"Елімді сағынамын десем өтірік болады": Түркістанға келген якутиялық қыз қазақ тілін еркін меңгерген
Түркістан қаласына 8 жыл бұрын білім алуға келген саха қызы Изабелла Озер қазақ тілінде еркін сөйлеп үйренген. Арудың қазақ топырағына сіңіскені сонша, еліне әзір барғысы келмейтінін айтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Turkistan TV арнасына сілтеме жасап.
Изабелла Озер – Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті. Ол мұнда Саха республикасы Якутия қаласынан 18 жасында келген. Алғаш Түркістанға келгенінде ару тіл білмей қиналғанын айтады. Ал қазір қазақ тілінде еркін сөйлеп, тіпті қазақша ойлайтын болған.
“Маған біреу саха тілінде сөйлеші десе, алдымен қазақша ойлаймын. Елімді сағынамын десем өтірік болады. Маған Қазақстан ұнап қалды. Түркістанға да әбден үйреніп қалдым. Дегенмен елімді сағынбасам да, отбасымды сағынамын. Осында 8 жыл жүрген соң отаныма барғанда өзімді шетелдік секілді сезінемін”, – деді Изабелла.
Бойжеткен оқуын аяқтаған соң еліне қайта оралған. Бірақ қазақ топырағына әбден бауыр басып қалған ол тұра алмай, Түркістанға қайта келген.
Ару қазір өзі оқыған оқу ордасында магистратурада білім алып жүр. Ол қазақ тілін өмірде жиі қолданып, өзге мемлекеттен келген құрбыларымен де тек қазақ тілінде сөйлеседі екен.
“Екеуміз де басқа елден келген соң бір-біріміздің жан дүниемізді түсінеміз. Бір-бірімізді қолдап жүреміз. Изабелла – өте жақсы қыз. Кез келген мәселені шешуге көмектесуге дайын тұрады. Біз Қазақстанда жүріп өзімізді жат ұлт сияқты сезінбейміз. Өйткені біз бәріміз бір туысқанбыз”, – деді Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ 1-курс магистранты Айгозель Арнамырадова.
Якут қызы туған отанына осыдан екі жыл бұрын барған. Ару әзірге еліне оралмайтынын айтады.