Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

50 миллион ала алады: Қарағандылық кәсіпкерлер өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды

Қарағанды облысының кәсіпкерлері өз жобаларын жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндікке ие болды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған “Кәсіпкер” бағдарламасына биыл бюджеттен 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қарағанды облысы кәсіпкерлік басқармасының кәсіпкерлікті қаржылық қолдау бөлімінің басшысы Нұржан Мажитовтің айтуынша, енді Қарағанды облысындағы шағын және орта бизнес өкілдері бизнесін дамыту үшін жеңілдікпен несие ала алады. 

“Кәсіпкер” бағдарламасының мақсаты – Қарағанды өңіріндегі кәсіпкерлік деңгейін арттыру. Кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру арқылы өңіріміздегі орта және шағын бизнесті дамыту”, – дейді ол. 

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бүгінде бюджеттен 1,5 миллиард көлемінде қаражат бөлінген. 

“Алдыңғы жылы 250 миллион теңге бюджеттен, тағы 250 миллион теңге “Даму” қорынан бөлінді. Осы жылы бағдарламаны жалғастыру үшін 1 миллиард теңге көлемінде ақша бөлінбек. Жобаға Қарағанды облысында тіркелген және қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Оларға қойылатын басты талап – экономиканың басым секторында өз кәсібін дөңгеле алу.

Мәселен, өңдеуші өнеркәсіп, көлік және қоймалау, тұру және тамақтану жөніндегі қызметтер, кәсіптік ғылыми-техникалық қызмет, жалға алу, жалға беру қызметттері, туроператорлардың турагенттердің және туризм саласында қызмет көрсететін өзге де ұйымдардың қызметі, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, спорт, демалыс және ойын-сауық; компьютерлерді, жеке заттар мен тұрмыстық заттарды жөндеу; басқа да жеке қызметтерді көрсету деген салалар бойынша кәсіпкерлер жеңілдетілген несиені ала алады”, – дейді Нұржан Мажитов. 

Жоба екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. 

“Егер кәсіпкер осы айтылған салалар бойынша критерийлерге сәйкес келіп тұрса бірден банкке барып жүгіне алады. Алайда кәсіпкердің қаржылық тұрақтылығы кепілмен қамтамасыз етілген болуы керек. Барлығы дұрыс болса банк жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемеде несие беріледі. Бір кәсіпкерге берілетін ең жоғары қарыз сомасы 50 млн теңге болады.  Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 5%”, – дейді ол. 

Мәжитовтың айтуынша, осы салалар бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау арқылы өндіріс орындары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ бюджетке түсетін салық төлемі де артады. 

“Бүгінде 256 миллион теңге көлемінде 8 жоба қаржыландырылды. Жеңілдетілген кредиттердің алғашқы иегерлері спорт пен сұлулық индустриясын дамыту үшін 111 миллион теңге сомасында қаражат алды. Сондай-ақ алдағы уақытта 500 миллион теңге көлемінде 11 жоба іске асыру үшін банктермен қаралуда. Бүгінде бізде спорт, жүк тасымалдау салаларында, сондай-ақ сұлулық салондары мен өңдеу өнеркәсібі саласындағы микроқаржыландыру жобалары іске асуда. Осы жылы мамыр айында екінші деңгейлі банктерге 1 миллиард теңге көлемінде ақша келіп түседі. Кәсіпкерлер банктерге жүгініп, аталған шарттарға сәйкес келсе қаражат ала алады”, – дейді Нұржан Мажитов. 

Бұнымен қоса кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда, "ДАМУ" қоры кредит сомасының 85% - на дейін кредиттерге ішінара кепілдік беру құралы бойынша мемлекеттік қолдау көрсетеді. Бағдарлама алдағы 5 жыл бойы жұмыс істейді. 

Мажитовтың сөзінше, "Кәсіпкер" бағдарламасының арқасында Қарағандыда 2 фитнес клуб ашылады. Оның аясында Invictus FITNESS франшиза бойынша жаңа премиум фитнес клубы және сұлулық индустриясында оқыту курстары жұмыс істейді. 

Талқылау