Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Неге қазақстандықтар Солтүстік Кипрге көшуге құмар: Отандасымыз мойындалмаған елде тұрудың басты артықшылығын айтып берді

Соңғы уақытта көптеген экс-шенеуніктер Қазақстаннан кетіп, Солтүстік Кипрге қоныс аударды деген жаңалықтар жиілеп кетті. Соған орай Stan.kz тілшісі Cолтүстік Кипрде тұратын отандасымызбен тілдесіп, мойындалмаған елде тұрудың қандай артықшылықтары бар екенін сұрап көрді. 

 “Солтүстік Кипрдің артықшылығы – ақпарат құпиялылығы”

Жанель Рузбакиеваның Қазақстаннан көшіп, Кипрге қоныс аударғанына үш жыл болған. Бүгінде жеке кәсібін ашып, жылжымайтын мүлікті инвестициялаумен айналысады. Одан бөлек, Солтүстік Кипрге қоныс аударған қазақстандықтардың елге орнығуына көмектеседі. 

Айтуынша, соңғы екі жылда көптеген қазақстандықтардың, оның ішінде шенеуніктердің Солтүстік Кипрге жаппай көшуі дәстүрге айналған. Тіпті, өздері бармаса да балалары мен әйелдерін жіберетіндер көп екен.

“Иә біз, мойындалмаған республикада тұрамыз. Бірақ бұның өзіндік артықшылықтары бар. Біріншісі, салынатын салықтың төмендігі. Басқа елдерде бұндай төмен салық жоқ деп ойлаймын. Тек жылжымайтын мүлікті сатып алуда ғана емес, мәселен көлік сатып алуда да Түркиямен салыстырғанда аса бір үлкен салықтар салынбайды. Тағы бір артықшылығы – құпиялылығы. Атап айтсақ, қандай да бір жылжымайтын мүлік сатып алсаңыз ол туралы ақпарат еш жерде жарияланбайды, құпия сақталады. Сонымен қатар Кипр банкіндегі есепшотыңызда жатқан ақша туралы ақпарат та еш жерде көрсетілмейді. Мойындалмаған аумақта тұрудың негізгі артықшылықтары да осында шығар”, – дейді ол. 

Рузбакиева Солтүстік Кипрдың сұранысы тек жоғарыда айтылған пункттерге ғана қатысты емес екенін атап өтті. 

“Бұл елдің тағы бір артықшылығы – білім беру жүйесі. Менде осы себепті бұл елге көшіп келген болатынмын. Себебі, бұл жақта білім өте қолжетімді. Британиялық жүйе бойынша оқытылады. Біздің елдегі дәл осындай мектеп және балабақшалармен салыстырып қарайтын болсақ, бұл елде аса қымбат емес екенін байқауға болады. 

Менің 5 жастағы қызым екі жыл ішінде түрік және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп үйренді. Әрине бұл жағдай өте қатты қуантады. Одан бөлек тәрбиешілердің балаға деген қарым-қатынасы ұнайды.Сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен, ерекше ықыласпен қарайды. Сәйкесінше, бізге қарағанда оқыту форматы да бөлек. Бұл жақта көптеген қазақстандық отбасылармен араласамын. Олардың балалары әр түрлі мектептерде оқиды. Барлығы дерлік оқу жүйесіне қанағаттанатындарын айтып отырады”, – дейді ол. 

“Азық-түліктің жоғары сапалы болуы өте қатаң бақыланады”

Жанель Рузбакиева Алматыда банк қызметкері болып жұмыс істеген. Бастапқыда Солтүстік Кипрде тұрамын деген ойы мүлде болмаған көрінеді.

“Ұзақ уақыт зерттеп те, қарап та үлгермедім. Бастапқыда бұл елді инвестиция үшін таңдаған едім. Өйткені ол кезде 6-7 жылға дейін пайызсыз бөліп төлеуді ұсынатын Солтүстік Кипрден басқа бірде-бір ел болған жоқ. Қазір қателеспегенімді түсіндім. 2 жыл бұрын сатып алған мүліктерім қазір қымбаттады. Жалға беріп табыс тауып отырмын. Сондықтан жобамның дәл осы жақта өтімді болуы елге көшуімнің басты себебі болды деп айта аламын”, – дейді ол. 

