Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ансамбль құрған шығармашыл отбасылар, металлургтер мен дәрігерлер жанұясы": "Мерейлі отбасы" байқауына кімдер қатыса алады

Мамандар қазіргі қоғамның отбасылық құндылқтарға қарағанда жұмысқа көп уақыт бөлетінін растауда және осы бағытта көптеген тәжірибелік жұмыстар жасалып жатыр. Алайда еліміз “Отан отбасыдан басталады” деген аталы сөзді ұстанып, мемлекет іргетасы болып құралатын жанұя тәрбиесіне бейжай қарамаған. Оған дәлел – бүгінде отбасылық құндылықтарды насихаттайтын көптеген іс-шаралар. Мәселен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің бас сарпшысы Жақсылық Киікбаев сондай шаралардың бірегейі саналатын “Мерейлі отбасы” байқауы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

“Мерейлі отбасы” байқауы елімізде 2014 жылдан бастап өткізіліп келеді. Байқауға биыл 10 жыл толмақ. Мұнда көпшілікке үлгі болуға лайық жанұялар өз ерекшеліктері арқылы іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Отбасы істері комитетінің бас сарпшысы Жақсылық Киікбаев мұндай байқаулардың халық, ел арасында адамгершілік пен жылулықты насихаттауға, отбасыда некенің маңызын түсіндіріп, құндылықтарды дәріптеуге көмектесетінін айтады.

“Байқаудың өзіндік белгілі бір өлшем шарттары бар. Ең алдымен қатысушы жанұялар көрсетілген 17 шартқа сай болуы керек. Олардың ішінде отбасы жетістіктерінің саны мен маңызы, отбасылық дәстүрлер, балаларының, немерелерінің жетістіктері, ата-аналарының үлгі тұтарлық жетістіктері, отбасылардың қоғамдық көмекке оның ішінде қайырымдылыққа, еріктілік қызметке қатысуы бойынша жан жақты қарастырылады”, – деді Жақсылық Киікбаев.

Бас сарапшының айтуынша халықаралық Отбасы күнінде жыл сайын конкурс жарияланып, аудандық және облыстық екі деңгейде ұйымдастырылады. Осылайша 15 мамыр мен 15 маусым аралығында бір айдай өтініштер қабылданады.

“Аудандық комиссиялар екі отбасын анықтап, облыстық комиссия солардың ішінен бір жанұяны іріктейді. Кейін оларды ұжымдастыру комитетіне жолдайды. Осылайша 20 өңірден 20 лауреат шығады. Кейін еліміздегі отбасы күні қарсаңында марапаттау рәсімі өтеді. Аудандық және облыстық комиссиялардың құрамында мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, қоғам белсенділері, алдыңғы жылғы жеңімпаздар кіреді. Байқау барынша ашық және әділ өтеді. 20 отбасының бәріне лауреат атағы беріледі”, –  деді маман. 

Бас сарапшы байқауда осы уақытқа дейін еңбек, спорт, медицина саласында түрлі жанұялардың болғанын алға тартты. 

“Өздері әулетімен ансамбль құрған шығармашылық отбасылар болды. Былтыр үш ұрпақтан бері металургтар атанған отбасы қатысты. Бұрыннан ата-бабадан келе жатқан қазақы бұйымдарды бес жүз жыл бойы жинақтаған отбасыны көрдік. Бұлар қоғамда үлгі болуы тиіс”, – деп қосты маман. 

Маман 2014 жылдан бастап бұл байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқанын айтты.

“Бізде үлгілі отбасылар жетерлік. Оларды насихаттауды тоқтатпауымыз керек. Былтыр қатысқан отбасылармен араласып танысып, сөйлескен кезімізде олардың түрлі ерекшеліктерін байқадық. Мәселен, Алматыдан келген, жанұя өз іштерінде отбасы конституциясын қабылдаған. Яғни өз араларында отбасының бөлек заңы бар. Балалар сол ережеден аттап кетпейді. Мұның өзі белгілі бір тәртіп. Әлі күнге дейін кейбір отбасылармен байланыстамыз. Олар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады”, – деді сарапшы.

Жақсылық Киікбаев бұл байқаудың маңызы зор екенін баса айтты.

“Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басым бағыттарының бірі отбасылық татуылықты дәріптеу.  Мұндай шаралардың қоғамда үкен әсері бар. Қазір адамдар жұмысбасты, уақыттары тапшы. Сол себепті отбасылық үгіт-насихат дұрыс деңгейде жүргізілмей жатады. Ал мұндай байқаулар адамдардың жан-жағына мән беріп, отбасылық құндылыққа көңіл бөлуіне үгіттейді”, –деп қорытты маман.

“Мерейлі отбасы” байқауының республикалық кезеңі салтанатты марапаттау кеші ретінде өтеді. Мұнда аймақтардан суырылып шыққан ерекше жанұяларға сый-сияпаттар табысталады. Олардың барлығы “Мерейлі отбасы” байқауының лауреаты деген атаққа ие болады.

Талқылау