Әрбір қазақстандық 25 жасқа дейін не істеп үлгеруі қажет?
Біреулер 25 жасты жетістікке жетіп, толыққанды тұлға болып қалыптасатын кезең деп таныса, кейбірі мұны тәжірибе жинап, үлкен қадам жасайтын уақытпен байланыстырады. Әрине, барлығына ортақ формула жазылмаған. Ал әрбір қазақстандық 25 жасқа дейін не істеп үлгеруі қажет? Материалымыздан оқи аласыздар.
1. Жауапты болу
Жауапкершілігі жоқ адам шенеуніктерді, қаладағы жағдайды, мемлекетті, айналадағы адамдарды айыптап, өзінен басқаның барлығын кінәлі деп есептейді.
Ал жауапкершілігі жоғары адам жаңа мамандық меңгеріп (Қазақстанда жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге болады), кәсібін дамытып, жұмысқа орналасуға, мүмкіндіктерді пайдалануға тырысады. Ол өз өмірі үшін өзі жауапты екенін саналы түрде ұғына отырып, нақты өмірлік ұстанымдар қалыптастырады.
2. Ерікті ретінде жұмыс істеу.
Уақытыңызды басқаларға көмектесумен өткізуден қорықпаңыз. Жастар үшін ерікті болу басқа адамдармен бірге жоба үйлестіруге, байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға өте үлкен мүмкіндік. Ерікті болу өзіңді дамытуға көмектеседі.
Қазақстанда волонтерлік орта қазір белсенді дамып, өсіп келеді, волонтерлерге университеттерде тегін білім алуға дейін түрлі жеңілдіктер қарастырылуда.
3. Өзіңнің қызығушылықтарыңды анықтау.
25 жасқа дейін кейбіріміз өмірден өз орнымызды таба алмай жатамыз. Дегенмен дәл осы осы жасқа қарай ақыл тоқтатып, жүрегіңізге қай сала жақын екенін және қай бағытта біліміміңізді арттыруы керек екенін түсіну маңызды. Мұнымен қоймай соған қарай талпынуды ұмытпаңыз. Осы тұста "Волонтерлер лигасының" төрайымы Айсұлу Ерниязова бастысы қай жаста болмасын, өзіңнің өмірлік жолыңды табу керек дейді.
“Менің ойымша, қазір жасқа қарап әрекет ететін заман емес. 25-30 жасқа дейін мыналарды істеуге міндеттісің деп айту қиын. Себебі кейбір жастар 25-ке дейін отбасын құрып, кем дегенде бір баланың ата-анасы болуды міндет деп санаса, кейбірі керісінше өзінің өмірлік жолын іздеп, мансабына көңіл бөледі. Дегенмен бұл жас шамасы – адамның өзіне сұрақ қойып, ата-анасының қанатының астынан шығып, жеке тұлға болып қалыптасатын кезеңі. Сондықтан дәл осы жасқа дейін әрбір жан өзінің қалауын анықтап, соған қарай қадам жасауы керек. Мәселен, “Қай мамандық сіздің жаныңызға жақын?”, “Отбасы құруға дайынмын ба?” деген сынды сұрақтардың жауабын табуға талпыну қажет. Сонда 30 жасқа аяқ басқанда өкініш пен көкейде шешімін таппаған мәселелер болмайды”, – дейді ол.
4. Кәсіби тұрғыда өсу.
Бұл жоғары білімді қажет етпейді. Сіз колледжде оқып, онлайн курстарға қатысып та сұранысқа ие маман бола аласыз. Ең бастысы - үйренуден жалықпау, жаңа тәжірибе алу, кәсіби құндылықтарыңызды арттыру. Бұл тұрғыда танымал блогер, инвестор Думан Ерқанат өзіңді дамыту үшін бірінші кезекет тіл үйрену керек дейді
“Меніңше, бірінші кезекте 25 жасқа дейін әр азамат білім алып, қандай да бір мамандықты игеруі шарт. Мамандық игеруден бөлек, жастар университетте оқу арқылы жауапкершілік пен командалық жұмысты атқаруда белсенділік қасиеттерін үйренеді. Екіншіден, міндетті түрде ағылшын тілін үйрену қажет деп айтқым келеді. Себебі қазір барлық мүмкіндіктер тікелей ағылшын тілімен байланысты, одан бөлек стартап жобалар америкалықтардан шығып жатыр. Біздің олардан үйренеріміз көп”, – дейді блогер.
Елдің болашағы жас мамандардың қолында екенін “Жас Отан” жастар қанатының Шығыс Қазақстан бойынша төрағасы Алмас Айтмұқаш та атап өтті.
“Әрбір жас қазақстандық - елінің ертеңі екенін ұмытпаған жөн. Міне, ең бастысы осы деп ойлаймын. Жастар – мемлекетіміздің негізгі байлығы, басты ресурсы. Олардың әрбірінің жетістікке жеткен сайын еліміз де дами түседі. Ең бастысы 25 жасқа дейін жастар білім алып, әлемдік тәжірибені меңгеріп, бәсекеге қабілетті маман атануы қажет. Елдің әлеуметтік өркендеуіне біз сапалы кадрлармен жете аламыз деп білемін”, – дейді ол.
5. Сайлауға қатысу.
25 жасқа келгенде адам мемлекет пен әлемде болып жатқан процестерге қызығушылық таныта бастайды. Жауапкершілік бірінші кезекте елің, қалаң мен ауылың үшін жауапты болудан басталады. Ал сайлау – өзгеріс әкелетін ерекше мүмкіндік. Кімге дауыс берсеңіз де, өзіңіздің таңдауыңызды жеткізе білген жөн.
6. Ақшаны үнемдеуді бастаңыз.
Ертеңгі өмірді болжау мүмкін емес, сондықтан әрбір адамға қаржылық қорған қажет. 25 жасқа дейін сіз өзіңіздің қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, қаражатыңызды қадағалап, шығындарды қайта қарап, ақшаны орынды жұмсауды үйренуіңіз керек.
Ауқатты адамдар ақшасын қарапайым адамға қарағанда көп есептейді екен.
Қаражат жинау кезінде оны әрі қарай пайдалану нұсқалары мен инвестициялау құралдарын да қарастыру қажет. Бұл депозиттер, акциялар немесе бағалы қағаздар болуы мүмкін. Көптеген қазақстандықтар тұрғын үй жинақтарына инвестиция салып, болашақта төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотекаға қол жеткізіп жатады.
7. Саяхатқа шығу
Саяхат – адамдарға тәуелсіз болуға, өзін дамытуға, шабыт алып, екінші тынысының ашылуына көмектеседі.
Саяхаттау үшін шетелге шығудың қажеті жоқ. Қазақстанның көрікті жерлері де жетіп артылады. Қазір Түркістан мен Бозжыраны көруге, Алакөлде бірнеше күн сергіп, Алматыдағы таулардың аясында демалып қайтуға болады.
Өз елін, айналадағы табиғатты сүюді үйрену – сізді бақытты ететін тағы бір дағды.