Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лексусымды сатып, ұлыма 3,5 миллионға баян сатып әпердім": 18 бала асырап отырған отбасы Рим Папасының алдында өнер көрсетіп, әлемге танылды

Ақтөбеде тұратын ерлі-зайыпты Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова 18 бала­ны бауырына басып, оларды жастайынан өнерге баулып жүр. Өткен аптада отба­сы ансамбль болып Рим Папасының ал­дын­да өнер көрсетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Түркістан газетіне сілтеме жасап. 

Өмірхан Жетесов Ақтөбе облысы Байғанин ауда­нын­да туып-өскен. 1-сыныпқа көш­кен кезінде ол анасынан айырылыпты. Ер адам 18 баланы асырап алуға не түрткі болғанын әңгімелеп берді. 

“Әскерден оралғаннан кейін де мал ба­ғып, одан түскен табысқа, қай­мақ-майға тойып, қарнымыз қампайып жүре бердік. Еш­теңеге алаңдамадық. Горбачев Кеңес үкіметін құлатпағанда мал бағып жүрер едік, бәл­кім, кім біліпті. Кейін тоқырауға тап бо­лып, амалымыздың жоғынан қалаға көштік. 2000 жылы "Мәдениетті қолдау жылы" болып бе­кітілгендіктен, сол жылы бұл салаға ерекше көңіл бөлінді. Термешіліктен бөлек, тойларда асаба болып жұмыс істедім. Ол кезде қазіргідей емес, асаба тапшы кез. Жолдасым Амангүл ән­ді керемет орындайды. Содан Yamaha сатып алып, екеуіміз өңірдегі бүкіл ауылды аралап, кон­церт қойып, той-томалақ басқардық. Ха­лықтың қошаметі аса жоғары болғаны сон­ша, тік тұрып қарсы алып, қимай шығарып са­латын”, – деп әңгімесін бастады Өмірхан Жетесов. 

Осылайша ерлі-зайыпты тойдан түскен қаражатқа Ақ­тө­бенің қақ ортасынан үлкен үй сатып алған.

“Жағ­дайымыз өте жақсы болды. Мінбеген кө­лігіміз жоқ. Мал бағып өскен мен бұрын-соң­ды ондайды көрмегенмін, анадай қымбат кө­лік мінемін деп ойлаған емеспін. Менің тіпті Жигулиім де болған жоқ. 2004 жылы бір айда 1, 5 миллион теңге таптым десем, қазір еш­кім сенбес. Бірақ расымен солай болды. Аман­гүл екеуіміз күн-түнге қарамай жұмыс істе­дік. Тоғыз жолдың торабында тұрған жол­да бір-бірімізге қисайып ұйықтағандай бо­ла­мыз немесе той иесінің мазасын алмайық деп үйінің маңына тоқтап, көз шырымын алып, со­­сын жаңа ғана келгендей ауласына кіріп бара­­тынбыз”, – дейді үйдің отағасы. 

Осы уақытта ерлі-зайыптының балалары ер жетіп, отбасын құрған. Алайда олар үйдің іші бос қалмасын, күлкі мен шаттыққа толсын деген ниетте бала асырамақ болып шешеді. 

“Сол уақыт ішінде тапқан қаражатқа мей­­­­рам­ха­на салып немесе әншілеріміз секілді қазір Түр­киядан үй алып, рахаттанып жүруіме бо­лар еді. Бірақ анасыз өскендіктен, мен секілді ана­­ның жылу сөзі мен мейіріміне зәру болған б­алаларды қамқорлығыма алайын, үлкен үйім­нің ішін күлкі мен шаттыққа толтырайын деп балалар үйіне бет алдым”, – дейді ол. 

Басында бір ғана бала асырап аламыз деп ойладық.

Өмірхан Жетесов басында балалар үйіне барғанда бір ғана бала асырап аламыз деп ойлаған. Алайда бір-бірінен айырылғысы келмеген үш жеткіншекті қатар асырып алған көрінеді. 

