"3 миллион теңге талап етіп отыр": Танымал блогер Айдын Тоқсанбаева баласының көзіне шатастырып ота жасаған дәрігер өзін сотқа бергенін айтты
Танымал блогер Айдын Тоқсанбаева бірнеше уақыт бұрын баласының оң көзіне жасалуы керек операцияны дәрігерлер салғырттық танытып, сол көзіне жасады деп шағымданған болатын. Алайда бүгінде полиция мен денсаулық сақтау министрлігі дәрігерді кінәсіз етіп шығарып, істі жауып тастапты. Блогердің айтуынша, бұнымен қоймай ақ халатты одан моральдық зиян үшін өтемақы ретінде 3 миллион теңге талап етіпті.
Stan.kz тілшісіне сұхбат берген Айдын Тоқсанбаева оқиғаның нақты қалай болғанын айтып берді.
“Баламның оң көзіндегі кистаның қалдықтарын алу үшін поликлиника дәрігерлері операция жасау керек екенін айтты. Сөйтіп қалалық клиникалық ауруханаға жолдама берді. Дәрігерлер оны тек операция жасау арқылы алмасақ болмайды деген соң ота жасатуға мәжбүр болдық. Операция біткенненнен кейін ұлымның көзіне қарасам таңғышы сол көзінде тұр. Дәрігерлерге айтсам, жоқ сен шатасып жатырсың, негізі ота сол көзіне жасалуы керек деп қоймады. Жолдамада операцияның нақты оң көзіне жасалуы керек екені көрсетілген. Кейін олар сасқалақтап, меңгерушісін шақырып шу қылып жіберді. Ақырында кистаны оң көзінен таппай, сол көзінен таптық, сол себепті жасай салдық деп сылтауларын айта бастады”, – дейді блогер.
Алайда Айдын Тоқсанбаева ешқашан баласының көзінде ешқандай да зат болмағанын айтып қоймаған.
“Не үшін маған оң көзінде жоқ болып кетті, сол көзіне жасаймыз деп айтпадыңдар дедім. Солайша Instagram парақшамдағы оқырмандарыма бар жағдайды оқырмандарыма баяндап бердім. Кейін полиция шақырып, үстілерінен арыз жаздық. Бір кезде дәрігер түсініктемесін өзгертіп, “көздерінен ештеңе таппадық” дейді. “Онда не үшін баламды наркозбен ұйықтаттыңдар” дедім. Полиция осы кезде істі денсаулық сақтау министрілігінің тексеруі керек екенін жеткізді. Тексеріс өткеннен кейін денсаулық сақтау министрлігінен тексеріс туралы акт келді. Ол жерде министрлік “оң көзіне жасалуы керек операция сол көзіне жасалған. Дәрігер балаға наркоз салғаннан кейін кистаның сол көзінде екенін білген, сол үшін отаны сол көзіне жасаған. Ешқандай заңбұзушылық жоқ” деп жауап берген”, – дейді Тоқсанбаева.
Осыдан соң блогердің өтініші қанағаттандырылмапты. Қылмыстық іс жабылғаннан кейін балаға ота жасаған дәрігер бар жағдайды Instagram желісінде баяндады, беделіме нұқсан келтірді деп блогерді сотқа берген.
“Дәрігер барлығын дұрыс жасаса несіне сол күні 7.04.22 арыз жаздыртып "өз еркімен" деп Mанас 40-та орналасқан балалар клиникалық ауруханасынан жұмыстан шығарады? Сол кезде "ол басқа ауруханаға жұмысқа кіре салады ғой” деп шырылдағанымды қайтейін… Ол 30 бет орыс тілінде арыз жазған. Моральдық зиянды өтеу мақсатында бізден 3 миллион теңге талап етті. Іс 8 қыркүйек күні сотқа түскен. Біз оны жақында ғана білдік. Олар арызда менің Instagram-да айтқан әр сөзімді аударыпты. Бірақ қорғаушым екеуміз қарап отырып, ол жерден мүлде мен айтқаннан бөлек сөздерді көрдік”, – деп ашынды блогер.
Айтуынша, сот болатын күн әлі белгіленбеген. Бірақ Тоқсанбаева әділеттілікке қол жеткізу үшін қолынан келгенінің бәрін жасайтынын жеткізді.
“Оң мен солды ажыра алмайтын, адам өміріне, бала денсаулығына салғырт қарайтын дәрігерді жақтаған заң аман болсын! Мені енді “нашар ана” деп қамқоршылық органы тексерсін деп дәрігерді жақтап жазып жатыр екен. Бір емес миллион рет тексерсін, балаларымды менен ешкім алып кете алмайды. Экс күйеуіме жазып қарсы айғақтар жинаймыз депті. Дәрігердің кінәлі екені факт. Неге ондай болса баламды оңды солды наркозға жатқызады. Бізге осындай дәрігерлер керек пе? Қарапайым адамдарды адам санамай кетті! Қазір АҚШ-тамын. Алла қаласа, Алматыға келіп, әділеттілікке қол жеткіземін”, – дейді блогер.
Сондай-ақ ол баласының қазіргі жағдайын да айта кетті.
“Қазір баламның жағдайы жақсы. Біздің ойымызша, балаға наркоз салғаннан кейін көзінен ештеңе таппадық деп жай ғана таңғышпен орай салған. Кейін біраз уақыттан соң баланың көзін қаратуға дәрігерлерге апардық. Бірақ оң көзінен де сол көзінен де ешқандай киста таппады”, – деді ол.
Еске салсақ баласының оң көзіне жасалуы керек отаны сол көзіне жасап әкелген дәрігерлерге шағымданған ана парақшасына жан айқайын жариялаған болатын.