Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Деструктивті және экстремистік ағымдарға адамдарды қалай арбайды? Психологиялық әдістерді біліп жүріңіз

Деструктивті ағым өкілдері ұйымдарына адам жинау үшін түрлі психологиялық әдіс-тәсілдерді қолданады. Манипуляциялық жолдармен адамдарды ырқына көндіреді. Олардың арбауына ерген жандар өздерінің жат ағымда жүргенін, оған қалай кіріп кеткенін де байқамай жатады. Маманданған практик-психолог Қалампыр Жалғасбайқызы деструктивті ағым өкілдерінің жиі пайдаланатын психологиялық айла-тәсілдері мен манипуляция түрлерін атап көрсетті.

Қоғам түсінігінде экстремист – қатал және қорқынышты адам. Алайда психологтың айтуынша, нағыз қауіпті арбаушылар шектен тыс мейірімділік танытып, достық пейіл көрсетуге тырысады. 

"Алғашында сізді мақтап, мадақтайды. Өміріңізге қызығушылық танытып, ой-пікіріңізді тыңдайды, қолдау білдіреді. Өзін эмпат ретінде көрсетеді. Мәселеңізге алаңдап, жанашырлық танытады", - деді Жалғасбайқызы.

Маманның айтуынша, арбаушылардың құрбандары – әлі өзін таппағандар. Ақыл-ойы толық қалыптаспаған, қорғаныс механизмдері мен айқын мақсаттары жоқ, білімі төмен, қоғамнан шеттетілген, өздерін жалғыз сезінетін, ересек өмірге бейімделмеген, көбіне жеткіншек жастағы адамдар тобын айтуға болады. 

"Олар әртүрлі топтарға кіріп көруді, өзімнің ортамды сол арқылы табам деген ниетте болуы мүмкін. Әрі оған шектен тыс қамқорлық көрсететін ұйымды көргенде, өзін "маңызды" санайды", - деді сарапшы. 

Арбаушылардың адамды ырқына көндірудің тағы бір жолы – эмоционалдық жақындық. Олар құрбанының көзіне тік қарап, көз байланысын орнатады. Одан кейін арқасын қағып, қолын сипап, жақын тартады. 

Маман байланыс орнатылғаннан кейін, арбаушы манипуляциялық әдістерді қолданып, деструктивті ойлар  арқылы алдайтынын атап өтті. 

"Келесі кездесулерде немесе ұйымға кіргеннен кейін экстремистер эмоционалдық қысым көрсете бастайды. Бұрынғы таныстарына, жақындарына қарсы қояды, олармен араласуды шектейді", - деді сарапшы.

Сондай-ақ, егер ол ұйымда тапсырмаларды орындап, арбаушының айтқанын бұлжытпай орындаса, оның ұйымдағы беделін көтеріп, асқақтатады. Ал қарсы шықса, эмоционалдық қысым көрсетіп, оны топтан шететеді. Мақтау-мадақтауды, махаббатты қажет ететін адам қысымға шыдамай, олардың ырқынан шыға алмайтын күйге түседі.

Қалампыр Жалғасбайқылы экстремистер қолданатын деструктивті ойларды атап өтті.

  • "Сен мұны әзірге түсінбейсің", "Мен саған үйретуім керек" - жалған жанашырлық. Оның жеке басын кемсіту арқылы адамның өз қабілеті мен танымына күмән туғызады. Осыдан кейін алданған адам "бұл ұйымда жүрсем ғана түсінемін, осылармен бірге білімді боламын" деп ойлайды. Арбаушыға деген сенімі артады, оның айтқанын заң көреді.
  • "Қашанғы осылай жүре бермекшісің?" "Айналаңда бір дұрыс адам бар ма, бәрі адасқандар" - адамның осы уақытқа дейінгі өмірін маңызсыз қылу, әрекеттерін айыптау. Осыдан кейін адам іштей кінәлі санап, өзін жегідей жей бастайды.
  • "Қалай осының бәріне көніп жүрсің?", "Мына өміріңнен шаршамадың ба?", - деп тығыраққа тірейтін сұрақтар қою. Құрбанның бұл сұрақтарға тіл қата алмайтынын білетін арбаушы осы сұрақпен оған қалағанын жасатады.
  • "Иә, сен жетімсің", "Сен қарызға белшеңнен баттың ғой" - адамның жанды жерін өзіне қарсы қою арқылы мысын басу. 
  • "Сенің орнында болғанда, мен баяғыда осылай жасайтын едім" - сұралмаған кеңес беру. Бұл әдіспен арбаушы өз көрқарасын сіңіртуге тырысады.
  • "Бұл саған қатысы жоқ, оны ойлама", "Мынау дұрыс емес" - адамның танымын шектеу. Сауаты төмен адамды басқару оңай болғандықтан, деструктивті ағым өкілдері адамға ақпараттық шектеу жасайды, көптеген тыйымдар ойлап табады. Жақындарынан теріс айналуға үгіттеп, басқалардың жағдайына қарамауға шақырады. Басқа діни ақпараттарды мойындамай, тек оларға құлақ асуын талап етеді.

Адам мұндай арбауларға қарсы тұру үшін психологиялық түрде мықтылық танытуы қажет. Сарапшы манипуляция құрбанына айналмас үшін сыни ойлау дағдысын дамытуға, әрдайым сауаттанып, тек тексерілген білімді игеруге кеңес берді. 

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр