Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теріс діни ағымның шырмауына түскен қазақстандықтар қайда жүгіне алады

Алматыдағы Дін істері жөніндегі басқарманың жанындағы "Кеңес беру және оңалту" орталығы жыл басынан бері жат діни ағымдардың жетегіне ерген 800-ге жуық адамға көмектескен. Олардың ішінде түрмеде отырғандар мен өзге ұлт өкілдері де бар көрінеді. Деструктивті діни ағымнан көбіне кімдер зардап шегеді? Орталық оларға қалай көмек көрсетеді? Бұл туралы теолог Руслан Қайыргелді айтып берді. 

Орталық директоры, теолог Руслан Қайыргелді 2021 жылдың өзінде мамандардың көмегіне мыңнан аса адам көмек сұрап келгенін айтады. Дегенмен былтырмен салыстырғанда жыл басынан бері орталыққа келетіндер саны біршама артқан. 

Жат ағым өкілдері адамның сеніміне кіріп, қамқорлық танытады

Теолог маман діни ағымның жетегіне кіріп кетудің бірнеше факторын атады. Ең біріншісі – діни сауатсыздық.

“Қазіргі қоғамда үлкені болсын, кішісі болсын әлеуметтік желіде өмір сүреді. Ал әлеуметтік желіде діни жат ағым өкілдері өте белсенді. Бұрындары жат ағым өкілдерінің басшылары қол астындағыларға фото мен видеоға түсуге тыйым салатын. Өздері де түспейтін. Тек жеке куәлік, көлік жүргізуші куәлігін алу үшін ғана суретке түсуге рұқсат беретін. Ал қазір олар да  әлеуметтік желі дамығанын пайдаланып, әсіресе Instagram, TikTok желілерінде белсенділік танытуда. Мұндай адамдардың аудиториясы өте үлкен. Яғни олар сұранысқа қарай сол жерге үгіт-насихаттарын жүргізе беретінін байқауға болады.

Мәселен, адамдар олардың TikTok-тағы видеоларын көріп қалса, парақшасын тексере бастайды. Осылайша бірінші-екінші деп қызықтап отырып біраз айтқандарын көреді. Міне, осындай жағдайда адамда діни сауаттылық болса, көрген-білген ақпаратын сүзгіден өткізе алады. Егер діни сауатты болмаса осындай жат ағым өкілдерінің артынан еріп кетуі мүмкін”, – дейді ол. 

Руслан Қайыргелді тұлға ретінде әлсіз адамдар осы жат ағымның жетегінде кетуге бейім келетінін жеткізді. Әсіресе, қоғамда өзінің орнын таппай адасып жүргендер олардың арбауына тез түсуі мүмкін. 

“Мысал ретінде 25 жастағы жігітті алайық. Оның белгілі бір араласатын ортасы болады. Бірақ ол жерде өзін ыңғайлы сезінбейді, достары келеке жасайды, кемсітеді деген сияқты. Сондай-ақ, өмірде түрлі жағдайларға ұшырап, өз мәселелерімен жеке қалып қалған адамдар бар. Осындай жастар діни жат ағым өкілдерінің ортасына түскен кезде қамқорлыққа алынады. Тіпті, кейбір жағдайларда кәсіптерін жүргізуге, аяқтан тұруларына көмектеседі. Оларды бауырым деп атап, өз жағына шығара бастайды. Үйіне қонаққа шақырып, кәдімгідей қамқорлық танытады. Осылайша, мұндайлардың ортасына түскендер өзін қоғамға және достарына керек адам ретінде сезінеді. Жат ағым өкілдері не істейді, ол да соның айтқанын қайталайтын болады”, – дейді теолог. 

Жат ағымға әкесі кіргізген

Сонымен қатар, орталық директоры адамдардың жат ағымға кіріп кетуіне туыстары әсер ететінін сөз етті.

“Мәселен, кеше бір әйел әкесінің кесірінен теріс ағымның жетегіне ерген баласын ертіп келді. Әйел жұбайымен алты жыл бұрын ажырасып кеткен. Ал, әкесі жат діни ағымының нағыз өкілі, уағыздаушысы екен. Баласына әлеуметтік желілерден видеолар, түрлі сілтемелер, лекциялар, сабақтар жіберіп отырған көрінеді. Бала бәрін тыңдай бергеннен кейін сондай күйге түсіп отыр”, – дейді Руслан Қайыргелді. 

