Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шарап отаны – Грузияға сапар: Тбилисиде не көріп, қайда баруға болады?

Батыс пен Шығыстың тоғысқан жерінде орналасқан Грузияның астанасы Тбилиси кез келген саяхатшыны өзінің қонақжайлығымен баурап алады. Ерекше сәулет өнері мен көне шаһар ғимараттары, әсем табиғат пен тіл үйірер тағамдары мұнда келген әрбір туристің ұзақ уақыт бойы есінен кетпейтіні анық. Грузияның бас қаласына жолыңыз түссе, өзіңізбен бірге ыңғайлы аяқкиім алып, көп жүруге дайын болыңыз. Себебі Тбилисиде көруге тұрарлық жерлер жетіп артылады. Тарихи өлкеге Stan.kz тілшісі де сапар шегіп қайтты. Әсерлі де әрқилы қала жайлы материалымызды назарларыңызға ұсынамыз. 

Тбилиси. Қаланың ең биік нүктесінен көрініс

Тбилисидің тарихы сонау V ғасырдан бастау алады. Бүгінде мемлекеттің жүрегінде орналасқан көне шаһарда 1,2 миллионнан астам адам тұрады. Тбилиси Кура өзенінің жағалауынан орын тепкен, қазірде Грузияның ең ірі қаласы болып саналады. 

Жергілікті тұрғындар арасында қаланың пайда болуы жайлы қызықты аңыз таралған. Ертеде Вахтанг есімді патша шаһардың негізін мұндағы күкірт моншаларына байланысты қалаған деседі. Тбилисидің атауы да “жылы бұлақ” дегенді білдіреді екен. 1936 жылға дейін қала “Тифлис” деп аталып келген. 1500 жылдан астам тарихы бар шаһар бірнеше рет қиратылып, қайта өркендеген. Қаланың көркіне орыстың Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Лев Толстой, Максим Горький сынды ұлы ақындары тәнті болып, көшелерімен серуендеп, күкірт моншаларына шомылып, грузиндердің дастарханынан дәм татқан. 

Тбилисидің ауа райы

Тбилиси субтропиктік климат белдеуінде орналасқан, сондықтан жазы ыстық, ал қысы жұмсақ. Ең ыстық ай – тамыз: бұл кезде ауа температурасы 38 градусқа жететін көрінеді. Ал қыста ауа райы 1-5 градусқа дейін төмендейді, қар өте сирек жауады. 

Саяхат үшін ең қолайлы уақыт – көктемнің соңғы айлары мен күз мезгілі. Көктем Тбилисиге ерте келеді. Сондықтан бұл мезгілде ауа райын болжау қиынға соғады екен. Қалада солтүстіктен келетін жел соғып тұрады. 

Грузин тағамдары

Грузия – халықтың болмысы мен сәлт-дәстүрін айқын көрсететін, хош иісті әрі тіл үйірер тағамдарымен танымал ел. Туристердің бірқатары Тбилисиге көрікті жерлерді көру үшін ғана емес, грузиндердің түрлі дәмдеуіштері қосылған тағамдарынан дәм тату үшін ағылып келеді. 

Грузин асханасы әр алуан: мұндағы тағамдар дайындалу тәсілі мен құрамына қарай өзгеше болуы мүмкін. Дегенмен әрқайсысының бал татитын дәмі сізді бірден баурап алады.

Бұл елде молынан жайылған дастарханға міндетті түрде пеште пісірілген нан, түрлі шөптер мен дәмдеуіштер қосылған салаттар мен тіскебасарлар және ірімшік қойылады. Грузияға саяхат барысында міндетті түрде ірімшік қосылған хачапури, тауықтан әзірленетін сациви, хинкали, харчо мен хаши сорпаларын дәмін көруге кеңес береміз. 

