Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Англия және Венгрия зерттеушілері еңбегімді жоғары бағалады": Белгілі суретші Ералы Оспанұлының екі бірдей кітабы жарыққа шықты

Белгілі суретші, жазушы Ералы Оспанұлы жақында "Қазақ ою-өрнегінің атласы" және "Қошетер" қазақ халқының қолөнері" атты кітаптарын оқырмандар назарына ұсынды. Қазақ мәдениетінің бай мұрасын насихаттап жүрген автор Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында туындыларының негізгі идеясы туралы айтты. 

Ералы Оспанов – мәдениеттің өзіндік ерекшелігін, кейіпкерлердің шынайы бет-бейнесін, көшпелі халықтың рухын туындылары арқылы көрсетіп жүрген суретшілердің бірі. Оның шығармаларынан  шынайылық пен дала халқына деген сүйіспеншілікті  сезінуге болады. 

Автордың айтуынша, "Қазақ ою-өрнегінің атласы" еңбегінде ол қазақ халқының ұлттық өнерінің қалыптасуы мен өркендеу кезеңдерін, көне дәуірден қалыптасқан ұлттық бұйымдарды, атап айтсақ, киіз, кесте, тоқыма, ағаш, тері, зергерлік, сәулет өнерін  көркемдеуде қолданылған ою-өрнектердің пайда болуын терең зерттесе, ал "Қошетер” туындысында ежелгі қазақ тіршілігінің болмысын, рухани мәдениетін, дүниетанымын дәріптейтін ұлттық бұйымдардың толықтай ашылуына басымдық берілген.

“Басында кітап жазамын деген ой мүлдем болмаған. Алғашында зерттеу ретінде басталған идея артынша кітапқа айналды. Жас кезімде мен 4-5 оюдың суретін салған едім. Туындыларым Қазақстанда танымалдылыққа ие болды. Кітап пен дәптерлердің сыртынан, көшеден, түрлі  шаралардан көретін болдым. Орыстың дизайнер жігіттері де қазақтың оюлары көп, бірақ жақсы зерттелгені жоқ деп айтатын. Сол себепті қазақтың 15-20 оюын қағаз бетіне түсіремін деп мақсат қойып, түрлі зерттеулер жүргізе бастадым”, – дейді Ералы Оспан. 

Осыдан кейін суретші Әлкей Марғұланның, Жамбыл Артықбаевтың, түрлі орыс ғалымдарының еңбектерін қарап, көптеген ою-өрнек түрін тапқан. 

“Қағаз бетіне түсіремін деп жинаған оюларымның саны өзім ойлағаннан көп болып кетті. Бірақ, шынын айтсам, олардың зерттелгеніне, мәліметтеріне қарап “қарным ашты”. Көп жерде тек атауы ғана берілген. “Осы заманда пайда болған, осы кезде қолданған” деген секілді тиіп-қашпа деректер ғана жазылған. Ғалымдардың еңбектерін қарап отырып, кейбір мағлұматтарды Әлкей Марғұланнан, енді біреуін басқа жақтан көріп қаласың. Тіпті кейбір оюлар туралы деректерді білу үшін басқа елдерден, мысалы, Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан ғалымдарының бұрын жазған мақалаларын сатып алуыма тура келді. Оның бірінен керекті мәлімет тапсаң қуанасың, таппасаң құлазисың. Осылай айналып келгенде 10 жыл уақытымды қазақтың ою-өрнектерін зерттеп, үлкен кітап шығаруға жұмсадым”, – дейді этнограф.  

Сөзінше, зерттеуші қазақтың бір мыңнан астам оюын жинап, атауларын тапқан. Оның ішінде Қытайдағы қазақтардың, монғол қазақтарының, өзбек қазақтарының да ұлттық мұрасын зерттеген. 

“Көп зерттеушілер 199 оюдың нақты атауы барын айтып, қалғанын тағы басқалар деп қоя салған. Он жыл уақытымда тұтастай бәрін жиып қараған кезімде 1050-дей ою атауларын таптым. Әр ою-өрнек атауының астында бір үлкен дүние жатыр. Олар адамның туған сәтінен бастап, өмірден өтер кезеңіне дейінгі бүкіл ғұмырынан, халқымыздың өмір салтынан сыр шертетіндей. Сондай-ақ оюлардың бастапқы элементтері ұқсас. Қалғандары құрамды болып, ары қарай өрнекке айналады. Қазір біз олардың атауларын да дұрыс қолданбаймыз. Мәселен, кейбір оюлар дөңгелек деп қолданылады. Ал оны бұрын “табақ” деп атайды екен. Қазір геометрия пәні пайда болғаннан кейін “төртбұрыш”, “үшбұрыш”, “дөңгелек” деген секілді сөздер шыққан. Ал оның ешқайсысының оюлардың атауына қатысы жоқ. Біреуі жолақ, біреуі табақ, біреуі шаршы, біреуі қиық деп аталған. Кітабымда ою-өрнектерге осы ескі атауларын бердім”, – дейді Ералы Оспан. 

Қазақтың қазіргі кезде ұмыт қалған кейбір дәстүрлерін қылқаламның күшімен қайта жаңғыртып отырған суретші еңбектеріне шетелдік зерттеушілер жоғары баға бергенін айтады. 

“Англия және Венгрия зерттеушілері еңбегімді жоғары бағалап, сұрап жатыр. Көрші Ресей елі кітаптың соншалықты маңыздылығын көріп тұрғаннан кейін маған 200-ден астам суретті тегін берді. Әйтпесе ол суреттер 10 доллардан сатылар еді”,  дейді ол. 

Осы тұста суретші кітаптардың жарыққа шығуына сеп болған ERG компаниясына алғысын білдірді. 

“Кітаптарының әрқайсысы 1000 дана тиражбен басып шығарылды. Осы тұста ERG компаниясы көп қолдау көрсетті. Қазақ мәдениетіне, дәстүрі мен тарихына қызығатын, жаны ашитын азаматтарға арманымды жүзеге асыруға көмектескені үшін алғысымды білдіремін”, – деді Оспанов. 

Жазушы зерттеу жүргізген кезде көршілес Қытай мен Ресей, одан бөлек Моңғолияға сапар шеккенін айтады. Одан бөлек қазақтар, өзбектер, қырғыздар мен қарақалпақтардың ою-өрнектеріне тән ерешеліктерге сараптама жүргізген. Мәселен, кейбір өрнектердің астарында ғұрыптық, тотемдік мағына жатыр дейді ол. 

“Негізінен бұл ою-өрнектердің мәнін сезіне білу қажет. Зерттеуші әрі суретші ретінде мен олардың түп мағынасына үңіле алдым. Бір айта кетерлігі, ерте замандарда сурет өнері шектеулі болғанын ескеру қажет. Себебі о заманда суретшілердің біздікіндей құрал-жабдықтары болмаған. Ал қазір компьютердің көмегімен бұл оюларды көркемдеп кескіндеуге, оларға жан бітіруге болады”, – деп түйіндеді ол.

Айта кетсек, бүгінгі таңда кітаптардың тұсаукесері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өткен. Алдағы уақытта автор шығармаларын Шымкент тұрғындарына таныстырмақ. 

STAN.KZ
Жұма, 08 Шілде, 2022 15:45
Талқылау