“Қазір домбырада шебер ой­­найтын ұлым Даниярды "Үміт" үйінен бай­қап, оны қайтсек те асырап аламыз деп жүр­ген­де бір күні оны балалар үйінен алып кет­кенін хабарлады. Әйелім екеуіміз жан­тала­сып барсақ, оны Алғадағы балалар үйіне қарасты балабақшаға ауыстырған екен. Сол кезде қара көзді қыз балаға назарымыз ауып, Амангүл екеуіміз "оны да асырап алсақ қайтеді?" деп бір-бірімізге қалжыңдағанымыз есімде. Оны аме­рикалықтар асырап алғалы жатқанын естіг­ен соң, айқай шығарып, ақырында оны Да­н­иярмен бірге асырап аламыз деп шештік. Ол екеуін көру үшін бәленбай шақырымда ор­наласқан балалар үйіне 40 күн бойы қаты­нап жүрдік”, – дейді отағасы. 

Сөйтіп жүргенде 13 жастағы бір қыз "мұнда күн көре алмаймын, мені де алыңыз­даршы" деп жылап,  Өмірхан Жетосовтің алдына тұрып алып, жібермей қойған. 

“Оны аяп, ақырында үш бірдей баланы асырап алдық. Әдепкіде бойды үрей билегені рас, бірақ үшеуі туғанымыздай болып "жа­бы­сып", бізді жақын тартқаны сонша, тон­ның ішкі бауындай бір-бірімізді іздеп тұра­тынды шығардық. Сосын "балаң – бауыр етің" деген сөздің бекерге айтылмағанына көз жетіп, алдымен бесеуін, сосын үшеуін, кейін тағы үшеуін асырап, ақыр соңында үйіміздің іші қалайша 18 балаға толғанын сезбей қал­дық. Көбі "Екі адам 18 баланы қалай асырап жет­кізе алады?" деп сұрап, таңғалып жатады”, – дейді музыкант. 

Он сегіз баланың әрбірін алты жасында өнер мектебіне бердік

Айтуынша, ерлі-зайыпты "балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұм­са" деген түйінмен балаларды тәрбиелегенін айтады. 

“Бірақ біз жұ­мыс­қа салмадық, есесіне өнерге баулыдық. Әр­бірін алты жастан бастап Қазанғап атын­дағы өнер мектебіне бердік. Содан бері оларда бос уақыт жоқ. Біреуі қобызын, енді бірі дом­быра­сын арқалап, сабаққа кетеді. Бала­ларға ойнайтын алаңқай қажет болған соң иелі­гімдегі 240 шаршы метр аумақты 360 шаршы метр­ге үлкейтіп, аула, алаңқай салдым. Ке­зінде әкім үш қабатты үй салып беретінін айт­қан еді, бірақ ол да іске аспады. Үкіметтен бірде-бір көмек сұрамай, өз күшіммен аула, алаңқай жасадым. Сабақтан келген соң балалар сонда ойнайды. Сосын үйге келіп ре­пе­тиция жасайды. Бос уақытын тиімді пай­далана алмайтын бала бірдеңеге ұрынатыны хақ”, – дейді Өмірхан Жетесов. 

Бүгінде екі ба­ласы Астанада Шабыт университетінде білім алса, қалған сегізі А. Жұбанов атындағы Ақтөбе му­зыкалық колледжінде оқиды. Қалғаны – өнер мектебінің оқушылары. 

“Отбасымда бес орыс бала тәрбиеленуде. Оның үшеуі – ағайындылар. Үйдің үлкені – 21 жастағы Даниил. Қыздың кішісі Са­ша, бірақ біз оны Жарқынай деп атаймыз. Жарқынай – үш үйден қайтып келген балақай. Үш ата-ана да оны қабылдай алмай, балалар үйі­не қайта алып келген. Біз сол жаққа кон­церт қоюға барғанымызда әбіржіген, шашы ұй­па-тұйпа болған оны көріп, жүрегіміз ауыр­ды. Сосын ол бізбен бірге барғысы келетінін айт­қан соң бес жасында үйімізге алып келдік. Алғашында Амангүл екеуіміз қасымызға алып, бірге ұйықтадық. Біресе мені, біресе Амангүлді құшақтап, ата-ана мейіріміне сусап қалғанын байқап, көзімізге жас алдық. Любовь деген қы­зымызды Махаббат, ал Снежананы Гүлімай деп атаймыз. Ал Тихон деген термеші балам "мені Темірхан деп атаңдар" деді”, – дейді музыкант. 

Туған қызым мен бауырыма басқан балам шаңырақ көтерді

Өмірхан Жетесовтің сөзінше, туған қызы асырап алып, бауырына басқан баласына үйленіп, отбасы атаныпты. 