Тбилисидің көрікті жерлері 

Тбилисидің көрікті жерлері жайлы айтатын болсақ, қала нағыз тарихи қазына деуге саяды. Мұнда көне тарихи ескерткіштерден бөлек, заманауи, футуристік ғимараттарды да кезіктіре аласыз. Шаһарда Еуропа қалаларының нақышы мен кеңестік стиль бір арнаға тоғысады. Сондықтан болар, мұнда жаяу серуендеуден шаршамайсыз. Ал тарихы тұнған өлкені жақынырақ тану үшін кәсіби гидтің немесе арнайы турлардың көмегіне жүгінуге кеңес береміз. 

Ескі қала

Ескі қала

Бірнеше ғасырлық тарихы бар бұл мекен бүгінде бүкіл әлем туристері арасында танымал. Тбилисидің Ескі қаласы қазіргі күнге дейін ортағасырлық бейнесін сақтап қалған. Мұндағы балшық пен кірпіштен тұрғызылған ғимараттар, 2 қабаттық үйлер, ою-өрнекпен әрленген балкондар мен баспалдақтар көздің жауын алады. 

Тбилисидің бұл аймағында құдды уақыт тоқтап қалғандай. Себебі Ескі қала ерекше атмосфераға толы. Бірегей стильде салынған үйлерден бөлек мұнда діни ғибадатханалар, емдік моншалар да өз орнын тапқан. Сондықтан төменде осы бір ауданда орналасқан көрікті жерлерге жеке тоқталып өтуді жөн көрдік.  

Күкірт моншалары 

Жер астындағы күкірт моншалары – қаланың ең басты нысандарының бірі. Мұндай моншаларда кезінде сонау орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин шомылып, жоғары баға берген деседі. Тбилиси қаласының бұл ауданнан орын тебуі дәл осы күкірт моншаларына байланысты екенін жоғарыда айтқан болатынбыз.

Күкірт моншаларының күмбездері

Ерекше күмбездермен көмкерілген мұндай моншалардың арасында Патшалар моншасы мен Орбелиани аса танымал. Сәті түссе, оларды көріп қана қоймай, емдік суына түсіп қайтуды ұмытпаңыз. 

Қаладағы жалғыз мұсылмандар мешіті 

Күкірт моншаларынан жоғары қарай Тбилисидегі жалғыз мұсылмандар мешіті орналасқан. Бұл діни нысанды XVIII ғасырда Осман империясы тұрғызыпты. Қаладағы бірқатар ғимараттар секілді мешіт те бірнеше рет қиратылып, қайта бой көтерген. Ең қызығы, бұл мешітте Ислам дінінің екі ағымының өкілдері – сүнниттер де, шииттер де дұға етіп, намаз оқи алады. 

Тбилисидегі жұма мешіті

Мешіт жұма намазға арналған, сондықтан басқа күндері мұнда келіп-кетіп жатқан адам қарасы көрінбейді. Дегенмен мұсылмандар тойлайтын мереке күндері мұнда ине шаншар орын қалмайды екен. Қазіргі кезде туристер мінәжат ететін орынға емін-еркін кіріп, суретке түсе алады. 

Нарикала бекінісі 

Аталмыш тарихи ескерткіш тек қала тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл мемлекеттің құнды жәдігері саналады. Жергілікті халық бұл бекіністі “Тбилисидің жүрегі мен жаны” деп атайтын көрінеді. Бекіністің үстінен қала көшелері мен әсем табиғатқа ерекше көрініс ашылады. 

Ескі қала көрінісі

Бекініс IV ғасырда салынған. Дегенмен соғыс пен табиғи зілзаланың салдарынан тастан тұрғызылған нысан қирап қалған. Оның аумағында Әулие Георгий шіркеуі мен Тбилисидің ботаникалық бағы орналасыпты. Қаланың осы бір биік нүктесіне жаяу немесе аспалы жолмен шығуға болады. 

