Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кеш бардық деп есептемейміз": Төтенше жағдайлар вице-министрі Абай облысындағы өрт туралы

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртін сөндіруге кеш бармағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министрдің сөзінше, алгоритм бойынша әр құзыретті орган өз қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырады.

"Біз өз қызметкерлерімізді апардық, ұйымдастыру жұмысын жасап жатырмыз. Ал ең басынан өртті сөндірген – орман шаруашылығының басшылығы", – деді Күлшімбаев сенат кулуарында.

"Яғни, сіздер жауапкершілік сезінбейсіздер, экология министрлігі жауап беруі керек. Солай ма?", деген журналистердің сұрағына: "Енді олардың жұмыстары", деп қысқа қайырды. Осы ретте БАҚ өкілдері "Сіздер кеш бардық деп есептемейсіздер ме?" деп сұрады. "Жоқ, кеш бардық деп есептемейміз", – деп жауап берді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ Күлшімбаев орман өртін 60-шы жылдардағы ескі техникалар сөндіріп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұл жалған. Бізде барлығы 3 200 бірлік техника бар, соның ішінде 470 техниканың пайдалану мерзімі жиырма жылдан асып кеткен. Ең алдымен соларды ауыстыру керек. Бірақ 60-шы жылдардағы техника бізде жоқ", – деді ол.

Бұған дейін Күлшімбаев Абай облысындағы орман өрті болжаммен 4-5 күннен кейін сөндірілетінін мәлімдеді.

Еске салайық, 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Сондай-ақ орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгені айтылды. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.

9 маусымда түн ортасына таман президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшатынын хабарлады. Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігі 10 маусымға қараған түні Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен тағы төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін мәлімдеді.

"Семей орманы" табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.

Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

13 маусымда Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі өрт алаңы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.

14 маусымда төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінің толығымен ауыздықталғанын айтты.

Талқылау