Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында жалғызбасты әке 5 баласымен далада қалды

Павлодар облысында жалғызбасты әке 5 баласымен далада қалды. Үйі осыдан 8 ай бұрын жанып кеткен. Содан бері ағайын-туысын жағалаған Бекболат Баязитов ауылдан қалаға көшіп келген. Бірақ мұнда да пәтер жағалаған ол кешеден бері барар жер таппай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Бекболат Баязитов – 5 баланың әкесі. Әйелі 4 жыл бұрын қайтыс болған. Содан бері балаларын бір өзі асырап жүр. Былтыр оған Ақтоғай ауданының әкімдігі үй беріпті. Алайда, қыс ішінде баспанасынан өрт шығып, күлге айналған.

“Қаңтардың 26-сы күні балалар сабақта болды. Мен өзім тоғайға ағашқа кеткем. Үйіңіз жанып кетті деп хабарласты. Келсем үй түгел өртеніп кетіпті. Ішінде түк жоқ”, – дейді жалғызбасты әке Бекболат Баязитов.

Содан бері жалғызбасты әке балаларымен бірге ағайын-туысын паналап күн көрген. Қалаға келіп, жұмыс істеп жүр. Алайда тапқан-таянғаны азық-түлік пен балаларының киімінен аспайтынын айтады. Күні кеше оны жалға алған пәтерінен де шығарып жіберіпті. Көпбалалы әке қайда барарын білмей дал.

“Балаларыма бір баспана болса, содан басқа ештеңе керек жоқ. Сол бір баспанам болса, әрі қарай бірдеңе қылам. Келіншегім қайтқалы жалғыз өзім осыларды көтеріп келем. Одан басқа ештеңе керек жоқ”, – дейді Бекболат.

Аудан басшылары жалғызбасты әкенің тағдырынан хабардар. Қолдан келгенше, көмек жасағандарын айтты.

“Өрттен кейін демеушілік қаражат есебінен үйді жөндеу жұмыстары жасалды. Бүгінгі күнде осы үй тұруға дайын. Баязитов Бекболатқа ұсыныс бердік, үйге кіруге болады деген. Бірақ ол кісі аудандық тұрғын комиссиясына арыз жазып, ол үйде тұрмаймын деп бастартты”, – дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова.

Балаларының үлкені студент. Кішісі биыл бірінші сыныпқа бармақ. Алайда дәл қазір Бекболат үшін оқудан бұрын баспана бас қайғы болып тұр. Сондықтан жалғызбасты әке қайырымды жандардан көмек сұрайды.

Талқылау