Жамбыл облысында мемлекет қаржысын орынсыз жұмсайтын шенділердің әрекеті жұрттың ашуын тудырды
Жамбыл облысында мемлекеттің қаржысы орынсыз жұмсалуда деген жұрт билікке қарсы шықты. Айтуларынша, электр жарығына жауапты мекеме бүтін тұрған бағандарды "жаңалаймыз" деген желеумен ақшаны ауаға шашуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бұл істе бір шикілік барына сенімді тұрғындар бюджет тиынын бақылайтын қаржы басқармасы мен прокуратураның қайда қарап отырғанына аң-таң. Ес білгелі бұл желінің үзілгені есте жоқ дейді. Ендігі жерде оны жаңалаудың қажеті шамалы деп санайды. Ал бюджет қаржысын жұмсау керек болса сан мың мәселе тізбегі тұр дейді.
“Бізде электр энергия мәселесі аса қажет етіп тұрған жоқ еді. Жарығымыз бар, бәрі жақсы. Осы діңгекке кеткен ақшаны жолымызға жіберсе екен. Ауылда мәселе жеткілікті, мысалға ағын су жетпейді, мәдениет үйі жетпейді, спорт комплексі жетпейді. Оданша соған жұмсамай ма? Үкіметтің ақшасын шашқанша”, – дейді Кеңес ауылының тұрғыны Темірхан Мағжанов.
Тұрғындар материалы мықты ескі бағана темір бетоннан жасалған жаңасының талайынан әлдеқайда сапалы дейді. Бірақ соған қарамастан, былтырдан бері жанына жанамалап, 16 шақырымға жаңа желі тартыпты. Халық оның өзі үп еткен желге қисайып, көзбояушылықпен салынғанын айтады. Қойылған қарағайлардың гидроизоляциясыз көмілгенін күрекпен қазып көрсетті.
Ұлттық экономика министрі қазақстандықтарды ақшаны үнемдеуге шақырды
Жұмысшылар тек көзге көрінер бетін ғана бояп қойған. Жауапты Жамбыл электр желілерінің басшылығы бұл ісінен беті қызарды. Ал жарамды бағанды ауыстыруға басты себеп қызмет көрсетудің қиындығымен байланысты деп түсіндіреді.
“Байзақ аудандық электр желісінің монтерларына столбқа шығуына кедергі болып жатыр. Қаражатқа жауап бере алмаймын. Енді гидроизоляция жағылмаған, иә келісемін. Мойындап тұрмын”, – дейді Жамбыл электр желілері мекемесінің бас инженері Мирас Мүбараков.
Осылайша он алты шақырымға қойылған жаңа бағаналарды қайта қазып алуға тура кеп тұр. Ел бір істі екі еткен жауаптылар бүтін бағанды жарамсыз деп есептен шығару ақша жасаудың амалы ма деп күдіктенеді. Бұл күдігін билікке бұған дейін де айтқан. Бүгін басқаша жеткізіп көрді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
