Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құдды бір террорист секілді сүйреп, полиция бөлімінен шығармай қойды": Смайыловтың кортежін суретке түсіремін деп басы дауға қалған журналист оқиғаның қалай болғанын айтты

Ақтөбе облысының апелляциялық соты журналист Ардақ Ерубаеваға шыққан сот шешімінің күшін жойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Премьер-министрдің кортежі. Журналистің жеке мұрағатынан

Айта кетсек, журналист Ардақ Ерубаеваға премьер-министрдің кортежін суретке түсірмек болғаны үшін "полицейлердің заңды талабына бағынбады" деген айып тағылған болатын. Ерубаева мен адвокаты Сейсенбай Делманов соттың бірінші инстанциясының шешімімен келіспей, оны апелляцияға жүгінген.

Stan.kz тілшісі журналистің өзінен оқиға туралы егжей-тегжейлі сұрап білді. Сөзінше, полиция оны ұстап әкетіп, бөлімшеде төрт сағат ұстағанымен қоймай, журналиске жалған айып таққан. 

“Полиция қызметкерлері алдыма тұрып алып, үкімет басшысының кортежін суретке түсіруге кедергі келтірді. Бір уақытта олар мені күшпен, еркімнен тыс көліктеріне отырғызды. Журналистік куәлігімді көрсеткеніме қарамастан телефонымды тартып алды. Мені күштеп сүйреп көлікке отырғызғандықтан тіпті қолдарым көгеріп қалды. Заң жүзінде құқық қорғау органдары үш сағаттан артық ұстамауы керек еді. Алайда олар мені полиция бөлімшесінде төрт сағат бойы ұстап, бас бостандығымды шектеді”, –дейді Ардақ Ерубаева.

Қызметін асыра пайдаланғаны үшін журналист тәртіп сақшыларының үстінен арыз жазғанын сөз етті. 

“Түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында арызымды қайтарып алуымды сұрады. Егер арызымды қайтарсам, үстімнен рапорт жазбайтындарын айтты. Бірақ олардың айтқанымен келіспедім”, – дейді журналист. 

Ардақ Ерубаева

Осыдан кейін журналистке полицейлер “билік өкіліне бағынбады, гүлді басты” деген айып таққан. 

“Полиция бөліміне барғанда адвокат сұраған болатынмын. Бірақ олар қорғаушы беруден бас тартты. Онымен қоймай қызметкерлердің үстінен 31 тамызда арыз жазғаныма қарамастан шағымымды 1 қыркүйекте бір-ақ тіркеген. Бұны да өздерінің пайдасына шешу үшін жасап отыр. Яғни, олар арызымды рапорттан кейін тіркеу үшін мұны әдейі ойластырған. Шағымымда тәртіп сақшыларының дене-жарақатын келтіргенін де анықтап тұрып көрсеткенмін. Алайда құқық қорғау органдарының өкілдері сот-медициналық сараптамасын тағайындамады. Өзім дәрігерге қаралып, тиісті  анықтамаларды өткіздім. Соған қарамастан судья полицейлердің пайдасына шешім шығарып, маған ескерту жасады”, – деп қосты ол. 

Ардақ Ерубаева судья тарапынан да дөрекілік көргенін жеткізді. Тіпті оның сот отырысын офлайн өткізу туралы өтініші де ескерілмепті. 

“Судьяның өзі бейтараптылықты сақтамай, “басқаларынан ерекше ме едің, неге офлайн өтуін сұрап тұрсың?” деген сынды көңілге тиетіндей сөздер айтты. Бұған қоса сот отырысына далада полиция бөлімшесінің алдында онлайн қосылдық. Полиция ұсынған видеода гүлді басқаным, билік өкіліне бағынбағаным емес, керісінше олардың мені сүйреп, қысым көрсеткені анық байқалады.

“Баспасөз” деген кеудешінің болмағанын мойындаймын. Бірақ қазір комменданттық сағат емес қой. Әкімшілік ғимаратқа, барлығы жай киіммен бара беретіні белгілі.  Бұнымен қоса олар журналистік куәлігім болмағанын айтыпты. Алайда қолымда құжатым бар еді. Полиция қызметкерлері менен ешқандай да құжат сұрамады. Өздері де еш құжат көрсетпестен, кім екенін айтпастан маған күш көрсетті. Құдды бір террорист секілді сүйреп, полиция бөлімінен шығармай қойды”, – деп налиды Ардақ Ерубаева. 

Бұған қоса ол полицейдің үстінен жазған арызы әлі қаралмағанын тілге тиек етті. 

Айта кетсек, апелляциялық сот журналистің шағымын қанағаттандырып, бастапқы шешімнің күшін жойды. 

“Ақтөбе облыстық апелляциялық сотының судьясы Ботагөз Алмасбаева ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі “Құқық қорғау органдарының талабына бағынбау” бойынша әкімшілік істі қарап, адвокаттың шағымы бойынша Ақтөбе қалалық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі Ардақ Ерубаеваға қатысты сот шешімінің күшін жою және оған қатысты істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Оның іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмады”, – делінген Ақтөбе облыстық сотының шешімінде. 

Айта кетсек, бұған дейін премьер-министр Әлихан Смайыловтың баспасөз хатшысы журналиске араша түскен болатын.

“Ол қала ішінде облыс әкімдігі тарапынан ұсынылған қызметтік шағын автобуспен жүрді. Ешкімге көлікті фотосуретке немесе видеоға түсіруге тыйым салынған жоқ”, – деп жазды Қанат Құлшыманов. 

Талқылау