Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазір ер азаматтар әлсіреп, әйелдер алға шыққан заман туды": Жеңіс Ысқақова жаңа туындысы қалай жарық көргенін айтып берді

Отыз жылдан астам сахнада жүрген Жеңіс Ысқақова жаңа туындысын тыңдарманға ұсынды. Қазақ әйелдерінің ерік-жігерін көрсетуді мақсат еттім деген ол жаңа әнін “Мықты әйел” деп атапты. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында әнші әннің пайда болуы хикаясы мен өміріндегі басқа да өзгерістер жайлы айтып берді. 

– Шығармашылығыңыздағы соңғы туындыңыз «Мықты әйел» деп аталады. Ән тарихына көз жүгіртейікші…

– Қуат Әбілев деген жас сазгер жігіт маған осы әнді жіберді. Тыңдағанда ырғақты, әдемі екен, бірден ұнады. Сөзін жазатын кезде біраз ойландым. Менің ойымша, әрбір ән адам баласының көңіліне демеу не болмаса өмірдің бағасын білмей жүрген адамды ойландыра білу керек. Әрбір әннен адам өзіне керекті дүние алу қажет. Махаббат тақырыбы біздің буынға ұят болады. Менің балаларымның музыкадан да хабары бар, шоу-бизнестегі жаңалықтарды да бақылап отырады. Содан балаларыммен ақылдастым. Ұлдарымның айтқаны: «Мама, қазіргі қоғамда қазақ әйелдері туралы ән жоқ. «Бақытты әйел» сынды әндерде бәрін керемет қылып көрсетеді. Бірақ басындағы қаншама қиындықты көрсетпей, бәрі тамаша деп жүретін әйелдер – мықты әйелдер ғой» деді. Ақылдаса келе, заманауи мықты әйелдерге арнап, сол қыз-келіншектердің өзіне деген сенімін арттыру мақсатында, “туф, мына ән мен туралы екен” дейтіндей жақсы дүние болса деген ниеттен туды. Мәтіннің қаңқасын «мықты әйел осындай болу» керек деп өзіміз құрастырдық. Кейін Құрманай Бақтиярқызына ұсындық. Құрманай ойымыздағыны бірден іліп әкетті. Себебі ол да қазақтың мықты әйелдерінің бірі. Осы әнде «мықты әйелдің» бейнесін қолдан келгенше суреттедік деп айта аламын.

– Қоғамда “мықты әйелдердің” көптеп пайда болуына не түрткі болуда?

– Айтуға қиын, бірақ ащы шындық. Қазір ер азаматтар әлсіреп, әйелдер алға шыққан заман туды. Қайда қарасаңыздар да, барлық жерде – әйелдер! Мысалы, көп балалы жанұяларда қиындық туып, көмек ала алмай жүрсе, бірінші болып бас көтеріп әйелдер шығады. Табиғатымызда қазақ әйелдері – ең мықты әйелдер. Сонау ата-бабадан келе жатқан жақсы мақал бар ғой, «ана бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген. Бүгінгі күнде баланың да тәрбиесін беріп, жұмысында абыройлы болып, жетістікке жетіп жатқан замандас қыз-келіншектер бар.

– Жеңіс Ысқақованың орындалмаған арманы бар ма?

– Бала кезімнен өмірге құштар, алдыға қойған мақсатқа қол созатын адам едім. Жоспарларым көп болатын. Кішкентай кезімдегі армандарымды орындадым. Көзімді ашқаннан сахнаның адамы болуды қаладым. Арман қуып Алматыға барайын деп тұрғанда ата-анамның батасын алдым. Бірақ сол кезде үлкен әпкемнің бірі: «Әй, әртістік жол қиын болады. Әртістің жар тауып, жарасып кетуі қиын болады» дегенде, әкемнің айтқаны бар: «Менің қызымда бәрі болады. Менің қызым жолдан адаспайды» деген. Осы сөздері жүрегіме үлкен сенім берді. Шүкір, әкемнің батасын алып, сахнаға шыққаныма 30 жылдан асты. Жолдасыммен бас қосып, шаңырақ көтергеніме биыл 30 жыл болыпты.