Сонымен қатар әйел Солтүстік Кипрдің экологиялық тазалығын алға тартты. Сөзінше, басшылық ауаның тазалығымен қатар азық-түліктің табиғи, сапалы болуына аса зер салынады. 

“Жылжымайтын мүліктерді сатып алып, жобамның жұмысы жүргеннен кейін мен Солтүстік Кипрмен толығырақ таныса бастадым. Осы кезде маған ең ұнағаны экология болды. Бұл жердің ауасы таза, зауыттар пен фабрикалар жоқ. Барлық уақытта аспан шайдай ашық болып, теңіз самалы есіп тұрады. Сондай-ақ бізде азық-түліктің өзі пестицидтік, ГМО-сыз экологиялық дүниелермен жасалады. Шынында жоғары сапалы өнімдердің болуы өте қатаң бақыланады”, – дейді ол. 

“Қазақстандықтардың саны көп”

Жанель Рузбакиеваның сөзіне, сүйенсек Солтүстік Кипрде тұратын қазақстандықтардың саны көп. Сәйкесінше, қазақтардың өз қауымдастығы бар. 

“Тек қазақстандықтардың ғана емес әр түрлі ұлтаралық және ТМД елдері бойынша орыс тілділердің қауымдастығы бар. Бізде Шығыс және Солтүстік жағалау бар. Әр қалада міндетті түрде қауымдастық яғни, диаспора бар. Міндетті түрде кез-келген мерекені бірге тойлап, кез-келген ашылу салтанаттары болған кезде бір-бірімізді қолдап отырамыз”, – дейді Рузбакиева.

 Сондай-ақ әйел кипрліктер мен қазақстандықтардың арасындағы басты айырмашылық туралы сөз қозғады.

“Кипрде біз Қазақстанда үйреніп қалғандай емес бәрі өмірге басқаша қарайды. Біз кез-келген жағдай, кез-келген мәселені стресспен бастаймыз. Оны тез шешу керек деп ойлаймыз. Үнемі асығамыз да жүреміз. Әсіресе үлкен қалалар туралы айтатын болсақ, уақыт жетпей қалып жатады. Өз басым Алматы қаласында тұрғанмын. Мұнда сіз өмірдің қалай өтіп жатқанын байқамайсыз. Үнемі таңертең ерте оянасыз. Бірінші кезекте балабақшаға жүгіресіз. Балаларыңызды апарасыз, содан кейін жұмысқа барасыз. Кейбіреулер бір жұмыстан шығып, екіншісіне, үшіншісіне барады. Тіпті, демалыс күндері де үйдің тірліктерінен босамай , демалысыңыз жайында қалады. Әйтеуір, бәріне үлгеру керек. Шынымды айтсам, ол жақта уақыттың қалай өткенін байқамайтынмын”, – дейді ол. 

Сөзінше, Солтүстік Кипрде жергілікті тұрғындардан бір қарқынмен жүруді үйреніп, кез-келген жағдайға басқаша қарауға болады.

“Тіпті, ауруханаға кез-келген аурумен барсаңыз сізге дәрумендер тағайындап, “көбірек демалыңыз, көбірек күліңіз, күйзеліске түспеңіз, кез-келген мәселеге тым байсалды қарамаңыз” деп айтады. Міне, олардың бақытты өмірінің рецепті осы деп ойлаймын. Өзім де Солтүстік Кипрде тұратын адамдардың жиі күліп жүретінін байқаймын. Мұнда екі жылдан аса уақыт тұрып, жанымдағы достарымның да өзімнің де “яваш, яваш” жағдайына, яғни баяу өмірге үйреніп қалғанымызды байқап жүрмін”, – дейді Жанель Рузбакиева. 

