Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өркениеттен құр қалдық": Жол, су, газ мәселелерінің шешілмегеніне наразы қызылордалықтар жанайқайларын жеткізді

Қызылорда қаласына қарасты “Еңбек” саяжайының тұрғындары өркениет игіліктерінен құр қалдық деп ашынады. Тұңғыш Президенті саябағының маңында тұратын жандар асфальт жол мен газдың жоқтығына ызаланады. Мұндағы жұртшылық ауыз суды да тасып ішуге мәжбүр. Көпшілік осы уақытқа дейін өзекті мәселелерін шенеуніктерге айтып келеді. Алайда еш нәтиже болар емес. Қызылордалықтардың назын Stan.kz тілшісі тыңдап қайтты.

"Еңбек” саяжайы қаланың сыртында орналасқан. Мұндағы жер құнарлы, аяқ су да келіп тұр. Осыдан болса керек, жыл сайын осы аумаққа көшіп келушілердің саны артуда. Алайда тұрғындарды көгілдір отынның жоқтығы мен ауыз судың тартылмағандығы да қынжылтады. Оған жол азабын тағы қосыңыз.

Қызылорда қаласының тұрғыны Света Жаханқызы "Еңбек" саяжайына 2016 жылы көшіп келген. Қазір отбасымен бірге тұрып жатыр. Зейнеткер әсіресе қыстың күні қатты қиналатындарын жасырмайды. Өркениет дамыған заманда күл шығарып, от жағуға мәжбүр.

"Бұл жаққа газ мүлдем келмеген. Үйімізде кішкентай балаларымыз бар. Сол себепті қыста үзбей от жағамыз. Көмірдің бағасы жыл сайын қымбаттап бара жатыр. Сатып алуға барсаң, қойманың алдында ұзын-сонар кезек. Суды да тасып ішеміз. Құдықтың суын шаруашылыққа ғана пайдаланамыз, асқа қолдануға жарамайды", - дейді зейнеткер.

Бүгінгі күні саяжай тұрғындарын жол мәселесі қатты алаңдатады. Мұнда мүлдем асфальт жоқ. Өткен жылы сала мамандары тас сеуіп кеткендей болыпты. Алайда, одан мәселе толығымен шешіле қоймаған.

"Жауынды күндері көлік түгілі, өзін жүре алмайсың. Тас төсегенімен, барлық көшелерге жөндеу жұмыстары жасалған жоқ. Біз Тұңғыш Президент саябағының дәл жанында тұрамыз. Бірақ мұнда не газ жоқ, не су жоқ, не жолымыз дұрыс емес. Бізді биліктегілер ұмытып кеткенге ұқсайды. Жыл сайын бау-бақша егетін едік. Соңғы жылдары Сырдарияда су болмаған соң, бұл кәсіпті де қойдық", - деп ашынады Бағдат Әлімқұлов есімді тағы бір тұрғын.

Қызылорда қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, өткен жылы қалалық  мәслихаттың кезекті VII сессиясында "Еңбек" бау-бақша серіктестігін қаланың бас жоспарына енгізу бойынша шешім қабылданды. Бұл саяжайдағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді екен.

"Өткен жылы ұзындығы 2,0 км болатын кіре-беріс жолына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал ауыз су желісі бойынша да ЖСҚ әзірлеуге өткен жылы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба сметалық құжаттары әзірленуде. Осы жоба аясында 3,923 шақырым ауыз су желісі тартылатын болады. Жол құрылысы бойынша да ЖСҚ әзірлеуге ағымдағы жылы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 2,57 шақырымды құрайтын жол құрылысы қазіргі таңда сараптамадан өткізілуде. Осы мөлтек ауданның малта тас жол құрылысына сараптаманың оң қорытындысы дайын болғаннан кейін облыстық бюджеттік өтінім жолданатын болады", - деп мәлімдеді Қызылорда қаласының әкімдігі.

Талқылау