"Болат Назарбаевпен байланысы жоқ": Алматыда бірқатар бизнесті рейдерлік жолмен басып алды деп айыпталған кәсіпкерлердің адвокаттары мәлімдеме жасады
Қаржы мониторингі агенттігі рейдерлік тәркілеумен ұсталды деп хабарлаған бір топ азаматтың туыстары әділеттілік іздейді , деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2022 жылдың шілдесінде Қаржы мониторингі агенттігі Алматыда белгілі бизнес-құрылымдарды басып алу бойынша рейдерлік топ жұмыс істегені туралы ақпарат таратты. Іс бойынша Бабаев Рауан, Танашев Тимур, Абижанов Дастан және Алтыбасаров Аңсар секілді азаматтар күдікке ілінді. Рейдерліктен басқа оларға зорлық көрсетті, қоқан лоқы мен бопсалау жасады деген секілді айыптар тағылды.
Бүгінде тергеу барысы барған сайын жандануда. Жаңа қылмыстық істер пайда болып, басқа кәсіпкерлерден арыздар түсуде. Сонымен қатар іске Болат Назарбаевтың да қатысы бары айтылып, оның көмекшісіне іздеу жарияланды.
Айыпталушылардың адвокаты Ашурбек Ашурбековтың айтуынша, мұның бәрі AV-Construction ЖШС басшыларының бірі Алмас Әбдіғаппаровтың 1 миллион АҚШ долларын ұрлады деген күдікпен ұсталуынан басталған. Ақыр соңында іс сотқа жіберіліп, ол кінәлі деп танылды.
Алайда, Әбдіғаппаровтың анасы бұл іске ұлының кінәлі екеніне сенбей айналасындағылардың бәрін, тіпті AV-Construction ЖШС директоры болып жұмыс істеген және Әбдіғаппаровтың жиені болып табылатын туған немересі Рауан Бабаевты да кінәлі деп санаған. Осыған байланысты Қазақстан Президентінің атына арыз жолдаған. Әйел AV-Construction ЖШС басшылығы мен құрылтайшыларын құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, ұлын заңсыз отырғызды деп айыптап отыр.
"Оның айтуынша, мұның бәрі 20 миллион долларға бағаланған ЖШС-ындағы өзіне тиесілі үлесті рейдерлік жолмен алу үшін ғана жасалып отыр. Ол оны 25 мың теңгеге сатып алған және ЖШС қызметінің барлық кезеңінде оған бір тиын да салмады. Сонымен қатар, қорғаушылардың тәуелсіз бағалауына сәйкес, бүгінде бұл 25% үлес 27 мың теңгеден аспауы мүмкін. Өйткені компанияның міндеттемелері, яғни оның қарыздары активтердің құнынан асып түседі", — деп түсіндірді заңгер.
Адвокат Қаржы мониторингі қызметкерлерінің ешқайсысы үлесті сату бойынша сотта азаматтық тәртіппен қаралатын азаматтық-құқықтық дау бар екеніне назар аудармағанына наразы. Бүгінде сот арқылы Әбдіғаппаровтың анасының компания үлесінің 25% иелену құқы бар екені расталды.
"Ешкім бұл үлестің құны өтініште көрсетілгендей 20 миллион доллар емес, 27 мың теңге екеніне назар аудармады. Сотқа дейінгі тергеу органы фактіні тіркегенге дейін бұл үлес туралы тәуелсіз бағалау жасамады. Компанияның әлі де қарыздары мен міндеттемелері бар екеніне қарамастан активтердің құнын ғана назарға алды. Мұндай жағдайларда ҚР ҚІЖК-нің 179-бабы бойынша мұндай өтініштерді тіркеуге және олар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуге тікелей тыйым салынады", - деп атап өтті Ашурбек Ашурбеков.
Адвокат қаржы мониторингі агенттігі рейдерлік тақырыпты өз мақсаттарына пайдаланып, адамдардың пікірін манипуляциялау және ақыр соңында жағдайды өзінің тиімді жағына пайдалану үшін істі Болат Назарбаевқа қатыстырып отыр деп болжайды.
"Тұңғыш Президентінің туыстарына біздің қорғалушыларымыздың мүлдем қатысы жоқ. Бұл жерде рейдерлік сөзі өз рөлін атқарып, қылмыстық іс қозғалып кетті. Танашев, Бабаев, Алтыбасаров және Бажанов қамауға алынып, үш ай бойы изоляторда отыр. Олармен ешқандай да тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқан жоқ және өздеріне тиесілі компанияны басқару мүмкіндігінен айырды. Естеріңізге сала кетейін, олар компанияның 75% үлесіне ие”, – дейді адвокат.
Ашубеков қаржы мониторингі агенттігі қызметкерлері тек негізсіз өтініштер негізінде жаңа қылмыстық істер тіркеуді жалғастырып жатқанын айтады.
“Бұлардың арасында біздің қорғаушыларға ешқандай қатысы жоқ адамдар мен компаниялар да бар", — деді заңгер.
Заңгерлер ҚР Президенті мен ҚР Бас Прокуратурасынан Алмас Әбдіғаппаровтың анасы мен қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлеріне қатысты мұқият тергеу жүргізуді сұрайды.
"Сондықтан біз ҚР Президенті мен ҚР Бас прокурорына жүгінеміз. Қаржы мониторингі агенттігінің тергеу бөлімшелерінде тәртіп орнатуды, іс жүзінде не болып жатқанын түсінуді және сотқа дейінгі тергеу органдарының лауазымды адамдарын заңнама нормаларын қатаң сақтауға мәжбүрлеуді сұраймыз", — деп түйіндеді Ашурбек Ашурбеков.
Айта кетсек, Parmigiano Group басшысы Алмас Әбдіғаппаров 2021 жылы алаяқтық жасады, бөтеннің мүлкін жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынған болатын. Оған ҚҚ 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену, ұрлау) бойынша айып тағылған еді.
2022 жылдың 5 шілдесінде күні оның жеті жылға сотталғаны белгілі болды. Әбдіғаппаров жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ ол бес жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек сотталушы компанияға 418,6 миллион теңгені қайтаруға, мемлекет меншігіне 12 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Алмас Әбдіғаппаровтың туыстары Алматыда рейдерлік басып алу ісімен ұсталғандарды Болат Назарбаевпен байланыстырды.
ҚМА рейдерлік жолмен бизнесті тартып алуға оқталған адамдардың жолы кесілгенін хабарлаған, бірақ олар туралы ақпаратты жария етпеген еді.
"Нағыз қарақшылар, нағыз қылмыскерлер ұсталды. Бұл жаңалық біздің болашаққа деген сенімімізді, әділдікке деген сенімді, ісіміздің әділ шешілетініне деген сенімді қайтарды. Олардың отбасымен бірге жасағандары заңсыздық. Алмастың ата-анасының, үлкен кісілердің үйіне келіп қорқытып компаниямыздың үлесін аударып алған. Мұның бәрі ата-анамыздың денсаулығына зиянын тигізбей қоймады" делінген бизнесменнің жары Ольга Әбдіғаппарованың видео үндеуінде.