"Мен үшін жігіт, махаббат туралы ағасы, әкесінің алдында айтып отыру ерсі”: Фарида Жолдасова өмірі мен шығармашылығы туралы сырласты
Жуырда жеке кешін өткізген Фарида Жолдасова алғаш рет сұхбат берді. Stan.kz тілшісімен әңгімесінде болашақ жарына қоятын талаптары, өнердегі жоспары мен қазір немен айналысып жүргенін айтты.
– Фарида, сұрағымызды жуырда өткен шығармашылық кешіңізден бастайықшы. Көңіліңізден шықты ма?
– Сұрағыңызға рахмет. Иә, жеке кешім 90% көңілімнен шықты.
– Бұл кешті өткізу кімнің идеясы болды?
– Бұл кештің идеясы сонау 2006 жылы өткен “Бала тілегі” атты жеке концертімде келген болатын. 13 жасымда өткізген шығармашылық кештің соңында жүргізушілер “келесі мүшел жасыңда осы концерттің кештің жалғасын көрейік” деп тілектерін айтқан еді. Ол идея біздің ойымызда әрдайым болды. Бірақ толық кешті өткізуге көп кедергілер кезіктік. Нұр-Сұлтанға көштік, одан соң пандемия басталып кетті. Барлық шығармашылық тоқтап тұрды. Сәті осы кезге келген екен. 2022 жылдың 18 мамырында жеке шығармашылық кешімді өткізу бұйырды.
– Кеш барысында орын алған қызықты оқиғамен бөлісе өтсеңіз..
– Иә, тойдың боларынан боладысы қызық қой. Тамара Асар әпкеміз менің әніммен шығу керек болды. Сахнаға шығар алдында анама “Айеке ешқайда кетпеңіз. Қазір шақырамын” деп сахнаға асығып шығып кетеді. Анам түсінбей аң-таң болып қалған. Ол кісі үнемі сахнаның артында біздің жағдайымызды жасап, тілеуімізді тілеп жүретін жан ғой. Бұл күні де ол кісі сахнаға шығуға дайындалмаған. Менің жағдайымды жасап, абыр-сабыр болып жүрген ғой. Сахнаға Тамара әпкем шақырған кезде анам ол кісінің сөзін жерге қалдырмайын деп еш дайындықсыз сахнаға шыққан еді. Сол жағдайды үйде күліп еске алып отырамыз. Анашым “сахнаға дайындықсыз шыққаным ұят болды”деп әлі күнге дейін ыңғайсызданып қояды. Бірақ “баласы атқа мінсе, анасы тақымын қысады” деген сөз бар. Мен анамның сахна сыртындағы маңдай тер еңбегін бағалап, сахнаға шақырып, сыйлығын ұсынған Тамара апамызға рахмет айтамын.
– Жеке бейнебаян түсіру жоспарда бар ма?
– Әрине, әр әнші өзінің бейнебаянын түсіруді қалайды. Соған жұмыс жасайды ғой. Менің де арман-мақсаттарымның бірі – жаңа бейнебаян түсіру. Себебі клиптерімнің шықпағанына да біраз жылдар болып қалды. Бірақ мұның барлығы тікелей қаражатқа келіп тіреледі.
– Қазіргі таңда сіз өнерден бөлек немен айналысудасыз?
– Жоқ, менің өнерден басқа бизнесім немесе жұмысым жоқ. Кішкентайымнан сахнаға шығып, әнмен өскендіктен өзімді басқа салада елестетпеймін. Өзіме ұнайтын ән әлемінде әлі алатын асуым, бағындырар белесім көп. Сол үшін ынта-жігеріммен осы салада жұмыс жасап жүрмін.
– Көптеген замандастарыңыз TikTok-та өте белсенді, немесе вайн түсіріп Instagram-да трендте болуға әуес. Алайда сізден ондай қызығушылықты байқамадық. Уақытыңыз жоқ па әлде әлеуметтік желіге аса әуес емессіз бе?
– TikTok бүгінгі таңда ең үлкен сұраныстағы желі екені рас. Алайда өзім аса қызығушылық танытпаймын. Егер әрине, іс-қимылдары, билері өздеріне жарасып тұрып, TikTok-та трендте жүрсеңіз нұр үстіне нұр ғой. Бірақ мен Tiktok түсіргенді емес, ол жердегі қызықты парақшаларды қарағанды ұнатамын.
– Қуыршақпен ән салған Фарида қазір бойжетті. Кезекті сұрақтың қойылуы заңдылық шығар. Тұрмысқа шығуға қаншалықты дайынсыз? Жігіттерге қоятын нақты талабыңыз бар ма?
– Негізі осы сұраққа аса жауап бергім келмейді. Өйткені менің сұхбатымды қарайтын әкем, ағам бар. Қыз баланың жігіт туралы, махаббат туралы ағасы мен әкесінің алдында ашылып айтып отыруы мен үшін ерсі және ұят әрі ыңғайсыздау секілді. Қысқа ғана айтсам, қыз мұратын білемін. Бұйырған кезде ол тойдың да болары анық. Өмірде азаматтардың бойынан имандылықты, адалдықты, сабырлықты бағалаймын. Одан бөлек, атқаратын тұрақты жұмысы бар және отбасына деген сыйластығы мен жауапкершілігі жоғары болғаны дұрыс.
– Анаңызбен қаншалықты сырлассыз? Сіздердің араларыңызда “ұят болады” деп талқыланбайтын тақырыптар бар ма?
– Әрине, менің бірінші досым ол – анам. Ол кісі – менің ең жақын сырласым. Алайда кейбір тақырыптарды құрбыммен, жеңгелеріммен сырласамын. Әр нәрсенің өз шеңбері болады ғой. Ана мен қыздың да арасында кейбір “ұят болады” деген тақырыптар болады. Ол сырларды ең жақын жеңгелеріммен, құрбыларыммен бөлісемін.
– Фарида өзін 10 жылдан кейін қалай елестетеді?
– Жеке музыкалық мектебі бар вокалист-ұстаз ретінде өзімді елестетемін. Жалпы отбасылық музыкалық мектеп ашу мақсаттарымыздың бірі. Жоғарыда айтқандай, мен өзімді тек өнер саласында көремін.
– Сөз соңында әнші болуға құмар немесе қызым әнші болса деп ниеттеніп жүрген аналарға сізден кеңес болсын: өнер әлеміне қадамды неден бастау қажет? Баланы қай бағытта дамытқан жөн?
– Бұл сұрақты негізі маған емес, анама қойған дұрыс болатын шығар. Ал жалпы Баланың музыкалық қабілеті бар екенін көрген кезде бірден шыңдап, қалыптастырған жөн. Қазір 5 жастан қабылдайтын топтық немесе жеке сабақтар өте көп қой. Солардың біріне апарып, баланы дайындап бастаған жөн. Бала вокалға барып, ертесіне бірден әнші боп кетпейді. Уақыт, шыдам, еңбек керек. Қиналғанда ата-анасы моралді қолдап, шыңдап отыруы қажет.
– Өзіңіз кішкентайыңыздан өнерде жүрсіз. Шаршап, жалыққан кездеріңіз болды ма?
– Әрине, шаршап жалығатын кездер болады. Әсіресе, концерттік кештерде қаншама адамның назары бізге түскен кезде қаламасақ та энергиямыз азайып, біраз шаршап қалатын жайымыз бар. Үйге келіп душ қабылдап, 2-3 сағат демалып алған соң қайта қалыпқа келемін.
Алайда “Болды, өнерден кетемін. Шаршадым” деген стресстік жағдай болмады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Жанар Тайырқызы

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
