығарады. Бұл жағдайда судьяның шығарған үкіміне өкініш түгілі, күмәні болмайды.
– Сізге пара ұсынған немесе пара берген адамдар болды ма? Ондай жағдайда не істейсіз?
– Пара алу ол ауыр санаттағы қылмыс екені белгілі. Сондықтан қаншама адамдардың пара алу немесе пара беру бойынша істерін қарап жүріп, бұндай қылмысқа өзім де бармаймын және басқаларды да аулақ жүруге шақырамын.
– Қазақстанда судьялардың тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Сот жүйесінің ашықтығын арттыру үшін қандай шаралар атқарылады?
Қылмыстық процестік кодекстің 22-бабына сәйкес судья сот төрелігін іске асыру кезiнде тәуелсiз болады және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. Соттың сот төрелігін іске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бір араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. Судьялар тәуелсiздiгiнiң кепiлдiгi Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңда белгiленген.
– Сот практикасында халықаралық құқықты қолдану мәселесіне қалай қарайсыз? Сот істерін шешуде қандай жағдайларда және қандай мақсатта халықаралық нормалар мен шарттар қолданылып жатады?
– Сот үкімі – қылмыстық іс бойынша бүкіл іс жүргізудің қорытындысы шығарылатын құқық қолданудың аса маңызды актісі.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар Конституцияның алдында басымдыққа ие және халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару талап етілетіндігі туындайтын жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.
Үкімнің уәждеу бөлігінде нормативтік құқықтық актілердің, қажет болған жағдайда ережелері қаралып отырған қылмыстық іске қатысы бар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қолданылуы тиіс.
– Өз тәжірибеңізден есте қаларлық, қызық немесе қиын сот үкімдері туралы айтсаңыз.
– Әр істің жөні бөлек, әр істе біреудің тағдыры шешіледі. Оның арасынан қызық істер де табылуы мүмкін. Дегенмен үкім шығаруда әр тараптың тағдырын ойлайсың, бүл адам ретінде әрине қиынға соғады.
Тәжірибемде қызық іс болды. Сотталушы бір үйдің ауласынан өзі басқарып жүрген көлік секілді басқа көлікті көріп қалады. Қылмыстық ниетпен, сол үйге түнгі уақытта қайта келіп, бағана көрген көлігінің дөңгелектерін шешім, ұрлап әкетеді. Осы сәтте ол қалтасында тұрған төлқұжаттарын жерге қойып қойған екен. Таң ата жәбірленуші автокөлігіне келіп, дөңгелектерінің жоқтығын көреді. Бірақ жерде жатқан төлқұжатты байқап, полиция шақырады. Полиция қызметкерлері сол күні полиция ғимаратынан шықпай-ақ, төлқұжаттары бойынша ұрлықшыға телефон шалып “сіз құжаттарыңызды жоғалтып алыпсыз, полицияға келіп алып кетіңіз деп” хабар берген. Сотталушы өз көлігімен, бағанағы ұрлап алған дөңгелектермен бірге келеді. Күдікті сол сәтте ұсталып, қылмыстық іс бір тәулік ішінде ашылған.

Азық-түлік, газ, темекі қымбаттайды, әскерилер үйді жекешелендіріп ала алады: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
