Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір-екі рет ішімдік ішу – алкогольге тәуелділікке бір қадам жақын болу: Елордалық нарколог маскүнемдерді емдеу қалай жүргізілетінін айтты

Алкогольге тәуелділік - созылмалы ауру. Бұл бірнеше негізгі кезеңдерден өтеді, ал кезең неғұрлым жоғары болған сайын оны емдеу қиындай түседі. Осылай деген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Қалалық психикалық денсаулық орталығы" директорының орынбасары Гаухар Теміржанқызы бұл мәселеге жай ғана дағды деп қарауға болмайтынын айтады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында сарапшы ішімдікке тәуелділік қандай сатылардан өтетінін және оны емдеу қалай жүзеге асырылатынын айтты. 

Нұр-Сұлтан қаласында биыл маскүнемдік бойынша тіркеуде тұрғандардың былтырғы жартыжылдықпен салыстыртырғанда 15 пайызға төмендеген. Жалпы, қала бойынша психотипті заттарға тәуелділердің саны 8000-ға жуық болса, соның 7000-ға жуығы алкогольдік ішімдіктерге тәуелді адамдардың саны көрінеді. 

“Әрине, бұл тек тіркеуде тұрған адамдардың саны ғана. Маскүнемдер көрсеткішінің15 %-ға азаю себебі тұтынушылар санының кемігеніне байланысты емес. Бұған кейбір заңнамалардың өзгеріске ұшырағаны және жеке емдеу клиникаларының көптеп пайда бола бастағаны әсер етіп отыр. Ал түптеп келгенде алкоголь тұтынушылар санының өскенін байқап отырмыз. Мемлекеттік мекеме болғандықтан бізге тіркеуге ілінуден қорқып, көп келе бермейді. Дегенмен жекеменшіктерге қарағанда біздің орталықта емдеу тегін түрде жүзеге асырылады", – дейді дәрігер. 

Ол әсіресе ішімдікке салынғандардың арасында жастардың көбеюі - алаңдатарлық жағдай дейді.

“Күннен күнге, жылдан жылға маскүнемдердің жасы төмендеп бара жатыр. Мәселен, бұрын орташа жас 50-55 болса, қазір 40-45 жасқа жетті. Орталығымызда 7000-ға жуық алкогольге тәуелді адамдар бар десек, соның 1200-і әйелдер. Былтырғы жылмен бір деңгейде тұр. Алайда жас келіншектердің арасында да алкогольге тәуелділер саны артып отырғанын байқауға болады. Біздегі есеп бойынша емделіп шыққандардың арасындағы ремисиялық жағдай, яғни ішімдік тұтынбайтын адамдардың саны былтырғы жылға қарағанда көбейіп отыр. Тіркеуде тұрғандардың 45%-ы ішімдікті тұтынбайды ”, – дейді ол. 

Айтуынша, күніне орталыққа орта есеппен 15-20 адам көмек сұрап келеді. Оның ішінде 80%-ы ішімдікке салынғандар болып шығатын көрінеді. 

“Алкоголизм гипертермия, қант диабеті секілді созылмалы аурулардың қатарына жатады. Біздің орталық көп адамдардың ішпей, тастап кетуіне үлкен көмек көрсетеміз. Әрине, алкоголизм жағдайынан арылуға адамның қоршаған ортасы, туысқандары тікелей әсер етеді. Бұл ауру бір-екі аптаның ішінде емделіп кетпейді. Диагноз қойылғаннан кейін медициналық сауықтыру шаралары қолданылып, емделіп бітті деген науқастарымыз да қайта келіп жататын жағдайлар болады. Егер көмек сұрап келгендердің қосымша, хирургиялық патология, неврологиялық патология, өміріне қауіп төндіретін аурулары болмаса, барлық азаматқа көмектесе аламыз. Өз еркімен келіп емделемін деген жандардың ешқайсысына жоқ демейміз”, – дейді Гаухар Теміржанқызы. 

Бүгінгі таңда орталықта 230 бюджеттік төсек-орын бар. Қазіргі таңда бұл орындарда 228 адам ем қабылдап жатыр. 

Аптасына бір рет достарыңызбен бірге барға барып ішу дұрыс па?

Дәрігер-наркологтың сөзінше, біріншіден алкогольді тұтынатын адамның ішімдік ішу әдетіне мән беру керек. Аптасына бір-екі рет алкоголь ішу деген тәуелділікке таяу, бір қадам жақын тұр дегенді білдіреді.

