Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың құрақ-көрпесін әлемге танытқым келеді": Алматылық көп балалы ана жеке кәсібін қалай ашқанын айтып берді

Биылдан бастап жастар мен халықтың әлеуметтік осал тобына жеке кәсібін дамыту үшін берілетін қайтарымсыз грант мөлшері 400 АЕК-ке, яғни 1,2 миллион теңгеге дейін өсті. Бұл өз кәсібін ашамын деп жүрген қазақстандықтар үшін таптырмас мүмкіндік болды десек қателеспейміз. Осы бір мүмкіндікті пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған алматылық көп балалы ана өз тәжірибесі жайлы Stan.kz тілшісіне баяндап берді. 

Алматылық Жанат Мұратқызы былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грантты жеңіп алып, жеке бизнесін бастаған. Бала күнінен тігінге құмар болдым деген әйел енді сол қызығушылығының көмегімен табыс тауып отырғанын айтып ағынан жарылды. Бүгінде ол жеке тапсырыстар алып, үйде отырып жұмыс істейтінін айтады.

“Анам бала кезімнен тігін тігуге баулыды. Сондықтан болар жастайымнан өзім бұл кәсіпке жақын болдым. Өсе келе ескі киімдерді жаңалап тігіп, қажет кезде оларды бұзып  сөмке де жасайтынмын. Бірақ тігіншілікті кәсіби тұрғыда меңгермегендіктен кейбір заттарды тігу қиындық тудыратын еді. Кейде Instagram желісіндегі курстарды қарайтынмын, дегенмен арнайы ақылы курстарды оқуға материалдық жағдайым жетпеді. Сол себепті тегін курстар іздей бастадым. Осылайша “Алатау” аналар қоғамдық қоры арқылы тегін курс тауып, сол жерден құрақ-көрпе құраудың қыр-сырын үйрендім”, –дейді кәсіпкер әйел.

Шебердің сөзінше, оның қолымен тігілген дүниені мамандар жоғары бағалап,  мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашуға ұсыныс білдірген. Солардың кеңесін тыңдай отырып, келіншек бағын сынап көруге бел буыпты.  

“Дереу жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткіздім. Курста 20 күн бойы қолөнердің түр-түрін меңгеріп, жасаған дүниелерімді жоба ретінде қорғап шықтым. Айым оңынан туып, мемлекет тарапынан 555 600 теңге көлемінде грантқа ие болдым.  Бұл қаражатқа жаңа тігін машиналары мен үтік сатып алдым. Алғашында “тапсырыстарды жасай аламын ба, ары қарай жұмысты жүргізіп кете аламын ба” деген сияқты қорқыныш болды. Бірақ өзімнің күш-жігеріме сеніп, кәсібімнің болашағына үмітпен қарадым. Қазір бәрі артта қалды, көріп отырғандарыңыздай үлкен жетістіктерге жетіп жатырмын”, – дейді көп балалы ана.

Бүгінде ол кәсібінен түскен табысты отбасы қажеттіліктеріне де, керек-жарақ алуға да жеткізіп отырғанын тілге тиек етті. Барлығын жалғыз өзім жасаймын деген тігінші жұмысының қиындықтарын да жасырмады. 

“Пәтер ақыма, балаларыма киім-кешек, азық-түлік алуға осы кәсібімнен түскен қаражатты жеткізіп отырмын. Алғашында өзімді интернет арқылы жарнамалап, түрлі аналардың чатына істеген жұмыстарымды таратып отырдым. Сол арқылы клиенттер көптеп келе бастады. Кейде тапсырыс берушілер қысқа уақытта бітіріп беруді өтінетін. Осындай кездері үлгермей, қиналып қалатынмын. Көрпелерді көз майымды тауысып, жалғыз тігу оңай болмады. Өйткені маталардың өзін дайындап, кесіп беру үшін бір адам қажет. Бірақ жауапкершілік алғаннан кейін түнімен ұйықтамасам да жұмысты уақытында бітіріп беруге тырыстым. Оның үстіне қазақтар сәл кешіксең “тапсырысты уақытында тікпейді екен” деген сияқты сөздер айтатыны белгілі. Бір шетінен “ұятты” сөзге де қалғым келмеді”, – дейді алматылық әйел. 

Тігінші құрақ көрпе тігу қазақтың ежелден келе жатқан салты екенін айта келе бұл дәстүрдің ұмыт болмайтынын, болашақта кәсібін балалары жалғастыратынын сөз етті. Бұған қоса ол алдағы уақытта қазақтың көрпе-жастығы мен ою-өрнекпен безендірілген заттарын шетелге шығаруды мақсат еткен. 

“Кәсібімді бастау үшін АҚШ елшілігі ұйымдастырған “Қазақ қолөнерін қолдау” деген жобасына қатыстым. Ол жерде сертификат ұтып алғаныммен, қаражатқа қол жеткізе алмадым. Дегенмен мұның өзін мен үлкен жетістік деп бағаладым. Осы тұста қазақ қолөнерін басқа да алыс-жақын елдерге танытуды мақсат еттім. Құрақ көрпемізді, ою-өрнектерімізді дәріптеу арқылы шетелдік нарыққа шығуды көздеп отырмын. Қазақтың құрақ-көрпесін әлемге танытқым келеді. Таяу болашақта осы ойымды жүзеге асырамын деген ойдамын. Жаныма қызметкерлер алып, бизнесімді одан да биік деңгейлерге шығаруды көздеп отырмын”, – дейді әйел. 

Айта кетсек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдер 1 сәуірден қарашаға дейін қабылданады. Биыл Алматыда бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 950 грант бөлінген.  Мемлекеттік қолдауға 29 жасқа толмаған азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар ие бола алады.  Өтінімді business.enbek.kz порталы арқылы жолдауға болады. Өтінімді қарау мерзімі – 10 жұмыс күні. Грант сомасы 1 225 200 теңгеге тең.

Грантқа өтініш жолдау үшін мыналар қажет:

  • жұмыссыз ретінде тіркелу немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысқанына бір жылдан аспауы керек;
  • Алматы қаласында тұрақты, уақытша (1 жылдан кем емес) тіркеу қажет;
  • business.enbek.kz порталында тіркелу;
  • бизнес-жоспар.

Гранттарды комиссия шешімі негізінде Халықты жұмыспен қамту орталығы береді. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарды келесі критерийлер бойынша бағалайды:

  • бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
  • өткізу нарықтарының пысықталуы;
  • бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
  • кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
  • жаңа жұмыс орындарын ашу.
Талқылау