Жылжымайтын мүлік қанша тұрады?

Жанель бүгінде халықаралық компанияда жұмыс істейді. Солтүстік Кипрге қоныс аударуға көмектесіп, пәтер сатып алу жұмыстары, мектеп, медицина, білім туралы барлық заңды және қаржылық мәселелерді шешеді. 

Оның айтуынша, жылжымайтын мүліктің бағасы бюджетіңізге және қалауыңызға байланысты әртүрлі болады.

“Өйткені әртүрлі жылжымайтын мүлік бар: бастапқы және екінші нарыққа байланысты бөлінеді. Егер біз өтімді жылжымайтын мүлік туралы айтатын болсақ, олардың бастапқы нарықтағы бағасы 80.000 фунттан (44 миллион теңге) басталады. Бұл жақта валюта еуро немесе доллар емес, фунт-стерлинг. Өйткені, бұл ел бұрын британдық колония болған. Сол себепті әлі күнге дейін жылжымайтын мүлікті сату, сатып алу, көлік алу барлығы фунтпен есептеледі. Ең қызығы, жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде сізден 100% сома талап етілмейді. Алғашқы жарна тек 30% жеткілікті, осы сома негізінде құжаттарды тіркеуге болады”, – дейді ол. 

Айтуынша, олық инфрақұрылымы бар кешендер: 

  • 1+1 (бір жатын бөлмеден және ас үймен біріктірілген қонақ бөлмеден тұрады) – 125 000 еуродан (61 миллион теңгеден) басталады 
  • 2+1 (бір жатын бөлмеден және ас үймен біріктірілген қонақ бөлмеден тұрады) - 170 000 ауродан (83 миллион 640 мың теңгеден басталады)

Жағдайы жасалмаған жеке тұрғын үйлер (инфрақұрылым және т. б.)

  • 1+1 –  75000 $ (33 675 000 теңге)
  • 2+1  – 85000 $ (38 165 000  теңге) 

Теңіз жағасындағы үйлер 

  • 300.000 еуродан басталады (147 600 000 теңге)  

Оның сөзіне сүйенсек, пәтер жалдау құны да әр түрлі. Өз қалауыңызға орай 300 доллардан 1 000 долларға дейін таба аласыз. Сондай-ақ мұнда қоғамдық көлік дамымаған. Сондықтан әрқайсысы өз көлігімен жүреді. Бір литр бензин – бір доллар тұрады. 

“Азық-түлікке жұмсайтын қаржы Астана немесе Алматы тұрғындарымен бірдей деп айта аламын. Бір нәрсе арзанырақ, бір нәрсе қымбатырақ. Мүмкін бізде ет қымбатырақ шығар бірақ бірқатар өнімдер мысалы, сүт өнімдері көкөністер мен жемістер әлдеқайда арзан. Алматыда ет сәл арзанырақ болуы мүмкін, бірақ сүт өнімдері мен жемістер, көкөністер қымбатырақ. Сондықтан өз қалаңызда өмір сүруге дағдылы түрде жұмсайтын қаржыңыз Солтүстік Кипрмен сәйкес келеді деп айта аламын. Өзім ай сайын қанша қаражат жұмсайтынымды нақты айта алмаймын. Біз отбасымызбен саяхаттауды ұнататындықтан әр сайын өзгеріп отырады”, – дейді Жанель Рузбакиева. 

Сонымен қатар ол Солтүстік Кипрде денсаулық сақтау саласы да жоғары деңгейде дамығанын айтады.

“Мен әрқашан жеке клиникаларлардың бағасы дәл Қазақстандағыдай екенін байқаймын. Кез-келген қалаларда кез-келген маманның қабылдау бағасы 10 мың теңге болса,  бұл жерде де дәл осы баға. Тағы бір айта кететін дүние, менің қызым халықаралық мектепте оқиды. Оған медицина толығымен тегін болады өйткені сақтандыруы бар. Сондай-ақ оның ата-анасы ретінде маған медициналық қызметке 50 пайыз жеңілдік берілген. Демек, қызыма балабақшасына ақша төлей отырып, мен де әртүрлі қызметті пайдалана аламын. Бұл өте ыңғайлы. Бұнымен қоса сақтандыруға қол қойған кезде егер де баланың ата-анасы кенеттен көз жұматын жағдайлар болса онда жеткіншек кәмелет жасқа толғанша осы мектепте тегін оқиды”, – дейді әйел. 