Маманның сөзінше, жат ағымның құлына айналған ұлын анасы жылап тұрып, алып келген. Тіпті, әкесінің ұлына жазған хаттарында оның арам пиғылы айқын аңғарылады, дейді маман. 

“Сен еркексің! Анаңды сыйла, бірақ оның айтқанын тыңдауға міндетті емессің! Менің балам болғаннан кейін айтқанымды тыңдауың керек!” деген секілді сөздер бар. Теріс ағымда еріп кеткендердің арасында не істеп жүргенін білмейтіндер де табылады. Мысалы, мына баланың дін туралы білімі жоқ, тек әкесінің үйретуімен ғана жүр. Біз онымен бірнеше рет кездестік. Әлі күнге дейін байланысып тұрамыз. Біраз ақпарат алмасудың арқасында ол бүгінгі таңда райынан қайтты. Бірақ біз құқығымыз жоқ болған соң оның әкесімен араласуына шектеу қоя алмадық”, – дейді Руслан Қайыргелді. 

Теріс ағымның шырмауына түскендерге қандай көмек көрсетіледі?

Бүгінде орталықта оннан астам маман жұмыс істейді. Орталық басшысының сөзіне сүйенсек, жат ағымның шырмауына түскен  қыз-келіншектерге қол үшін созу үшін әйел мамандар да жұмыс істейді. Бұнымен қоса, мекеме қызметкерлері әр ай сайын 9-10 рет түрмеге барып, сотталушыларға кеңес беріп отырады. 

“Бізде діни жат ағымдарды егжей-тегжейлі шығу тегінен бастап, мақсат-мүддесі қандай, неге алып баратынына дейін зерттеген мамандар жұмыс істейді. Біз алдымен жат ағымға кіріп кеткендермен сөйлесіп, диалог құрамыз. Дұрыс бағыт-бағдар береміз. Осы әңгімелесіп, сөйлескеннен кейін оңалтуға да ықпал жасаймыз. Өзіміздің әдіс-тәсілдеріміз бар. Сондай-ақ, кейбір жағдайларда біз олардың жұмысқа тұруына, білім алуына көмектесеміз. Соңғы рет бір кісіге электр маманының оқуын оқытып, жұмысқа тұрғыздық”, – дейді Теолог. 

Руслан Қайыргелдінің айтуынша, көбінесе жат ағымға түсіп кеткен адамдардың жақындары көмек сұрайды.

“Тура жолға салып беруімізді сұрап, туыстарымен, отбасымен қарым-қатынасы бұзылғанын айтады. Сонымен қатар олар екінші, үшінші әйел алуға құмар болады. Солайша өз әйелімен ажырасып, бала-шағасын тастап кететіндер де баршылық. Бірінші туыстарына немесе таныстарына кеңесімізді беріп, кейін өзімен жеке кездесу ұйымдастыруды сұраймыз”, – дейді ол. 

Теріс ағымның жетегіне тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де еріп кетеді

Теолог жат ағым өкілдерінің әлеуметтік желідегі лекцияларының 85%-ы орыс тілінде жазылғанын тілге тиек етті. Сол себепті басқа ұлт өкілдері де бұлардың қатарына қосылады екен. 

“Теріс ағымға кіріп кеткендер арасында басқа ұлт өкілдері де кездеседі. Мәселен, теріс ағымға кіріп кеткендер арасында бір орыс жігіт болды. Алғашында айтқан бетінен қайтпайтын. Үш рет кездестік. Келген сайын сол ағымдағы көзқарасын қорғап шығатын. Соңғы кездесуде “кім жеңеді, соның жағында қаламын” деп келісті. Жүздесу тіпті, кеңес беру орталығынан тыс жерде болды. Ақыры оны өз дегенімізге көндіріп, біздің тараптың ұстанымының дұрыс екенін дәлелдедік. Қазір таңда ол жігіт бізге көмектесіп, жат ағым өкілдерімен күресіп жүр”, – дейді дінтанушы. 

Сөз соңында орталық басшысы деструктивті және радикалды діни ұйымдардың қызметінен зардап шеккендерге арналған арнайы нөмір бар екенін ескертті. 

"Егер жақыныңыз немесе өзіңізге көмек қажет болса, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығына» мына нөмірлер арқылы хабарласуларыңызға болады: ерлерге арналған жедел желі: +7(701)120-75-70, әйелдерге арналған желі: +77011207503», - деп түйіндеді Руслан Қайыргелді.

Талқылау