"Қазақстан Орталық Азия елдерімен жергілікті ынтымақтастыққа басымдылық береді": Алматыда тұрақты даму мақсаттары бойынша саммит өтуде
Алматыда бүгін “COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияда қалпына келтіру жолында” орнықты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммиті басталды. Кездесуде сөз сөйлеген ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Қазақстан үшін өңірлік ынтымақтастық басты бағыт екенін атап өтті.

Өз сөзін үкімет басшысы Әлихан Смайылов саммитке келген елдердің өкілдеріне алғыс айтумен бастады.
“Тарихы мен мәдениетінің ұқсас болуы Орталық Азия мемлекеттеріне сауда-экономикалық тұрғыда байланыс орнатып, оны әрі қарай дамыту мүмкіндігін сыйлап отыр. Әсіресе геополитикалық жағдайдың өзгеру мен пандемия салдарынан туындаған жаһандық мәселелер елдеріміздің күш біріктіруін талап етіп отыр. Біз әрқашан да жергілікті серіктестікке басымдылық береміз. Осы орайда өндіріс, энергетика, ауыл шаруашылығы сынды салаларда бірлесіп, бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Халықаралық институттардың мәліметінше, Орталық Азия бойынша жергілікті тауар айналымы 6,5 миллиард долларға жетіп отыр. Бұл біздің жалпы тауар айналымының 9,8%-ына тең. Біздің бұл байланысты әрі қарай дамыту мүмкіндігіміз бар. Сондықтан елдеріміз арасында тауар айналымын арттыруымыз керек”, – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы Қазақстан Республикасы 2030 жылғы БҰҰ күн тәртібінде тұрған мақсаттарды ұстанатынын сөз етті. Бұған дәлел ретінде ол тұрақты даму мақсаттарының республикамыздың мемлекеттік даму стратегиясы мен бағдарламаларына қосылуын мысалға келтірді.
“2019 жылы өткен алғашқы самитте Қазақстан тұрақты даму мақсаттары бойынша бірінші ұлттық жоспарды жариялаған болатын. Биыл шілде алында біз екінші жоспарды ұсынғалы отырмыз. 2020 жылы Қазақстан мен БҰҰ 2025 жылға дейінгі тұрақты даму саласы бойынша бағдарламаға қой қойған. Бұл бағдарлама біз үшін 2030 жылға дейін даму жоспарымызға негіз болып отыр. Осы орайда әлемдік экономикадағы терең құрылымдық өзгерістер аясында экономикалық дамудың ұлттық саясатын орта мерзімді перспективаға бейімдеу қажеттілігі туындады”, – дейді Смайылов.
Үкімет басшысы еліміз бизнес-қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар сарапшыларының белсенді қатысуымен Жаңа Қазақстанның экономикалық саясатын әзірлеуге кіріскенін сөз етті.
“Осы құжат аясында инвестициялық ахуал мен кәсіпкерлік ортаны жақсарту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, инновациялар мен баламалы энергетиканы енгізу, “жасыл” қаржыландыруды кеңейту бойынша жаңа шаралар дайындалады. Сонымен қатар білім беруді және ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға, ҒЗТКЖ-ны кеңейтуге, экономика қажеттіліктері үшін білікті кадрлар даярлауға ерекше назар аударылады. Бүгінде көптеген елдер үшін басты мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр”, – деді ол.
Смайыловтың сөзінше, ұзақ мерзімді перспективада азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі климатқа байланысты да күрделене түсуде. Сондықтан Қазақстанда экология күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі, дейді ол
“БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының әлемдік нарықтағы бағаның одан әрі өсуі ықтимал деген болжамын ескере отырып, Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамыту және өнімділігін арттыру жөніндегі қадамдарды жандандырады”, – деді Смайылов.
Премьер-министр Қазақстанның жерасты пайдалы қазбаларына тәуелді болса да, республикамыз 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының атмосфераға бөлінуін 15%-ға төмендетіп, 2060 жылға қарай көміртек бейтараптылығын енгізетінін жеткізді.
“Арал теңізінің трагедиясы, Семей ядролық қарудың сынақ полигоны, мұздықтардың тез еруі мен жердің шөлейттенуі тек Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр.
Ілгерілеу мен жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық және аймақтық деңгейлерде батыл әрекет ету және тығыз әріптестік қажет. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту БҰҰ құрылымдарының белсенді қатысуымен тұрақты және өркендеген Орталық Азия құруға ықпал ететініне сенімдімін”, – деп түйіндеді ол.
Айта кетсек, іс-шараға Қырғызстан үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан үкіметінің басшысы Кохир Расулзода, Өзбекстан үкіметінің басшысы Абдулла Арипов, Түрікменстанның министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Мухамметгулы Мухаммедов, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Уша Рао-Монари ханым, сондай-ақ халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық топтардың және азаматтық қоғам өкілдері қатысып жатыр

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
