Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Болат Аюханов, Көпен Әмірбек: 2022 жылы елімізге белгілі қандай тұлғалар өмірден өтті

2022 жылы Қазақстанға танымал тұлғалардың көбі дүниеден озып, жұрттың қабырғасын қайыстырып кетті. Мәңгілік сапарға аттанғандардың арасында белгілі ақын-жазушылар мен актерлер, ғалымдар мен журналистер бар. Stan.kz редакциясы биыл дүниеден өткен, елімізге белгілі есімдерді еске алады. 

Әбдіжәміл Нұрпейісов

Биыл 5 ақпанда 98 жасқа қараған шағында классик жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеден озды. 

Бұл жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек естірткен. Жазушы Алматыда жерленді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.

Әбдіжәміл Нұрпейісов "Қан мен тер" трилогиясы, "Сең", "Соңғы парыз" және басқа да романдардың авторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының  иегері. Жазушы "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі", Қазақстан мемлекетінің "Отан" ордендерімен марапатталған.

Аралбай Төлеубек

20 қаңтар күні танымал театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Аралбай Төлеубек 72 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қаралы хабарды Халықаралық театр сыншылар бірлестігі жеткізді. 

"Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, театр және кино актері Аралбай Төлеубек Мұхамеджанұлы өмірден өтті. Өнер майталманы болған дара тұлғаның қазасына байланысты отбасы мен жақындарына, әріптестері мен күллі қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз. Дара талант есімі қазақ өнерінде алтын әріптермен жазылып қалмақ", – деп естірткен еді.

Аралбай Төлеубек 1950 жылы Семей қаласында туған. "Парасат", "Құрмет" ордендерінің иегері. 

1976 жылдан бері М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болған. 

Актердің қазақ киносына да еңбегі сіңді.  Әр жылдары түсірілген "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов" (реж. А.Әшімов),, "Азиат" (реж. Л.Аранышева), "Қызжылаған", "Мұстафа Шоқай",  (реж. С.Нарымбетов), "Рэкетир", "Ликвидатор" (реж. А.Сатаев) көркем фильмдерінде, сондай-ақ "Тоғысқан тағдырлар", "Саранча" (реж. А.Қарпықов) теле сериалдарындағы рөлдерімен шебер актер ретінде жақсы танылды.

"Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Шегіртке" (Әлихан) телесериалында, "Азияшыл", "Жаужүрек мың бала" (Рахымжан) фильмдерінде ойнаған.

Юрий Померанцев

23 наурызда белгілі қазақстандық актер Юрий Померанцев өмірден өтті. Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театры қаралы хабарды растады.

Юрий Померанцев 1923 жылы 11 ақпанда Киевте дүниеге келді. 30-жылдары оның әкесі "Қарағандышахтстройда" қызмет атқарып, отбасы Қарағандыда тұрған. Бірақ 1938 жылы әкесі атылып, кішкентай Юрий анасымен бірге Мәскеуге көшуге мәжбүр болады. Мектепті бітіргеннен кейін жас түлек соғысқа кетіп, жарақат алған.

Ұзақ уақыт емделіп кейін 1943 жылы Алматыға келді. Алғаш рет актер Наталья Сацтың балаларға арналған жаңа ашылған театрдың "Кішкентай Қызыл телпек" спектаклінде қасқыр рөлін сомдаған. Осылайша оның мансабы басталған, бірақ актер арнайы білім алған жоқ. Померанцев 300-ден астам рөлдерді ойнады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек ері Юрий Померанцевтің қайтыс болуына байланысты оның жақындары және туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Батыр Қазыбаев 

Наурыз айында белгілі қазақстандық журналист, медиаменеджер, Tengrinews порталының негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев 53 жасында өмірден өтті. 

Ол –  белгілі қазақстандық журналист. Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың отбасында дүниеге келген. Көп жылдар бойы облыстық және республикалық газеттердің редакцияларында басшылық қызмет атқарған.

Батыр Қазыбаев әкесінің жолын қуып, журналистикадағы мансабын таңдады және табысты медиаменеджер болды.

10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Ретро FM Қазақстан, Жұлдыз FM радиостанциясы, СТВ телеарнасын басқарды және "Жетінші арнаның" негізін қалады.

Сағат Жылгелдиев

2022 жылдың 15 мамырында танымал актер Сағат Жылгелдиев 69 жасқа қараған шағында өмірден озды. 

Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1977 жылдан Қазақ балалар мен жастар театры сахнасында өнер көрсетеді. Ол Ақын (И. Сапарбаевтың "Ауылдан келген аруында"), Байжан (И. Ғайыптың "Алтын ажал"), Абдолла (С. Балғабаевтың "Ең әдемі келіншек"), Қожа Ахмет Иасауи (О. Дастановтың "Әзірет Сұлтан"), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ. Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Ұлпан", "Ақан сері – Ақтоқты") рольдері арқылы танымал болды. Сондай-ақ  актер "Келінжан" сериалында да ойнады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері.

Роза Әшірбекова 

2 тамызда актриса, Қазақстан Республикасының халық әртісі Роза Әшірбекова 85 жасқа қараған шағында дүние салды. 

Актриса 1960 жылы академиялық драма театрының жанындағы студияны бітіріп, сол жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады.

Саналы ғұмырын саф өнерге арнаған ардақты жанның 60 жылдан аса шығармашылық жолы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Сахнада алғаш жасаған Б.Тәжібаевтың “Қарагөз қарындасым” спектакліндегі Анна бейнесі арқылы театр өнеріне батыл қадам жасады. Театр сахнасында актриса сомдаған Ләззат (Т. Ахтановтың “Махаббат мұңында”), Хадиша, Сейде (Ш. Айтматовтың “Арманым Әселімі” мен “Бетпе-бетінде”), Шафақ (М. Кәрімнің “Ай тұтылған түнінде”), Гертруда (У. Шекспирдің “Гамлетінде”), Гиацинта (Мольердің “Скапеннің айласында”), Аркадина (А. Чеховтың “Шағаласында”), Клеопатра Львовна (А. Островскийдің “Адам аласы ішіндесінде”) сияқты рөлдер Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін жан-жақты танытқан, қазақ сахна өнері тарихынан өзіндік орын алған бейнелерге айналды.

Роза Әшірбекова "Парасат", "Құрмет" орденімен марапатталған. 

Тамара Қосыбаева 

Тамыз айында тағы бір Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тамара Қосыбаева 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.

1947 жылы жас Тамара КСРО Халық әртісі Григорий Рошаль басқарған киноактерлік мектептің түлегі атанады. Кейін аты аңызға айналған Наталья Ильинична Сац басқарған ТЮЗ-де қызмет етті. Содан кейін қайтадан Ташкент театр институтына оқуға түсіп, оқуды аяқтаған соң Қазақ академиялық драма театры мен Қарағанды облыстық драма театрында ойнады. Әрине, сүйікті кинематографта назардан тыс қалмады, актриса тек Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейде де рөлдерді сомдады.

Әртіс Баян Сұлудың образын керемет сомдап шыққан, сондықтан көпшілік оны "қазақтың нағыз сұлуы" деп атап кеткен. Кейін көрермендер актрисаны Абдулла Қарсақбаевтың "Балалық шаққа саяхат" фильміндегі бас кейіпкердің анасы – дана әйел Әспетпен теңестіре бастады. Одан соң көптеген егде адамдардың рөлдерін сомдай келе Тамара Өкіметқызы мейірім мен махаббатқа толы "халық әжесіне" айналды.

"Кино – менің өмірім, ал актерлік – мамандық емес, шипасы жоқ дерт іспеттес. Сіз ол әлемге толықтай енесіз. Мен қазіргі уақытта романтизмге, шытырман оқиғаларға және әрдайым керемет көңіл күйге толы сахнаны, рөлдерді, гастрольдерді сағындым", – дейтін актриса.

Актриса "Шок пен Шер", "Ойлануға кеткен ай", "Айдай сұлу Айсұлу", "Жамбыл", "Жерұйық" фильмдеріндегі рольдерімен танымал болды. 

Сұлтан Әбенов

Биыл 20 қазан күні қазақ футболының ардагері Сұлтан Әбенов 71 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 

Сұлтан Мұрашұлы қызылордалық "Автомобилист" команданың қатарында КСРО чемпионатында 100-ден аса ойын өткізіп, 33 гол соқты. Сонымен қатар, алматылық "Қайраттың" сапында ойнаған. 

Ойын мансабын аяқтаған соң "Қайрат" командасын басқарды. Кейін ол партия мен дипломатия қызметіне ауысып, әр жылдары ҚР премьер-министрінің кеңесшісі, Парламент Мәжіліс аппараты жетекшісінің орынбасары, ҚР Президент әкімшілігінде қызмет атқарды.

