Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес қалай жүргізіледі

Құқық қорғау органдары жасөспірімдер қылмысының Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселелердің бірі екенін айтады. Мәселен, Астананың өзінде жыл басынан бері заң бұзушылық жасағаны үшін 4500-ден астам бала ішкі істер бөліміне жеткізілген. Жасөспірімдер не себепті қылмысқа барады және кәмелетке толмағандар қалай жазасын өтейді? Заң бұзушылықтармен күрес қалай жүргізіледі? Бұл туралы Stan.kz тілшісіне Астана қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің басшысы Нэлля Досжанова айтып берді.

Нэлля Досжанованың айтуынша, елордада жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың саны 38%-ға өскен. 

“Көбінесе жасөспірімдер алаяқтық, ұрлық яғни басқа біреудің мүлкін заңсыз иемдену секілді заң бұзушылықтар жасайды. Алайда балаларға толық түрде бас бостандығынан айыру жазасы сирек тағайындалады. Себебі олар қоғамнан алыстамауы керек. Сол себепті оларға бас бостандығын шектеу, шартты түрде соттау секілді жауапкершілік көзделген немесе тәрбиелік түсіндіру жұмыстары жүргізіледі”, – дейді Нэлля Досжанова. 

Оның сөзінше, көбінесе құқық бұзушылықтарға баратындардың дені - тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар.

“Алкоголь пайдаланатын және жасөспірімдердің қайда, кіммен және қалай уақыт өткізетініне қызығушылық танытпайтын ата-аналардың балалары құқық бұзушылықтар жасайды. Ақырында бұл жағдай жасөспірімнің қылмыс объектісіне айналуына ықпал етуі мүмкін”, – дейді елордалық ювеналды полиция қызметкері.  

Бұнымен қоса ювеналды полиция бөлімінің басшысы есірткі және нашақорлық қылмыстары бойынша жасөспірімдерді бөлімшеге әкелетін жағдайлар болатынын жасырмады. 

“Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар кәмелеттік жасқа толмаған тоғыз бала бөлімшеге жеткізілді. Біздің инспекторлар үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ білім беру ұйымдарымен мектептерде, колледждерде нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіледі. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін наркологтар да бұл шараларға қатысады”, – дейді Нэлля Досжанова. 

Бүгінде Астана қалалық полиция басқармасы ювеналды полициясы 4 бөлімшеден тұрады. Әр бөлімнің өзінің басшысы бар.

“Бізде де тек мектеп оқушыларымен жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторлары бар. Олар өзінің аумағындағы тәртіпті бақылап, мектептер мен балабақшаларда білім беру процесінің дұрыс өткенін қадағалайды. Инспекторлардың жұмысы ең біріншіден, профилактикалық шаралар өткізуге, сондай-ақ жеке консультациялар жүргізуге жұмсалады”, – дейді Нэлля  Досжанова. 

Бөлім басшысының айтуынша, мектеп инспекторларының оқушылармен тікелей жұмыс жасауы қала мектептеріндегі жағдайдың тұрақтануына себеп болған. 

“Ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысы форма киіп алып жасөспірімдерді қорқыту емес, кәмелетке толмағандармен сенімді қарым-қатынас орнату. Мұнымен қатар инспекторлар мектептерде лекция оқып, ата-аналардың жиналысына қатысады. Жеке консультация оқу орнында төбелеске қатысқан немесе көшеде ұсақ бұзақылық жасаған балалармен жүргізіледі. Себебі оларды жауапкершілікке тартуға жасы сәйкес келмейді”, – дейді ювеналды полиция бөлімінің басшысы. 

Сонымен қатар маман инспектордың белгілі бір жұмысы ата-аналармен байланысты екенін сөз етті.

“Біз заң бұзушылық жасаған жасөспірімдермен ғана емес қаладағы кішкентай балалары бар бүкіл ата-анамен жұмыс жасаймыз. Кішкентай балалардың құқықтық мәртебесін қорғай отырып, оларға көмек көрсетеміз. Жыл басынан бері кішкентай балаларын қараусыз қалдырған, алкоголь немесе есірткі тұтынып бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеген 10-нан астам ата-ана жауапқа тартылды. Сот оларды ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдады”, – дейді инспектор. 

Нэлля Досжанова сонымен қатар инспекторлардың кәмелет жасына толмаған баласын тәрбиелеуден жалтарғаны үшін ата-аналарға әкімшілік хаттама толтыруға құқы барын жеткізді. 

“Жыл басынан бері Астанадағы ішкі істер бөліміне 4500-ден астам жасөспірім жеткізілді. Соның ішінде 743 бала мен 3157 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Біз баланың құқығын бұзған ересектермен де жұмыс жасаймыз. Мәселен, жасөспірімдерге темекі және алкоголь өнімдерін сатқан, сондай-ақ тыйым салынған ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін 105 азамат жауапқа тартылды”, – дейді ювеналды полиция қызметкері. 

Ювеналды полиция бөлімінің басшысы жасөспірім қылмыс жасаған жағдайда оған тағайындалған шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасының салдары жайлы айтты. Сөзінше, мұндай жастар кейіннен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. 

Талқылау