– Өміріңізді өзгерткен дүние бар ма? 

– Өмірімді өзгерткен жайт – мен 2014-2015 жылдары қатты ауырдым. Бірі білсе, бірі білмейді. Жүрегім ақау берді. Операцияға түстім. Маған дәрігерлер «жүрегіңді әбден отырғызып тастапсың» деген. Шаба бергеннен болар мүмкін. Өйткені мен сахнада әншімін, ал үйде анамын, әйелмін, қарындаспын, келінмін. Бір Жеңістің басында өте үлкен жауапкершілік бар. Оның бәрін алып жүру оңай емес. Жолдасыңның, бала-шағаның жағдайын жасап жүргенде, жүрегім ақау берді. Сол кезде: «Мен осылай шауып жүргенде жүрегім тоқтап қалса, анамның, балаларымның жағдайы не болмақ, жолдасым қайтпек?» деп ойландым. Өмірімді өзгерткен бір-ақ толғаныс: «бұл дүниеде асығудың қажеті жоқ екен». «Алла өмір берсін, денсаулық берсін, бұйырғаны болады» деп жүре беру керек екен. Одан кейінгі көзімді ашып, өмірімді өзге бағытқа жетелеген – кешегі пандемия. Қаншама дос-туыстан көз жазып қалдық. Бүгін сөйлескен адам ертең жоқ болды. Жалпы, індет көкіректеніп, аяқтың астындағы жерді сезбей, «болдым, толдым, қырам-жоям» деп жүрген талайларды тәубесіне келтірді.

20 жылғы суреттеріңізді ақтарып қарасақ, атап айтарлықтай өзгеріс жоқ. Әдемі қалпыңызда сақтап қалуыңыздың сыры бар ма?

– Осы сұрақ маған жиі қойылады. Жақында Талдықорғандағы концертте бір жас күзетші жігіт келіп: «Жеңіс әпке, мен сізді жүзбе-жүз осыдан 10 жыл бұрын гвардияда жүрген кезімде көріп едім. Түк өзгермегенсіз, қайта жасарып кетіпсіз» дейді. «Көп рахмет! Көңілің жасарсын!» деп күлдім. Біріншіден, ол – генетика. Менің анам 88-де. Әлі өз тістерімен тамақ ішеді. Денсаулығы – жақсы. Екіншіден, менің жолдасым – спортшы. Салауатты өмір салтын ұстанамыз. Бір жағынан, жүректің тазалығы мен пейілдің кеңдігі де адамның бетіне рең береді. Сондықтан пейіліміз тарылмасын, жүрегіміз ақ болсын, сонда бетіміз де ақ болады! Бет күтімін жасаймын. Жүрек жұмысын қадағалаймын. Тағы, артық салмақ, бұл – ауру. Ол адамды үлкейтіп көрсетеді. Артық салмақ қоспауға тырысамыз. Өткенде әлеуметтік желіде жолдасымыз екеуміздің видеомызды көріп, жұрт «жас жігітке тиіп алған ба?» деп ойлапты. Жоқ, ол 30 жыл бұрынғы тиген жігітім.

– Өнерде жүргеніңізге біраз болды. Шәкірт тәрбиеледіңіз бе? Өнер мектебін ашуға көзқарасыңыз қалай?

– Бүгінгі күні ұстаздық етіп жүрмін. Осыдан 5 жыл бұрын Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде бір жылдай жұмыс істедім. Шынымды айтсам, өнер мектептері көп болып кетті. Одан өзіміздің білім алған өнер ордаларында, жоғарғы оқу орындарында дәріс берген дұрыс деп ойлаймын. Әркім өз шамасында жұмыс істейді ғой. Менің қалауым – осы. Қазір талантты, талғамды жастар өте көп. Мысалы, «Самая-самая» деп Малаховтың шоуына барған Нұрмұхамед Жақып қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрадалық-цирк колледжінде маған студент болып келіп жатыр.