Сиони ғибадатханасы

Сиони шіркеуі –  Гүржістан астанасының тарихи бөлігінде орналасқан  ғибадатханалардың бірі. Шіркеу VI-VII ғасырларда тұрғызылған, алайда оны арабтар, Хорезм әскері қиратқан. Ең соңғы рет ғимарат XIII ғасырда қайта қалпына келтіріліпті, бүгінге дейін шіркеудің дәл осы нұсқасы сақталған сыңайлы. 

Сиони ғибадатханасы

Бұл орын христиандар үшін үлкен маңыздылыққа ие, оны ғибадатхананың атауынан-ақ байқауға болады: шіркеуге Иса пайғамбардың анасы Мария қайтыс болған Сион тауының атауы берілген. Ғибадатхананың архитектурасы да бірегей, 2006 жылға дейін бұл Грузияның басты соборы болған. 

Грузия анасы 

20 метрлік Грузия анасы немесе Картли анасы – Тбилисиде орналасқан мемлекеттің ең маңызды ескерткіштерінің бірі. 1958 жылы қаланың 1500 жылдық мерейтойына орай қойылған ескерткіш алғашында ағаштан жасалып, кейіннен алюминий мүсінмен алмастырылыпты. Мүсінді қаланың кез келген нүктесінен, тіпті түнде де байқауға болады. Тұрғындардың айтуынша, бұл ескерткіш – халық менталитетінің нағыз символы. Бір қолында семсер, екінші қолында кесесі бар мүсін грузиндердің әрқашан өз елін жаудан қорғауға, ал досын құшақ жайып, шараппен қарсы алуға дайын екенін көрсетеді.

Грузия анасы 

Бейбітшілік көпірі

Ескі қаланы аралап болған соң Тбилисидің екінші бөлігіне Бейбітшілік көпірі арқылы өтуге болады. Француз және италиялық мамандардың қолынан шыққан бұл көпір орталық саябаққа жол ашады. Сәулет туындысы әсіресе түнде ерекшеленеді: кешкі уақытта көпірге жан-жағынан түрлі жарық түседі. Ал айтулы күндерде көпір түрлі түстермен арайланады. 

Бейбітшілік көпірі

Көпірдің бергі бетінен Президент резиденциясына, қаланың концерттік залының бірегей ғимаратына және басқа да тарихи нысандарға жол ашылады. 

Метехи

Ең алғаш қарапайым халықтың қонысы осы аумақта бойында болған көрінеді. Жергілікті диалектен аударғанда “метехи” сөзі “сарайдың айналасы” дегенді білдіреді екен. Мұнда XVII ғасырда қайта салынған Әулие Мария храмы орналасқан.

Әулие Мария храм

Кура өзенінің жағысында орналасқан бұл ғимарат орта ғасырларда абақты ретінде қолданылыпты. Ал өлім жазасына кесілген тұтқындарды түрмедегілер өзенге итеріп жазаланған. Егер суға құлаған адам аман қалса, оның қылмысы кешірілетін болған.

Қазірде храмда мемлекет тарапымен қорғалған тарихи жәдігерлер сақталған. Метехи аумағынан Ескі қалаға тамаша көрініс ашылады. 

Құрғақ көпірдегі базар

Тбилиси – тарихи нысандардан бөлек, базарларға бай қала. Егер бұл жаққа келсеңіз, міндетті түрде Құрғақ көпірде (Кура өзенінің осы көпір арқылы өтетін бір тармағы құрғап қалуына байланысты осылай аталып кеткен) орналасқан базарға соғуды ұмытпаңыз. Туристер арасында танымал болып үлгерген бұл сауда нүктесінен кәдесыйдан бастап, ыдыс-аяқ, қолдан жасалған бұйымдар, көне заттар, суреттер мен кілемдерге дейін, іздегеннің бәрін табуға болады. 