Қонысбай Әбіл

Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбіл 68 жасында дүниеден озды. Бұл туралы ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет Facebook-парақшасында бөлісті.

Қонысбай Әбіл көп жыл бойы Торғай облысында облыстық "Торғай таңы" газеті редакторының орынбасары, қалалық "Арқалық таңы" газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы қызметтерін атқарды.

Қайрат Беркінбаев 

Биыл 6 қарашада ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті, танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының жары Қайрат Беркінбаев 57 жасында дүниеден озды. 

Ол "Эйр Қазақстан" ЖАҚ жанар-жағармай қызметінің бастығы, "Казнефтехим" ЖШС бас директорының орынбасары, "Қазмұнай" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. 2019 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында III дәрежелі "Барыс" мемлекеттік орденімен марапатталған болатын. 

Көпен Әмірбек

Белгілі ақын, сатирик Көпен Әмірбек 73 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қаралы хабарды әлеуметтік желіде ақын Серік Сейітман жеткізді. 

Көпен Әмірбек 1975 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келеді. "Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан" газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, "Білім және еңбек", "Ара - Шмель" журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген.

"Ара" журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы.

Мәскеу (1980) мен Ташкентте (1980) өткен Бүкілодақтық жас сатириктер конкурсының лауреаты.

Әр жылдары жарық көрген "Аты жоқ кітап", "Алып", "Тілім қышып барады", "Қысыр әңгіме", "Ауызбастырық", "Мың бір мысал", "Неменеңе жетісіп күлесің?", "Өзіңді танисың ба?", "Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін" атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танымал болған.

"Тамаша" ойын-сауық отауының белсенді авторы. Өзі құрған "Көпен келе жатыр!" әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрермендердің көзайымына айналған.

 

Феликс Цой 

12 желтоқсанда бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Феликс Цой 82 жасында өмірден өтті. 

Феликс Цойдың шәкірттері, танымал спортшылар Ангелина Лукас пен Фируза Шарипова бапкердің отбасына көңіл айтты.

"Қазақстанда бокстың дамуына бапкер Феликс Тихонович Цой зор үлес қосты. Оның шәкірттері: Рашид Кабиров, Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов. Қазіргі рингтегі өнерімді бапкерім үйретті. Ол – менің алғашқы тәлімгерім және бапкерім. Оның әр сөзі, әр кеңесі есімде... Әр жекпе-жектегі және әр жекпе-жек алдындағы әңгімеміз есімде! Феликс Тихонович – аңыз! Мен сізбен жұмыс істегеніме мақтанамын, сізді қатты жақсы көрдім, мәңгі есімдесіз", –  деп жазды Ангелина Лукас парақшасында.

Феликс Цой – Жамбыл облысының құрметті азаматы. Ол 1996 және 2000 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионаттарының жүлдегері (алтын 1999, күміс 1995, қола 1997) Болат Жұмаділовтің бапкері болды.

Мархабат Байғұт 

27 қараша күні жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт дүниеден өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды

Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Жазушының "Шілде", "Нәуірзек", "Қорғансыз жүрек", "Серт пен сенім" және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған. Сонымен қатар, қаламгер В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, Ш.Айтматовтың шығармаларын, У.Ирвингтің Мұхаммед пайғамбар туралы кітабын қазақ тіліне аударған.

Әнуар Ғалиев

Кеңестік және қазақстандық тарихшы және этносемиолог Әнуар Ғалиев 1959 жылы Алматыда дүниеге келген. Ол тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болды.

Мәдени мұра академиясының (Хельсинки, Финляндия) Халықаралық ғылыми кеңесінің толық мүшесі және мүшесі болды. Ол сондай-ақ семиотикалық зерттеулердің халықаралық қауымдастығының атқарушы комитетінің мүшесі болды. Сонымен қатар, ол Орталық Азиялық стипендияның American Index (АҚШ), Алтайтану (Ресей Ғылым Академиясының Этнология және Антропология институты), Мәдени құндылықтар (Рим – Санкт-Петербург штаты) редакциялық алқаларының мүшесі болды. Университет, филология факультеті, РФ), Хабар (Баку Славян университеті, Әзірбайжан).

Орталық Еуропа университетінде (Будапешт, 2000 және 2003), Иматра (Финляндия, 2009 және 2013 ж.), Ашық қоғам университеті – Сорос қоры – Алматы-Бішкек жазғы мектебінде (2007-ж.) жазғы және қысқы мектептерде оқытушы болып жұмыс істеді. 2010).

