Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Франция арасында Әблязовті экстрадициялау туралы келісім жасалмады - Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко Мұхтар Әблязовті Қазақстанға экстрадициялау саяси деңгейде талқыланбайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Әблязов мырзаға келетін болсақ, бұл – көптеген елдердің құқық қорғау органдарының назарындағы мәселе. Бұл мәселе саяси деңгейде талқыланбайды. Тек Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің, соның ішінде Еуропа мен АҚШ-тың сот және құқық қорғау органдарының бақылауында тұр. Әблязов мырза Қазақстандағы құқық бұзу фактілері үшін 20 жылға сотталғаны белгілі. Сонымен қатар оны Лондонның жоғарғы соты "БТА" банкінен шамамен 4 миллиард доллар ұрлады деп айыптады", – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.

Оның мәліметі бойынша, қазір Мұхтар Әблязовтің үстінен басқа да сот процестері жүріп жатыр.

"Менің білуімше, АҚШ-та, Ұлыбритания мен Францияда осындай істер бар. Сонымен қатар, "БТА" банкі де, Алматы әкімдігі де, ҚР Әділет министрлігі де Қазақстан жағынан осы процеске қатысушы тарап болып отыр. Сондықтан бұл мәселе таза құқықтық кеңістікте қаралады. Ол Әблязов мырзаға қатысты істер тергеліп жатқан елдердің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының құзыреті болып есептеледі. Саяси деңгейде мұндай мәселелер талқыланбайды. Бұл – сот және құқық қорғау органдарының құзыреті", – деді Роман Василенко.

"Экстрадициялау жоспарда бар ма?" деп сұрады БАҚ өкілдері.

"Қазақстан мен Франция арасында қазіргі уақытта экстрадициялау туралы келісім жасалмаған. Бұл мәселе француз тарапымен одан әрі талқыланады. Менің білуімше, қазір Францияда Әблязов мырзаға қатысты сот процесі жүріп жатыр", –  деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Талқылау