Бүгінде бұл базар әрбір турист баруы керек жерге айналған

Базардың пайда болуы КСРО-ның құлауымен тікелей байланысты. Кеңес үкіметі ыдырап, елде дағдарыс туға шақта халық күнкөріс үшін үйінде бар затты сата бастаған. Дегенмен мемлекетте тұрақтылық орнағаннан кейін де тұрғындар бұл әдеттерін сақтап қалыпты. Бұл жерден естелікке зат сатып алуды ұйғарсаңыз, ең бастысы, саудаласуды ұмытпаңыз.

Тбилисидің айналасында қайда баруға болады? 

Егер Тбилисиде сіз көрмеген жер қалмаса, саяхатыңыздың соңына дейін қаланың сыртындағы таңғажайыптарды тамашалап қайтуға кеңес береміз. Туристік орындардың арасы айтарлықтай алыс емес, олардың көп бөлігін көруге 1-2 күн жеткілікті. Назарларыңызға солардың бірнешеуін ұсынамыз. 

Кура және Арагви өзендерінің тоғысқан жері

Уплисцихе – үңгірлер қалашығы

Тбилисидің өзінен бөлек, қаланың сыртқы аймағында да баруға тұрарлық жерлер жетерлік. Егер демалысыңызда уақыт артылып жатса, міндетті түрде үңгірлер қалашығы – Уплисцихеге көріп қайтуды ұсынамыз. Тарихи өлке ел астанасынан 1,5 сағаттық жерде орналасқан (егер көлікпен барсаңыз). 

Үңгірлер қалашығы – Уплисцихе

Бүгінде Уплисцихе – грузин мәдениетінің символына айналған ежелгі археологиялық ескерткіш. Мұндағы үңгірлерде адамдар XIX ғасырға дейін тұрып келген. Қалашықта 700-ден астам үңгір, құпия жерасты өткелі, сумен жабдықтау жүйесі мен құдайға құрбандық шалатын орындар бүгінгі күнге дейін сақталған. 

Джвари монастырі 

Кура және Арагви өзенінің тоғысқан жерінде, Крест тауының төбесінде тағы бір тарихи нысан Джвари монастрі орын тепкен. Сәулет өнерінің бұл туындысы сонау VI ғасырда бой көтеріпті, ал қазір нысан ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енгізілген. 

Джвари монастырі

Ғибадат ететін орынға жаяу да, көлікпен де келуге болады. Монастрь орналасқан төбеге шықсаңыз, Кура және Арагви өзендерінің тоғысуын және оның бойында орналасқан Мцхета қаласын тамашалай аласыз. 

Хареба шарап қоймасы

Шарап отанына келіп тұрып, Кахетияда нағыз табиғи жолмен дайындалатын сусынның дәмін татпай кетуге болмайды. Біле білсеңіз, Грузияда өндірілетін шараптың 80%-ы осы Кахетияда өсетін жүзімнен дайындалады. Ал мұндағы ең танымал шараптар Хареба қоймасында сақталады. 

Хареба шарап қоймасы

Хареба шарап қоймасы – жартастың ішінде орналасқан ұзын-сонар үңгір. Мұнда сонау 1962 жылдан бері Кахетияның ең үздік шараптары сақталуда. Қазіргі күні жартас ішінде 25 000 астам шарап бөтелкесі бар көрінеді. 

Қоймаға кіріп көремін деушілер арнайы нұсқаушының көмегіне жүгіне алады. Экскурсиядан бөлек, мұнда ең үздік грузин шараптарының дәмін татып, ұнағанын сол жерден сатып алуға болады. Бір айта кетерлігі, Грузиядан мұндай алкогольді сусын сатып алатын болсаңыз, Қазақстанға жол жүгімен 5 литр шарап әкелуге рұқсат етілгенін ескеріңіз. 