“Алкоголизм бір-екі күнде пайда болатын ауру емес, бұл жылдар бойы қалыптасады. Әркімнің физиологиясына байланысты әр адам тәуелділікке әрқалай келеді. Мысалы, әйелдер мен жастар ішімдікке тез тәуелді болады. Өйткені жас организм алкогольді ішімдіктерге бейім болады. Егер бір аптада бір рет немесе екі рет ішімдік ішсе, жарты жылдан кейін одан да жиі тұтынатын жағдайға жетеді. Осылайша, жиі-жиі алкоголь ішудің арты маскүнемдікке әкеп соғады”, – дейді ол. 

Гаухар Теміржанқызы атап өткендей, алкогольге тәуелділіктің бірінші кезеңінде адам ішімдікке деген құштарлығын өзі де байқай бастайды. 

“Аптасына бір рет болсын, алкоголь тұтынатын адам сол күнді тағатсыздана күтіп жүреді. Егер ішімдік ішпей қалса, себеп іздей бастайды. Күн жақындаған сайын соған асығады. Мұны біз психологиялық тәуелділік деп атаймыз. Ал бұл ішімдікке салынудың бірінші сатысы деп атай беруімізге болады”, – дейді маман. 

Ал алкоголизмнің екінші сатысында ішімдікке тәуелді адамның түнде ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті жоғалады.

“Бізге көбінесе науқастар осы екінші және үшінші сатысында келіп, түсіп жатады. Бірінші саты кезінде адам өзін аурумын деп мойындамайды. Сондай-ақ жақындары да оны ауру деп ойламайды. Өйткені кейбір отбасыларда, кейбір бірлестіктерде бұл дүние қалыптасып кеткен. Негізінде бұл қалыпты жағдай емес, керісінше алаңдатарлық дүние болуы тиіс”, – дейді Гаухар Теміржанқызы. 

"Тәуелді" анықтамасын қалай түсіндіруге болады? 

Маман әр адамның физиологиясы мен психологиясына байланысты алкогольді сусындарды іше алатын көлемі немесе шегі бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, адамның маскүнемдікке ұшырап-ұшырамауына  үш фактор: психологиялық, биологиялық және әлеуметтік  факторлар әсер етеді. 

“Бүгінгі таңда ең маңызды фактордың бірі – биологиялық фактор. Егер отбасында адамның әке-шешесі немесе туыстары ішімдікке салынған болса, оның да ішімдікке құмар болу мүмкіндігі арта түседі. Бұл жағдайда спирттік ішімдіктерден мүлде бас тартқан жөн. Себебі генетикалық факторлар өзіне тартып алып кетуі мүмкін. Алкоголизм негізінде тұқым қуаламайды, бірақ оған бейімділік жағдайы тұқым қуалайды. Мысалға, әке-шешесі алкогольге тәуелді болса, баласы да басқа нәрсеге тәуелді болуы мүмкін. Бізде ішімдікке салынған әйел адамдардың қыздары міндетті түрде 80%-ы ішімдікке әуес болады”, – дейді нарколог. 

Бұған қоса ол тағы ішімдікке тәуелділікке алып келетін тағы бір факторды атады.

“Сондай-ақ кейбір кезде адамдар ұялшақ, көпшіліктің арасында өзін ыңғайсыз сезінеді. Осы жағдайда алкоголь адамды еркін сезінуге, басқа адамдармен қарым-қатынас орнатуға көмектесетін секілді болып көрінеді. Сол себепті де адамдар ішіп алып, өзін жайлы ұстауға жағдай жасадым деп ойлауы мүмкін. Алайда бұлай бірте-бірте ішімдікті қолдану тәуелділікке әкеп соғады. Бұл – психологиялық фактор”, – дейді Гаухар Теміржанқызы. 

Физикалық тәуелділік кезінде адамдар бірте-бірте ішімдіктің мөлшерін көбейтеді, дейді дәрігер. Себебі алкогольдің бұрынғы мөлшері оған әсер етпегендіктен, ол спирттік сусынды көбірек іше бастайды.

“Ал организмде ішімдіктің мөлшері көбейсе, адам құсқысы келіп, мазасы қашады. Ал құсу рефлексі - организмнің қорғау рефлексі. Ағзаның осы рефлексі жоғалып кетсе, онда бұл алкоголизмнің екінші сатысына басталды деген сөз. Бұл кезде азаматтар ішімдікті бірнеше күн бойы тоқтамай ішіп кетуі мүмкін. Тіпті, бір апта, бір ай, тіпті жылдап ішкілікке салынып кететіндер бар”, – дейді маман. 

