Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АрселорМиттал Теміртау компаниясы ҚарИУ студенттерге арнап білім гранттарын бөлді

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ бірден екі жоғары оқу орнына білім гранттарын бөлді. Атап айтқанда Қарағанды ​​индустриалды университеті мен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды ​​техникалық университетінде білім гранттарының салтанатты тұсаукесері өтті.

Қарағанды ​​индустриалды университетінің ректоры Болатбек Әбдірәсілов студенттерге жан-жақты қолдау көрсету стратегиялық бағыт екенін және осылайша мамандардың жаңа буыны қалыптасатынын алға тартты.

“Біз "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен оқу орны құрылғаннан бері жақсы қарым-қатынастамыз және бұл байланысты сақтап, дамытуды жалғастырамыз. Ендігі басты міндет – өнеркәсіп үшін, атап айтқанда, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ үшін жоғары білікті кадрларды дайындау. Дегенмен, біздің ынтымақтастығымыз мамандарды дайындаумен және оларды металлургиялық зауытқа жұмысқа жіберумен ғана шектелмейді. Біздің күш-жігеріміз де білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуден бастап, жұмыс берушілер, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ мамандары белсенді түрде атсалысатын кең ауқымды іс-шараларға бағытталған", – деді Болатбек Әбдірәсілов.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының бас директоры Владимир Яблонский өз кезегінде тау-кен металлургия саласының мамандарына сұраныс жоғары екенін алға тартты.

"Мен де осы жоғары оқу орнының түлегімін. Жасыратыны жоқ, бүгінде тау-кен металлургия өнеркәсібінде жоғары білікті кадрлардың тапшылығы білінеді. Себеб бұрын бұл саланың беделі төмендегені өтірік емес. Дегенмен қазір бұл сала өз жемісін беріп, елімізде сұранысқа ие негізгі салалардың бірі әрі экономикасының негізі екенін көріп отырмыз. Тау-кен металлургия саласына баруға бел буған жастар өздеріне үлкен мүмкіндіктер ашады. Сіздердің дағдыларыңыз бен білімдеріңіз болашақ технологиялар мен инновацияларды жасауда таптырмас құрал болмақ. Бұл салада табанды үлес қосып, табысқа жете алатындарыңызға сенімдімін. Бүгінгі таңда грантқа ие болған студенттердің барлығы конкурстық іріктеуден өткенін атап өткім келеді. Бұл жай ғана грант емес, тек білімін ғана емес, сонымен бірге осы саладағы қызметті жалғастыруға деген ынтасын көрсеткендерге арналған сыйлық. Сәттілік тілеймін!" – деді Владимир Яблонский студенттерге. 

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның Қазақстандағы кадрлар жөніндегі директоры Елена Винокурова ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мамандандырылған университеттер арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

"Ғылым мен өндірістің байланысы – ұлттық экономиканы дамытудың бірден-бір жолы. Біз студенттерімізге, олардың болашағына, өңірімізде техникалық мамандарды даярлаудың үздіксіздігіне сенеміз. Жігіттерге толағай табыстар тілейміз. Студенттердің алған білімдері компаниямыздағы болашақ табыстарының іргетасына айналсын!” – деді Елена Винокурова.

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ мен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды ​​техникалық университетінің ынтымақтастығы берік.

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Ғылыми қызмет саласында да, білім саласында да студенттеріміз тәжірибелік сабақтардан өтеді. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының мыңдаған қызметкерлеріне жемісті еңбек, ең бастысы кәсіпорынның гүлденуін тілейміз!” – деді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды ​​техникалық университетінің ҰАО атқарушы директоры Аристотель Исағұлов.

Байқау нәтижесінде ҚарИУ-дың 20 студенті және ҚарТУ-дың 50 студенті білім грантына ие болды.

Біліктілігін арттырып, кәсіби дамуын жалғастырғысы келетін компания кәсіпорындарының жұмыс істеп тұрған қызметкерлері де "АрселорМиттал Теміртау" АҚ білім гранттарын алу мүмкіндігіне ие екенін атап өткен жөн.

Талқылау