Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысындағы жантүршігерлік жол апаты: Көз жұмғандардың дәрігерлер екені белгілі болды

Қарағанды облысында жол апатынан екі дәрігер қаза тауып, Балқаш қаласы емханасының сегіз медицина қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік апатынан Балқаш қаласындағы “Жезған медициналық орталығы” ЖШС емханасының 2 дәрігері қаза болып, 8 медицина  қызметкер зардап шеккен.

“Дәрігерлер Балқаш қаласындағы “Қазақмыс” компаниясының жұмысшыларын профилактикалық қарап-тексеруден қайтып келе жатқан болатын. Олар мінген автобус МАЗ маркалы  жүк автокөлігімен соқтығысып,  жол апатына ұшырады. Министрлік атынан қапияда көз жұмған Кенжеханова Виктория Ислямқызы мен Қыстаубаева Бақыт Рашитқызының  жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтамыз”, – делінген хабарламада. 

Министрліктің дерегінше, отоларинголог Виктория Кенжеханова мен офтольмолог дәрігер Бақыт Қыстаубаева азаматтардың денсаулығын қорғауға ондаған жыл ғұмырын сарп еткен нағыз кәсіби мамандар болған. 

Бұған дейін Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбург тас жолында жүк көлігі мен автобус соқтығысып, төрт адам көз жұмғанын жазған болатынбыз. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобуста 11 жолаушы болған. Апат салдарынан екі автокөліктің жүргізушісі мен автобустың бір жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапса, автобустың тағы бір жолаушысы жедел жәрдем көлігінде жан тапсырған. 

AstanaTV мәліметтері бойынша, МАЗ ауыр цистернамен келе жатқан. Салдарынан соққы өте күшті болған. 

Аман қалған медицина қызметкерлері Приозерск және Балқаш қалаларындағы ауруханаларға жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр деп бағалануда. 

Талқылау