"Тыйым салу қауіпті әрі тиімсіз": Елімізде құмар ойындармен күрес қалай жүргізілуде
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда соңғы алты жылда 100-ден аса заңсыз ойынхана мен 900-ге жуық ойын залын анықтап, жойып, 1000-ға тарта адамды жауапқа тартқан. Заман дамыған сайын құмар ойыны да түрлі гаджет пен автоматтардың көмегімен қанат жая бастады. Елімізде бұл мәселені шешуде демеушілік жасап, қолдау көрсетіп жүрген компаниялар жоқ емес. 2022 жылы бұқаралық спортты дамытуға "Сәтті жұлдыз" ұлттық лотереясы 3,6 млрд теңге, букмекерлік кеңселер 3 млрд теңгеден астам қаржы аударған.
Мобильді ойындар атын жамылған онлайн казинолар
Деректерге сай 2007 жылдары елімізде алғаш рет ойынханалар үлкен қалаларда пәтерлерде, тұрғын үй кешендерінің жертөлелерінде, тіпті түнгі клубтардың VIP бөлмелерінде жаппай заңсыз ашыла бастаған. Кейін бұл қауіпті бизнесті офлайн түрде ұйымдастыру жойылады. Себебі қоғамда гаджеттер мен мобильді ойындар атын жамылған онлайн казинолар пайда болып, букмекерлік кеңселер ашыла бастады.
Америка мен Еуропада құмар ойын нарығы қоғамға жақсы үлес қосу үшін көптеген салаларға ашық демеушілік жасайды. Мысалы, британдық футбол клубтарының барлығы дерлік жыл сайын букмекерлік кеңселерден техникалық қызмет пен даму үшін 5-тен 7 миллион еуроға дейін алады. Солтүстік Америкадағы лотерея секторлары 2021 жылы қайырымдылық пен әлеуметтік жобаларға 30 миллиард доллар жұмсаған. Одан бөлек, әлемдегі ең ірі букмекерлік компаниялар 50 жылдан астам уақыт бойы ойыншыларды құмар ойындарға тәуелділіктен қорғау үшін құрылған NCPGambling қауымдастығына бірлескен.
Біздің елде де салаларға демеушілік жасап, қолдау көрсетіп жүрген компаниялар жоқ емес. 2022 жылы бұқаралық спортты дамытуға "Сәтті жұлдыз" ұлттық лотереясы 3,6 млрд теңге, букмекерлік кеңселер 3 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Сонымен қатар, олар кәсіби спорт клубтарына демеушілік жасап дарындылардың дамуына түрлі жобалар жүргізуде.
Сондықтан қазақ билігі де ойын саласына толық тыйым салу қауіпті әрі тиімсіз әрекет екенін айтады. Бұл тұрғыда қарсылық танытқан жұртшылық пен ойын индустриясының мүдделерін теңестіру маңызды екен.
Адамдар өзін қорғай алмайды...
Қазір Мәдениет және спорт министрлігінде қабырғалар мен қоғамдық орындарда ойын бизнесінің жарнамасын орналастыруға тыйым салу идеясы талқылануда. Дегенмен мамандар бұл бюджетке, заңды бизнестің табысына зиян тигізетінін айтады. Соның салдарынан келешекте елде заңсыз құмар ойындардың өсуі байқалуы мүмкін екен.
Букмекерлік кеңсесінің басшысы Ғалымжан Дуамбековтың айтуынша, шетелдік онлайн казинолар мен букмекерлік кеңселердің мыңдаған заңсыз сайттары талаптарға бағынбастан елімізге үлкен зиян келтіруде. Маманның айтуынша, біздегі иммигранттарды шектейтін әртүрлі нормаларды тек заңға бағынатын өзіміздің кәсіпорындар ғана орындайды.
“Қазақстаннан мыңдаған шақырым жердегі оффшорлық аймақтарда тіркелген онлайн букмекерлік кеңселер мен онлайн казинолар бізге салық төлемейді. Ол аздай жеңімпаздарға ұтыстарын төлемейді. Клиенттерді жиі алдап, ақшаларын жымқырады. Ал адамдар өзін қорғай алмайды”,- деді Ғалымжан Дуамбеков.
Қазақстанда кәмелетке толмағандарға лотерея, ұтыс ойыны немесе рулетка ойнауға тыйым салынған. Жасы 18-ге толмаған жасөспірімдерге дүкендерде алкоголь темекі сатпайтынындай ойынханаларға бару да үлкен жауапкершілікпен қаралады. Бұл заң бұзушылық болып есептеледі.
Елімізде көптеген басылымдар әдетте, ресми деректерге қайшы келетін күмәнді статистиканы, парламенттік мәлімдемелерден алынған сөздерді және ойыншылардың анонимді әңгімелерін ұсыну арқылы құмар ойындары жөнінде түрлі әсіреленген ақпараттар жариялап жатады. Алайда бұл деректердің ішінде құмар ойындарға байланысты заңды казинолардың, букмекерлік кеңселердің және лотереялардың ішкі статистикасына сүйене отырып, қанша қазақстандықтың шын мәнінде ойнайтыны туралы деректер белгісіз.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2016-2022 жылдар аралығында Экономикалық тергеу қызметі 133 заңсыз ойынхана мен 897 ойын залын анықтап, жойып, 988 адамды жауапқа тартқан. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан 4 мыңға жуық ойын автоматтарын тәркілеген.
Өңірлер арасындағы статистика бойнша еліміздегі 133 астыртын ойынхананың 28-і Қарағанды облысында жұмыс істейді. Ал Алматы қаласы 95 заңсыз ойын залы бойынша көш бастап тұр. Түркістан облысы 142 ойынханамен екінші орында болса, Шымкент 91 залмен үшінші орында.
Тәркіленген ойын автоматтарының басым бөлігі:
- Алматыда – 1522,
- Астанада – 768,
- Қарағанды облысында – 308
Бүгінде елімізде орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналған делінеді. Ал олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асатын көрінеді. Одан бөлек 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Бірақ, бұл ресми сандар ма, жоқ па ешкім нақты жауап бере алмайды.
Ал психологтар ойындарға құмарту балалық кездегі отбасы тәрбиесіне тікелей қатысты екенін айтуда.