– Қазақ эстрадасындағы кейінгі шығып жатқан жастарға қаншалықты көңіліңіз толады?

– Бүгінгі күні бір Димаштың өзі қазақтың өнерін әлемдік деңгейге көтеріп тастады. Қазір бар ғалам қазақша ән айтып жатыр. Кеше 70-ке жуық мемлекеттен қонақтар келді. 15 мыңға жуық көрермен жинады. Бір Димаш Алматының экономикасын да көтеріп тастады. Қонақ үйлердің бәрі толы болды. Мейрамханалардың бәрі толық болды. Сондықтан,біз қазіргі жастармен мақтана аламыз! Одан кейін «Голосқа» шыққан Әміре, Ninety One тобы – тілдерінің бұзықтығы болғанымен, әндерінің әуезділігі жөнінен ТМД көлемінде тыңдалып жатыр. Айта берсек, көп! Балаларымыз – өте талантты, дауыстары керемет. Сол адамды қуантады.

– Қазіргі қоғамда сізді алаңдатататын қандай мәселелер бар?

– Қоғамда қай салада да сауатсыздық пен немқұрайлылық көп! «Менің жағдайым ғана жақсы болса екен, пайда тапсам екен» деген пиғыл басым. Адам үшін «пайда» бірінші тұратын болды. Сапасыздық көбейіп кетті. Сапасыз білім алғаннан сапасыз маман шығады. Сапасыз маманнан сапасыз дүниелер шығады. Сапасыз құрылыс, сапасыз ем, сапасыз тағам, сапасыз материалдар,  бәрінің түбі сапасыз білімге келіп тіреледі. Кешірімсіздік пен шыдамсыздық көп. Батыстың керек емес құндылықтары, ол батыста да бағаланбайды, соның ішінде «өмірге бір-ақ рет келемін, білгенімді істеуім керек» деген жаман ұғым көп балалардың ортасында. Қыз – қылықты болып, жігіт – жігіт болып жүруден қалды. Баяғы да әкем айтатын еді «заман жақсы, адам бұзылып бара жатыр» деп. Сондықтан да адамзат бұзылып бара жатыр деген жаман үрей бар жүректе.

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Бұрын “Көрші ақысы - Құдай ақысы” деп адалынан сыйласатыр еді. Қазір бұл дәстүр жоққа жақын…

– Оның да рас. Біздің шағымызда ұлтқа бөліну деген жоқ еді ғой. Адам жақсы болса, болды. Бір аспанның астында кең байтақ даламызда достықта, сыйластыққа өскен қазақпыз. Қазір бір-бірімізбен қырылып жатырмыз. Менің әлі есімде, кішкентай кезімізде біздің есігіміз ілінбейтін. Құлып деген нәрсені білмейтінбіз. Таңертең тұрсақ, үйімізде бөтен адамдар жүретін. «Мама, бұлар туыстарымыз ба?» десек. «Жоқ, өтіп бара жатқан жолаушылар ғой» дейтін. Сонда танымайтын адамды да үйге қондыра беретін едік. Ол жерде орыс та бар, кәріс те бар, шешен де бар. Бәріне асын ұсынып, төрге беріп, шығарып салатын қазақ едік. Бірақ осы біздің халықтың қонақжайлығы мен бауырмалдығын өз пайдасына асырып, арамдық жасайтын да көршілер бар. Егемен ел болғалы айтып келе жатырмыз, әрбір өзге ұлт біздің тілімізді мәдениетімізді сыйлау үшін біз өзіміз өз тілімізді, мәдениетімізді, құндылықтарымызды жете біліп, құрметтеуіміз керек!

– Айтпақшы, елге үдіре көшкен Ресейлік азаматтар туралы ойыңыз қандай?