Мухрани жекежайы

Мухрани жекежайы – шарабымен танымал Тбилисидің маңында орналасқан тағы бір көрікті мекен. Жекежай аумағында жүзім бақшасы мен үлкен еуропалық стильдегі зәулім сарай бар. XIX ғасырда тұрғызылған бұл сарай швед инвесторының қолдауымен 2013 жылы қайта қалпына келтірілген.

Мухрани сарайы

Бүгінде ғимаратта түрлі іс-шаралар, саяси жиындар өткізіледі. Сәті түссе, сіз де ақсүйектер сарайының ішін аралап, мұнда өндірілетін ең үздік шараптың дәмін татып, жекежай мейрамханасының қонағы бола аласыз. 

Александр Чавчавадзе мұражайы

Александр Чавчавадзе мұражайы Цинандали тарихи қалашығында орналасқан. Сарай туристік кешеннің бір бөлігі, сонымен қатар музей аумағында әйгілі Шуми шарап зауыты, шағын шағын қонақүй, бақша және дәмхана бар. 

Александр Чавчавадзе мұражайы

Айта кетсек, Чавчавадзе –  Грузиядағы танымал әулеттердің бірі. Олар мемлекетте ең алғашқылардың бірі болып шарапты еуропалық тәсілмен дайындаған екен. Мұнымен қатар отбасы Еуропа мәдениетін, классикалық музыкасын ел аумағында дәріптеген. Қазір мұражайда Грузия жеріне әкелінген ең алғашқы рояль, отбасының дүние-мүлкі қаз қалпында сақталған. 

Махаббат қаласы

Кахетия тек шарап өндірісімен ғана емес, тарихи қалаларымен де танымал. Сондай қалалардың бірі Сигнахиге бүгінде туристер әлемнің әр аймағынан ағылады. Саяхташылар арасында қалашық – “махаббат қаласы” деген атауға ие. Таза ауасы, нағыз грузин шарабы және итальяндық стильдегі әсем үйлерден бөлек мұнда 28 мұнарасы бар бекіністің орны сақталған. Ал олардың ең биігіне көтеріліп, Алазани алқабының әсем табиғатына көрініс ашылады.

Сигнахи қаласы

Лопота курорттық аймағы

Лопота курорттық аймағы тыныш әрі қамсыз демалуды жөн көретіндер үшін тамаша орын болмақ. Мұндағы қонақүйлер Кавказ тауларының саясы мен Лопота көлінің жағасында орналасқан. Курорт аумағында жүзім бақшалары мен зәулім Буэра сарайы да бар. Қонақтар бос уақытында демалыс кешенінің аумағында атпен серуендеп, көлді катамаранмен жүзіп өтіп, велосипед тебе алады. Лопота демалыс аймағы жергілікті тұрғындар мен туристер арасында да танымал, сондықтан мұнда бөлмені алдын ала брондауды ұмытпаған жөн. 

Лопота курорттық аймағында орналасқан Буэра сарайы

Тбилисиге қалай баруға болады? 

Бүгінде қазақстандықтар Air Astana әуе компаниясы арқылы Тбилисиге тікелей Алматыдан ұшып бара алады. Әуе рейстері дүйсенбі, сейсенбі, жұма және жексенбі күндері жүзеге асырылады. Бұған қоса 4 маусымнан бастап Алматыдан сенбілік рейстер, ал 5 маусымда Нұр-Сұлтаннан сәрсенбі, бейсенбі және жексенбі күндерінде Тбилисиге жаңа бағыт ашылмақ.

Қазақстаннан Тбилисиге екі классты (бизнес-класста 28 орын, эконом-класста 151 орын бар) ыңғайлы Airbus A321 ұшақтары қатынайды. Әрбір орындық KC TV ойын-сауық жүйесі бар жеке экранмен жабдықталған. Airbus 321 әуе кемелері экологиялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді: мұндай ұшақтарда жанармай жағу, зиянды шығарындыларды бөлу деңгейі және шу жолағы басқаларымен салыстырғанда төмен. 

Талқылау