“Құндызай Шабыт уни­вер­ситетіне оқуға түскен кезде баянда ше­бер ойнайтын балам Дамир осында кол­ледж­де соңғы курста оқитын. Сосын Дамир Аман­гүлге Құндызайға сезімі бар екенін, он­сыз өмір сүре алмайтынын, бірақ жария қы­лайын десе, бізден ұялып жүргенін айтқан. Қы­зыма хабарлассам, оның да балаға деген се­зімі бар екен. Сөйтіп, екеуі бас қосып, отау іші­нен отау тікті”, – дейді ол. 

Алайда екеуінің көңіл жарас­тырға­нын естіген туыстары "Ата-анасы жоқ бала­ға қызыңды қалай бересің?" деген секілді сөздерін жаудырған. 

“Дамирді бауырыма бастың демесеңіз, ол – туғанымдай болып кеткен аса қымбатты жан. Қызымның Дамир секілді жігіттің етегінен ұста­ғанына алақайлап қуанбасам, налы­май­мын. Оның ешкімді қорламайтын, қамқор­лықсыз қалдырмайтын жігіт болып өсіп шыға келгеніне көзім жеткен соң келісімімді бердім. Бүгінде үлкен ұлымнан төрт немере, қызым­нан үш жиен сүйіп отырмын. Он үш жасында бауырыма басқан қызым да тұрмыста. Одан бір жиеніміз бар”, – дейді отағасы. 

Лексусымды сатып, ұлыма 3,5 миллионға баян сатып әпердім

Ер адам балаларын сабағы мен секциясына таситын автобус қажет екенін айтып, Мәдениет министріне талай рет хат жазған екен. Бірақ еш­теңе өнбепті.

“Кезінде Лексус маркалы көлігім болды, бірақ оны сатып, түскен ақшаға екі балама 1 мил­лион теңге тұратын домбыра, сосын екі балама құны 2,5 және 3,5 миллион теңге бола­тын баян сатып әпердім. Сөйтіп, өзім жаяу қал­дым. Сол кезде балам "Неге өйттің?" деп рен­жіп сұрағанда "Барлығы өз уақытымен ор­нына келеді, балам. Бастысы, сендер ас­пап­сыз жүрмеңдер, ешкімге жәутеңдемеңдер" деп жұбаттым. Шынымды айтайын, басында баян­ның бағасын білген кезде төбемнен жай түс­кендей болды. Оны соншалық қымбат тұрады деп ойламаппын. Әдепкіде балаларға 200 мың теңгеге баян алып беріп, сонымен үйреніп жүр­ген еді. Кейін апайы оның жарамайтынын, құны 3,5 миллион болатын баян алу керек еке­нін айтты”, – дейді музыкант.

Рим Папасының арқасында әлемге танылдық

“Жазда белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтан дәріс алу үшін бас қалаға бар­дық. Сол кезде ақтөбелік бір жігіттің ша­қы­руымен Достық үйінде маңызды тұлға­лардың қатысуымен өтетін басқосуда өнер көрсеттік. Дәлізде өнер көрсетіп отырғаны­мыз­да арамызда орыстардың ұлттық аспап тар­тып отырғанын байқаған Сергей есімді шір­кеу қызметшісі телефонына түсіріп жүр­генін байқадым. Сосын қасыма жақындап сұрас­тырғанда олар менің балаларым екенін ай­тып едім, ол таңғалып, бізбен ұзақ сөйлесіп тұ­рып алды. Сөйтіп, онымен жақсы дос болып ал­дық. Содан соң ол бізді шіркеуге шақырып, он­да концерт өткіздік”, – дейді ол. 

Айтуынша ондағылар отбасыға қар­жылай көмек көрсеткен. 

“Сосын ол Рим Папасы ел­ге келетінін, бізді оны қарсы алуға шақыра­тынын айтты. Бірақ біз көңілімізге қарап, асыра айтып тұрған болар деп сенбедік. Кейін өзі хабарласып, билет алып қойғанын, нақ­ты қай күні келетінімізді айтқанда барып қана сендік. Сол кезде Сенаттан хабарласып, 15 күн ішінде бізге жаңа киімдер тігіп берді. Осы­лайша, Рим Папасының арқасында киініп қал­дық. Рим Папасы шіркеуге кірер тұста өнер көр­сетіп отырған жерімізде кідіріп, біздің өне­рімізді тамашалап, қол соқты. Керемет әсер алдық”, – деп аяқтады сөзін Өмірхан Жетесов. 

Талқылау