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Украина, Грузия, Әзірбайжан, Ресей, Башқұртстан, Солтүстік Осетия-Алания, Ичкерия, АҚШ, Жапония, Түркия, Иран, Финляндия, Польша, Венгрия, Франция, Литва елдерінде өткен халықаралық конференциялардың қатысушысы. 

Оның монографиялары мен мақалалары әлемнің 25 елінде жарияланған.

Тұрсынбек Нұрқалиев

Хореография өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" театры балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев 71 жасқа қараған шағында өмірден озған болатын. 

Тұрсынбек Нұрқалиев Б.Асафьевтің "Бақшасарай бұрқағы", П. Чайковскийдің "Щелкунчик" және "Аққу көлі", Л. Минкустың "Баядерка", А. Аданның "Жизель" және т. б. балеттерін қойды.

Тұрсынбек Әбдібайұлы Алматы мемлекеттік хореографиялық училищесін тамамдаған. 1970-2000 жылдарда Абай атындағы МАОБТ балет солисі болды. 2002 жылы Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын "Режиссер-хореограф" мамандығы бойынша бітірді.

2000-2013 жылдарда – К.Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасының бас балетмейстері.

2013-2015 жылдарда – "Астана Опера" МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі.

2015 жылдан бері балет труппасының директоры қызметінде болған.

Оның әлемнің сан алуан сахналарында жасаған бейнелерінің жарқын галереясы шығармашылығына табынушылардың есінде көпке дейін сақталады. 

Мұрат Бірмағамбетов

Мұрат Бірмағамбетов әлеуметтік желі қолданушыларына Марс Откатович және Мура Мариарчи лақап атымен танымал.

Айта кетейік, 19 қарашада жоғалған ақтөбелік Мұрат Бірмағамбетовті жергілікті жұрт қаладан шарқ ұрып іздеген еді. Блогер үйінен шыққаннан кейін қайта оралмаған. Ал 27 қарашада марқұмның денесі табылғаны жайлы жантүршігерлік хабар тарады. Кейіннен оның өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. 

Мұрат Бірмағамбетов көзі тірісінде нағыз азамат және өз елінің патриоты екенін көрсетті. Ол блогер, вайнер, волонтер әрі Ақтөбе құрамасы КВН командасының бұрынғы капитаны болған. Сондай-ақ Мұрат қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүрген жігіт. Ол ақтөбелік қыз-жігіттермен бірге "100 дос" атты жобаны құрып, мұқтаж жандарға жәрдемдескен еді. Марқұмның артында жұбайы және қос қызы қалды.

Болат Аюханов

13 желтоқсанда Қазақстанның халық әртісі, балетмейстер, педагог Болат Аюханов 84 жасында дүниеден өтті. 

Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы Семейде дүниеге келді. Соғыстан кейінгі жылдары отбасы Алматыға көшіп келеді, ал 1955 жылы Аюханов Алматы хореография училищесін бітіреді. Одан кейін екі жыл Ленинград хореография училищесінде тәжірибеден өтті.

Ол еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет артисі болып бастады. Ал 1959-1964 жылдары А.В. Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнер институтының хореография бөлімінде білім алды.

Алматыға келген соң 26 жасында Алматы хореография мектебін басқарады. Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында хореограф болып жұмыс істеп жүріп, жетекші балерина Инесса Манскаямен бірге өздері ұйымдастырған "Екі актер театрында" өнер көрсетті.

Балетмейстер 1965 жылдан 2010 жылға дейін Қазақстан композиторларының музыкасына 30-дан астам театр қойылымын қойған. Оның қойылымдарын Еуропа, Азия, Солтүстік Америка жұрты да тамашалады.

Артистің "Қыз Жібек", "Гамлет", "Кармен-сюита", "Шыңғысхан", "Болеро", "Қазақ сувенирі", "Батырлар" және басқа да қойылымдары қазақ балетінің алтын қорына енген.

Болат Аюханов – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның "Платиналы Тарлан" тәуелсіз отбасылық клубының марапатының, "Фомгед" Халықаралық би фестивалінің (Түркия) алтын медалінің, сонымен қатар мәдениет және өнер саласындағы халықаралық Сократ сыйлығының иегері.

Бұдан өзге 2022 жылы көпшілікке танымал әнші Юрий Шатунов, саясаткерлер Михаил Горбачев, Владимир Жириновский, сондай-ақ Англия патшайымы Елизавета II сияқты танымал тұлғалар көз жұмды. 

Талқылау