Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде парақорлық туралы хабар үшін 12 миллион теңгеге дейін алуға болады: Сыйақы қандай жағдайда беріледі

Қазақстанда парақорлық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы қарастырылған. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, ең жоғарғы сыйақы 12 миллион теңгеге дейін жетеді. Сыйақы қандай жағдайда төленеді? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.

пара

Finprom.kz сайтының мәліметінше, 2022 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстанда 1400-ден астам сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп, 900-ге жуық тұлғаның қылмысы әшкереленген. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 30,5%-ға артық.

Биыл тіркелген бұл қылмыстардың 13-і аса ауыр құқық бұзушылыққа жатады, 952 – і ауыр дәрежедегі құқық бұзушылыққа, 299 - ы орташа ауырлықтағы құқық бұзушылыққа, 48-і шағын дәрежедегі құқық бұзушылыққа жатады.

Сонымен қатар агенттік лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және еніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету жағдайлары да жиі тіркелетіні атап өтті. 

Алты ай ішінде үш бапқа – пара беру немесе алу және парақорлыққа делдал болу – барлық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың 58,5%-ын құрады. 

Парақорлықтың ең көп жағдайлары (89 құқық бұзушылық) Алматы облысында тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 85,4% - ға артық. Одан кейін Шымкентте 69 құқық бұзушылық тіркелсе, Астанада 68 құқық бұзушылық әшкере болған. 

Сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қандай жаза күтіп тұр? 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, шенеуніктер парамен ұсталған жағдайда алған қаражаттың 50-ден 80 есесіне дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі қажет. Бұдан бөлек, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Не болмаса 5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге түрмеге тоғытылады.  

“Ал мемлекеттік қызметкерге пара берілген жағдайда мүлік тәркілеумен қоса мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Параның 20-дан 50 еселенген сомасына дейін айыппұл арқалайды. Болмаса 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады”, – делінген агенттік мәлімдемесінде. 

Сонымен қатар, ведомство дерегінше, парақорлыққа делдал болғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жаза қарастырылған. 

“Яғни, пара сомасынан 10 немесе 20 еселенгенге дейінгі айыппұл төлеуі қажет. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтер мен лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Не болмаса 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады”, – делінген хабарламада. 

Агенттік өкілдері мемлекеттік қызметкерлер қызметтік өкілеттіктерін пайда табу не басқа адамдарға зиян келтіру үшін өз мүдделеріне пайдаланса,  2 000-нан 6 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл (6 126 000 теңгеден 18 378 000 теңгеге дейін) төлейтінін ескертті. 

“Сонымен қатар бөтеннің мүлкін иемденгені және талан-таражға салғаны (ұрлағаны) үшін 1000 АЕК-ге дейін (3 063 000 теңге) айыппұл салынады. Егер бұл жаза қолданылмаса 800 сағатқа дейінгі түзеу жұмыстарына немесе қоғамдық жұмыстарға қатысуы керек. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына немесе өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынып, сол мерзімге темір торға тоғытылады”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Агенттік жемқорлық әрекетіне кезіккен жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына, яғни  1424 нөміріне телефон шалуға болатынын жеткізді. 

“Сондай-ақ  010000, Астана қаласы, Сейфуллин көшесі, 37 мекенжайы бойынша немесе тұрғылықты жері бойынша аумақтық департаменттерге жазбаша өтініш жасауға болады. Бұнымен қоса электрондық үкімет порталының онлайн-сервисі (egov.kz) арқылы өтініш жіберу керек. Агенттік төрағасының блогына "Ашық диалог" сайтында жазуға және ведомствоның электрондық поштасына да жаза аласыз ([email protected]”, – делінген агенттік мәлімдемесінде. 

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңбұзушылық жайлы хабар бергендерге қанша сыйақы қарастырылған?

Ведомство ресми сайтында көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қылмысына қатысы бар тұлғалар жайында ақпарат берілсе, азаматтарға ақшалай сыйақы төленеді. 

“Егер қылмыс сомасы 1000 АЕК-тен аспаса (3 063 000 теңгеге дейін), онда сыйақы: құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК-ні (91 890 теңге); онша ауыр емес қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК-ні (122 520 теңге); ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК-ні (153 150 теңге); ауыр қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК-ні (214 410 теңге); аса ауыр қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК-ні (306 300 теңге) құрайды”, – делінген мәлімдемеде. 

Алайда пара немесе залал сомасы 1000 АЕК-тен (3 063 000 теңгеге дейін) көп болса, онда сыйақы мөлшері сол соманың 10%-ын ғана құрайды. Ең жоғары төленетін сома – 4000 АЕК (12 миллион 252 мың теңге). 

“Сыйақыны алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің органдарына жүгініп, өтініш жазу керек. Сондай-ақ жеке куәліктің көшірмесі мен банк деректемелерін қоса берген жөн. Қаражат қылмыскерлерге қатысты сот қаулысы заңды күшіне енгенде беріледі”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өтініштер мен арыздар қалай қаралатынын айтып берді. 

Өтініш агенттік қызметіне келіп түскен жағдайда ведомстволық ақпараттық жүйеде тіркеледі. Содан кейін қызметкерлер жазбаны қарайды. Келіп түскен шағымдар "қылмыстық" немесе "қылмыстық емес" деп екі топқа бөлінеді. 

“Егер өтініш қылмыстық деп анықталса, онда ол ақпаратты есепке алу кітабында тіркеледі және ол бойынша мынадай процестік шешімдердің бірі қабылданады. Яғни аумақтық және ведомстволық департаменттерге өтініштер жолданады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеледі. Оқиға немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаған кезде есептен шығарылады”, – делінген агенттік мәлімдемесінде. 

Ал егер мәлімдеме қылмыстық емес деп анықталса азаматтық-құқықтық сипаттағы өтініштер құзыреті бойынша тиісті уәкілетті мемлекеттік органға қайта жіберіледі. 

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдар прокуратура органдарына қайта жіберіледі. Әрбір жағдайда өтініш берушіге қабылданған шешім туралы жазбаша хабардар етіледі”, – дейді агенттік өкілдері. 

Дегенмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қандай да бір заңбұзушылықтар туралы жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн. Бұл жайында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 439-бабында келтірілген. 

“Егер бір азамат бір азамат туралы жалған мәліметі беріп, оны қылмыс жасады деп айыптаса 20 АЕК ( 61 260 теңге) мөлшерінде айыппұл төлуге мәжбүр болады. Ал тиісті жазаны өтегеннен кейін оның бұндай әрекеті бір жыл ішінде қайталанса 40 АЕК ( 122 520 теңге) көлемінде айыппұл арқалайды”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Бұнымен қоса жеке тұлғаға қандай да бір қылмыс жасады деп жала жабу ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы бойынша, 4000 АЕК-ге ( 12 миллион 252 мың теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеледі. Сондай-ақ 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, 5 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін. 

Белгілі бір азаматты өзімшілдік ниетпен сыбайлас жемқорлыққа қатысты ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптау 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға алып келеді. 

Талқылау