"Бұл ойында ақша беріледі": Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсаған оқушылар өлімін не байланыстырады
Елімізде қаңтар айының басында Алматы мен Ақтөбе облыстарынан үш жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Олардың бәрі толыққанды отбасыдан шыққан, үлгілі болған оқушылар. 7-9- сыныпқа келген жасөспірімдердің өмірден баз кешуіне не түрткі болғанын отбасы да, достары да мектеп ұстаздары да білмей әлек. Желідегі ойындар себеп болуы мүмкін деген де болжамдар бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылында 7-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсап көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Соңғы кезде әлеуметтік желіде тараған дауыстық хабарлама осы қыздың әкесінікі екені айтылуда. Онда азамат, әйелі екеуі үйіне келгенде асылып тұрған қызының өліміне куә болғаны айтылған.
“Енді ары қарай қалай өмір сүретінімді білмеймін. Балаларыңыздың телефонын тексеріңіздер. Басқа балалар аман болсын. TikTok-та бір ойын пайда болыпты. Олар сол ойынның нұсқауымен алдымен тамырын кесіп, артынша өзіне қол салады екен", – делінген.
Оқушы қыздың ұстаздары оның өмірге құштар болғанын, әркез айналасындағылармен жақсы араласқанын айтады. Оның құрбылары бұл жаңалықты естігенде төбелерінен жай түскендей күй кешіп қайғырыпты.
“Досы көп болды. Әлеуметтік жағдайы өте жақсы, толыққанды отбасыдан шыққан оқушы болды. Жеке басына ескерту бұған дейін айтылмаған да. Ашық мінезді, оқу үлгерімі де жақсы болды”,- деді Қосынов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тазагүл Қалмұхаметова.
Тазагүл Қалмұхаметова әкесі айтқан желідегі ойын туралы әлі ешқандай нақты ақпараттың жоқ екенін алға тартты. Олардың қазасына марқұм қыздың әкесі айтқандай, интернеттің, ондағы ойынның себепші болуы мүмкін бе, белгісіз.
Дәл осы Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылында 9-сынып оқушысы да 6 қаңтар күні өз-өзіне қол жұмсаған. Ол күндері балалар демалыста болған. Баланың ұстаздары оның ашық-жарқын мінезді болғанын, сабағын жақсы оқып, стоматолог мамандығында білім алғысы келгенін айтады.
“Осы күнге дейін ешқандай сабақты қалдырмайтын. Бәрімен достық қарым-қатынаста болды. Ешкіммен ұрысып-төбелеспеген, кикілжің болмаған”,- деді Шамалған ауылындағы мектептің педагог психологы Айзада Урсенова.
Айзаданың сөзінше, қыркүйек айында оқушылар арасында арнайы тест өткізілген кезде бұл баланың суицидке бейімділігі жоқ болған екен. Ал желідегі ойындардың әсерінен дейін десек, сындырып алғандықтан ол соңғы екі айда телефон мүлде ұстамаған.
Қарасай батыр мектебінің психологі балалардың ғаламторда отыратын уақытын тек мектеп деңгейінде ғана емес, ата-аналармен бірлесіп те қадағалау керек екенін айтады. Сонымен қатар баланың көңіл-күйіне үй жағдайында да назар салған дұрыс екенін алға тартады.
“Менің естуімше бұл ойын ақылы түрде жүргізіледі екен. Бір деңгейден өтсең, сол үшін ақша төленеді екен. Сол себептен ата-аналар қадағалап отырулары керек”,- деді психолог Ләйлә Жақсыбаева.
Қазір полиция екі дерек бойынша да ҚР қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын айтты. Тергеу құпиясына байланысты өзге де ақпаратты айтудан бас тартты.