Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүкті мұғалімді соққыға жығып, баласын түсірген: Түркістан облысында мектеп директоры қызметінен босатылды

Түркістан облысындағы мектептердің бірінде мұғалімдер арасында жанжал шығып, директор қызметінен босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Скриншот: “Еуразия” телеарнасы

Айта кетсек, Түркістан облысы Шардара ауданында мектеп директорының орынбасары жүкті қызметкерді әріптестерінің көзінше соққыға жыққан болатын.

Жаға ұстатарлық оқиға Көксу ауылында болды. Мектеп мұғалімі директордың орынбасарын ұрып-соқты деп айыптады. Айтуынша, осыдан кейін ол түсік тастаған. 

Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Шардара ауданындағы Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі С. Жақыпованың Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған бейнеүндеуін қарады.

"Мектеп директорының орынбасары мен мұғалімнің арасында педагогикалық жүктемені ұстаздар арасында бөлуге байланысты дау туындаған", – деп хабарлады департамент мамандары.

Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясының директоры М. Қаныбеков қызметінен босатылды. Директордың орынбасары Р. Мұсалиеваға қатысты 409-бап бойынша "Педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде құрмет көрсетпегені үшін" әкімшілік іс қозғалды.

Шардара аудандық соты директордың орынбасарына 30 АЕК көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Қазіргі уақытта мектеп директорының орынбасарын қызметінен босату туралы мәселе сотта қаралып жатыр.

Айта кетері, мектептер заң жүзінде әкімдіктердің қарамағында. Білім басқармаларының басшыларын әкімдер тағайындайды. Ал басқарма басшылары мектеп директорларын тағайындайды. Сондай-ақ қаржыландыру да әкімдіктердің құзырында.

Талқылау