Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шоуға айналып барады": Дәрігерлер сәбиін перзентханадан дүркіретіп шығаратындарға өкпелі

Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері перзентханадан баланы сән-салтанатпен шығарып алатын тұрғындарға ренжулі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Айтуларынша, сәбилерін сән-салтанатпен қарсы алатындар перзентхана ауласында әуен ойнатып ауыр жағдайда жатқан жүкті әйелдер мен шала туған балалардың тыныштығын бұзады. Күн сайын орталықтың алды тойдағыдай би алаңына айналып, қымбат көліктерге толатын көрінеді. 

Тіпті түрлі мультфильм персонаждарының киімін киген аниматорлар да бұл орынды бизнестің ошағына айналдырған. Ол аздай музыкалық аспапта ойнайтын әншілерді жалдап, дрон ұшыру да тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналып барады екен.

Бірақ жаңа босанған ана мен өмірге келгеніне бір апта болмаған сәбиге тыныштық керек дейді дәрігерлер. Сондықтан олар қуанышын атап өтушілерден концерттік бағдарлама жасамай-ақ, балаларын үйлеріне тыныш шығарып алуды сұрап отыр.

Оның үстіне мұндай той-думан жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатқан немесе шақалағынан айырылып қалған аналарға ауыр тиетінін айтты.

“500-600 граммен босанған нәрестелер 3 ай, 4 ай бойына өздерінің даму сатысынан өтіп жатыр. Оларға тыныштық жағдай бірден бір керек талаптың біреуі. Біздің өзіміздің мамандардың, дәрігерлердің зейін қойып жұмысты жалғастыруына да соңғы кезде кедергі келтіріп отырғанын жасыра алмаймыз”, – дейді Маңғыстау облыстық Перинаталдық орталығының қоғаммен байланыс бойынша маман-дәрігері Ақмарал Ізмұратова. 

Талқылау