Елде қандай мектептер бар? Оқу ақылы ма?

Рузбакиеваның сөзінше, елде жеке және мемлекеттік мектептер бар. Мемлекеттік мектептер тегін, бірақ балабақшалар ақылы. Шамамен айына 100.000 теңге төлейді. Мемлекеттік мектепте оқу үшін ең бастысы ата-аналардың тұруға рұқсаты болуы керек. Пәндер тек түрік тілінде жүргізіледі. Одан бөлек, ағылшын тілі де оқытылады. 

Ал жекеменшік мектептерге келетін болсақ, елде үш танымал жеке меншік мектеп бар:

  • Жергілікті жекеменшік мектептердің ішіндегі ең танымалы Near East. 12 жылдық білім беру жүйесімен қамтылған. 5-сыныпқа дейін сабақтар 50/50 түрік және ағылшын тілдерінде өткізіледі. 6-сыныптан бастап толығымен ағылшын тілінде өтеді. Сонымен қатар IGCSE және A-level халықаралық емтихандарын тапсыру мүмкіндігі бар. Бір мектепке оқу ақысы жылына 2500 доллардан басталады. Биыл оқу ақысы 10-20%-ке көтеріледі деген болатын.  Сондай-ақ, бұл мектепте балабақша бар (preschool) бағасы жылына 1800 доллардан басталады. Оған тамақ, форма және кеңсе тауарлары кіреді. Егер мектептен алыс жерде тұратын болсаңыз транспортқа шамамен 1.000 доллар теңге төлейсіз. 
  • "Necat British College" - британдық мемлекеттік бағдарламамен қаржыландырылатын ағылшын мектебі. Бала мектепке 5 жастан бастап қабылданады. 13 жылдық оқу жүйесімен қамтылған. Бітіруші сыныптар Кембридж Халықаралық емтихандарын тапсырады.Балабақшадағы оқу ақысы 3500 фунттан, ал мектеп үшін 4000 фунттан басталады. 
  • "English School of Kyrenia" – аралдағы ең қымбат оқу орны. Қазақстандық шенеуніктер жақсы көретін мектебі. Көбінесе балалаларын осы мектепте оқытып жатады. Сабақтар Британдық оқу жүйесімен өтеді. Балабақша үшін оқу ақысы 4800 фунттан, мектеп үшін 5000-12000 фунттан басталады. 

Егер Жоғары оқу орындары туралы айтатын болсақ, ТМД елдері үшін 50% жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ егер қандай да бір жетістікке жетсеңіз, портфолиоңыз жақсы болса, спортшы болсаңыз онда тегін оқуға үміткер бола аласыз. Алдымен Foundation өтіп, ағылшын тілінен тест тапсыру керек. Кейін таңдаған пәніңіз бен бен өзіңіз қалаған мамандықта оқуға болады”, – дейді Рузбакиева. 

Айтуынша, елдегі кономиканың басым бөлігін әрине туризм және қызмет көрсету саласы құрайды. Одан кейін орындарда жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тұр. 

“Әрине кипрліктер қазақтардың түркі халықтары екенін атап өтеді. Бірақ барлық халыққа бірдей қарым-қатынас жасайды. Көшіп барғандарға арналған қандай да бір мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Егер қандай да бір отбасы Солтүстік Кипрге көшкісі келсе жергілікті кипрліктерге емес арнайы қызметтермен айналысатын сенімді компанияларға, сол жақтағы қазақ диаспорасына жүгінгені дұрыс”, – деп аяқтады сөзін Рузбакиева. 

Талқылау