– Дәл қазіргі бізді мазалап тұрған дүние – Ресейден бізге ағылып келіп жатқан, пана іздеп жүрген қашқындар. Менің миыма сыймайтыны, олардың елдеріне ешкім тиісіп жатқан жоқ. Олар өзге елге тиісіп жатыр. Соғысты өздері бастап алып, өздері қашып жүргендерден не үміт, не қайыр?! Біз көп ұлтты тым-тырыс отырған елміз. Ішіміздегі өз проблемамыз өзімізге жеткілікті. Сырттан бәленің бәрін бүлдіріп алып, қашып келіп жатқан босқындардың проблемасы бізге қажеті жоқ! Әлеуметтік желіде видео көрдім, Ресейдегі қазақ диаспорасы қоныстанған аумақтарда мобилизацияға тек этникалық қазақтарды жинап жатыр екен. Сонда, қазақтарды соғысқа жібереді. Өздері бастаған соғыстан қашып, қазақтарды паналайды. Сонда біз кім болдық?

Украиналықтар қашып келіп жатса, онда пана болуға болады. Өйткені олардың елінде соғыс болып жатыр. Олардың еліне зардап келіп жатыр. Ал соғысты ашып алып, өз соғысынан өзі қашып жүргендерге біз неге пана болу керек?!

Иә, түсінем, соғысты бастаған қашып жүргендер емес. Бірақ сол халық үкіметіне айтпай ма «ей, біз бармаймыз, бізге соғыстың қажеті жоқ» десе, бүкіл халқын Путин қырып тастамайды ғой. Оларға  жер жетпей жатыр ма? Олар ертең кіріп алып, «мынау да біздің жер!» деп шықпасына кім кепіл?!

Қазір сіз болып, біз болып, қоғам болып бәріміз насихаттауымыз керек. Бұл – халықаралық іріткі салу емес! Жүрегінде намысы бар, өздерінің болашағын ойлайтын қазақ болса, келімсектерге пәтер бермек түгілі, есіктен қаратпауы тиіс.

– “Жаңа” Қазақстан жұртына айтар кеңесіңіз қандай?

– Әр қазақ кім екенін, қайдан шыққанын, ата-бабасының тарихын, олардың еңбегін білсе, бәрін өзінен бастаса екен деймін. Ешкімнің бойынан кінә іздемей, өз кемшіліктерімізбен күресіп, өзіміздің бала-шағамызды тәрбиелесек, сол кезде қоғамды түзеуге болады. Жұмыс істеп, қу тірліктің құлы бола бермей, бала-шағаға көңіл бөліп, ол бала кіммен сөйлесіп отыр, не туралы сөйлесіп отыр, қай тілде сөйлесіп отыр, соның барлығын қадағалау керек. Әрбір ата-ана баласының тәлім-тәрбиесін мұғалімнің мойнына іліп қоя бермей, үйлегі әңгімені дұрыстаса екен деймін. Бала кезімізде әкеміз дастархан басында әңгіме айтып отыратын. Әңгімесіндегі әр сөзінің түбірінде тәрбие болатын. «Кісінің алдын кесіп өтпе!», «Бірің сөйлеп жатқанда, бірің бөлме!», «Тыңдай біл!», «Түсінісе біл!»... Ата-бабаларымыздың ерлігін айтатын, дәстүрін айтатын. Қазір солай өсиет айтатын ата-аналар да қалмады. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ соның кесірінен бақытсыз бала, бақытсыз отбасы көп. Ел болам десең, бесігіңді түзе! “Жаңа” Қазақстан болам десең, өзіңді түзе! Өзіңнің бойыңдағы кемшілікпен алыс! Жақсы маман болам десең, өз қызметіңе 100 пайыздық жауапкершілікпен қара! Ұстаздардың жұмысын қағазбастылықпен, жалған есептерден арылтып, тек бала тәрбиесіне жауапты ету керек. Жаңа Қазақстаннан үміт көп. Әркім, әр маман өз жұмысын адал, мұқият атқарса, біздің болашағымыз зор!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

 

Талқылау