Сондай-ақ маманның сөзінше, алкогольді ішімдіктерге байланысты адамның денесі мен психикасындағы өзгерістер толық қайтымды болмайды. Себебі бірінші кезекті ащы сусын бауырды, орталық жүйке жүйесін, жүрек қан-тамыр жүйесінің жұмысын бұзады.

“Маскүнемдіктен алкогольдік кардиомиопатия деген ауру пайда болады. Яғни, ішімдікке байланысты жүрек басты функцияларын дұрыс атқара алмай қалады. Сол себепті жүрек тоқтап қалуы да мүмкін. Ал бауырға келетін болсақ, ішімдік оның үлкеюіне әкеліп соғады. Өзін-өзі емдеуге тырысқан ол қабынып, беріштеніп (цирроз) кетуі мүмкін. Ішімдік тұтынғандықтан адам созылмалы гепатит, созылмалы панкреатит, созылмалы холестретит деген ауруларға шалдығады. Сондай-ақ жүйке жүйесінің аурулары пайда болады. Бұнымен қоса ішімдікке салынған адам деградацияға ұшырайды. Әлеуметтік байланыстарын жоғалтып, жұмысынан және отбасынан айырылады. Қоршаған ортасында өзін тұлға ретінде жоғалтуына әкеліп соғады. Спирттік сусыннан басқаға қызығушылығы жоғалады. Тіпті, тапқан табысын тек спирттік ішімдіктерге құртады”, – дейді ол. 

Алкогольді дереу тоқтатса адам өліп кете ме?

“Егер адам бірнеше айлап ішімдік ішсе, оның ағзасындағы зат алмасу процесстері бұзылып, психоз жағдайына дейін барады. Бұнымен қоса мида артық су жиналады. Соған байланысты адам өліп кетуі ғажап емес. Спирттік ішімдіктерді көп тұтынған жағдайда жүректің бұлшық еттері қысқарады және әлсірейді. Сол себепті жүрек тоқтап қалады. Бірақ егер уақытында медициналық көмек көрсетілсе алдын алуға болады. Бірден ішімдікті тоқтатса өліп кетеді деген бос сөз”, – дейді дәрігер. 

Маманның сөзінше, алкогольді ішімдіктерге байланысты адамның денесі мен психикасында болатын өзгерістер толық қайтымды емес. Уақыт өте келе ғана қалпына келуі мүмкін.

“Әрине, егер орталық жүйке жүйесінің когнитивтік функциялары жоғалса, бұны орнына келтіру өте қиын. Жазылып кетуі мүмкін емес десе де болады. Адам деменцияға ұшырайды немесе амнистикалық синдром дейміз, яғни мүгедектікке дейін апаруы мүмкін. Орталық жүйке жүйесі қатты зардап шексе, оны қалпына келтіру мүмкін емес”, – дейді ол. 

Дәрігер ішімдікке салынудың  ауыр жағдайды емдеу үшін біраз жылдар қажет дейді. Ең алдымен науқас өзін ауру ретінде мойындап, сол дертінен айығатын ниеті болуы керек.

“Егер бұлай істемесе, дәрігерлердің көрсеткен көмегі ешқандай да әсер бермейді. Тіпті, біздің орталықтан емделіп шыққаннан кейін де дәрігерлерімізбен ары қарай да бірлесе жұмыс істесе, керекті кеңестерін алып, байланыстарын үзбесе ғана бұл аурудан толық айығуға болады”, – дейді маман. 

Сөзінің соңында Гаухар Теміржанқызы ішімдікке салынбаудың жолдарын айтты.

“Әрине, ішімдікті мүлде ішпеген жөн немесе мүмкіндігінше сирек тұтынуға тырысу қажет. Стресс немесе күйзелісті алкогольсіз еңсере білу керек. Егер спирттік сусындар көмегімен шешемін десе бұл дағдыға айналып кетеді. Күнделікті өмірін тәртіпке келтіріп, күнін жоспарлаған дұрыс. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын сақтап, өзінің жақсы көрген хоббиіңмен айналысқан дұрыс. Отбасыңа да көңіл бөлуді ұмытпау керек”, – деп түйіндеді маман. 

Талқылау